ЖҮРЕК пен ӨКПЕНІ ҚАТЕРДЕН САҚТАҢЫЗ

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 1237
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Зиянды әдеттермен күресіп, денсаулығын күту әркімнің өз қолында. Бүгінде шылымқорлыққа қарсы күрестің түр-түрі бар. Біреу тәуелділіктен арылу үшін никотин пластырь тағады, біреу топ құрады, енді біреу ынталандыратын кітап оқиды. Мамандардың пікірінше, адам темекіге тәуелділіктен қаншалықты ерте арылса, соншалықты ұзақ өмір сүреді.

Негізінде, денсаулықты сақтап, ұзақ өмір сүру үшін алдын алу шараларына ден қойған жөн. 
Көптеген адамдар ауруы асқынбайынша дәрігерге қаралмайды. Бірде уақыттың тығыздығы қолбайлау болса, бірде өз-өзін емдеп, әне-міне басылар деген үмітпен жүріп қалады. 
Ресми статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың көпшілігі дәрігерге созылмалы ауыр науқастармен немесе дерті әбден асқынғанда  жүгінеді екен. Жыл сайын ауруханаға түсетін пациенттердің 68 пайызы немесе 2 миллионға жуығы шұғыл жағдайда жеткізілгендер. Бұл ауруханаға түскен әрбір оныншы адамның өмірі қыл үстінде тұр деген сөз. 
Жалпы, елімізде өлім-жітім көрсеткіші бойынша қантамыр аурулары көш бастап тұр. 2017 жылы одан 32 мың отандасымыз көз жұмған. Екінші орынды тыныс жолдары аурулары иеленсе, үшінші орында – қатерлі ісік. Бұлардың үшеуіне де темекі шегу себеп болуы ықтимал.  
Дегенмен, мұның да алдын алуға болады. Ол үшін жыл сайын ішкі ағзаларды тексертіп тұру қажет. Шылымқорлар үшін жүрек пен өкпені бақылауда ұстаудың маңызы зор. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарға көмек ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін ұсынуда. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен кеңесі, көздің көру қабілеті мен қысымын тексеру, қандағы холестерин мен глюкоза мөлшерін анықтау, электрокардиограмма, флюорография мен спирография жасату кіреді. Осы процедуралардың барлығы да ағзада шылым салдарынан болған өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

Гүлжан Мұқашқызы