Тағы да менингит туралы

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 1365
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Сырқаттанушылықтың тіркелуі бойынша сұрақтардың жиілеуіне байланысты менингит тақырыбына тағы да ораламыз. Менингококкты инфекция – түрлі клиникалық көріністермен сипатталатын жіті бактериалды инфекциялық ауру. Сырқаттанушылықтың бірнеше түрлері бар: менингококкты жұқпа – қоздырғышы тек Neisseria meningitidis бактериясы, серозды – әртүрлі вирустармен және іріңді менингит – бактериялармен шақырылады. Инфекция көзі ауру адам немесе бактерия тасымалдаушы. Көбінесе қауіпті бактерия тасымалдаушылар, олардың организмдерінде микробтар бар,  олар өздері ауырмай, айналасындағыларға жұқтырумен қауіпті. 

Менингококкты жұқпа барлық жерде, бүкіл әлемде кездеседі.  Менингитпен әр жастағы адамдар ауырады. Көбінесе сырқаттану жас ерекшелігіне емес, адам ағзасына байланысты. Мысалы, шала туылған балаларға (олар өте әлсіз болғандықтан) менингит өте қауіпті. Сонымен қатар, жиі ауыратын, орталық жүйке жүйесі зақымданғандар, басының немесе арқасының травмасы бар адамдар. Жалпы сырқаттануға әсер ететін факторлардың қатары көп. Жұқпаның берілу жолы – ауа тамшылы (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде). Менингококк қоздырғышы сыртқы ортада төзімсіз.  Микроб сау адамның ағзасына науқас адам немесе тасымалдаушымен ұзақ уақыт бойы қарым-қатынаста болғанда тыныс алу жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді (жанында ұйықтағанда, бірге тамақтанғанда, оқығанда, тәрбиеленгенде). Сырқат жұққан сәттен бастап 1-10 күн аралығында пайда болады. Сырқаттанған адам қоршаған адамдарға бірінші күннен бастап қауіпті. 
Сырқат жедел дене қызуының көтерілуімен басталып (37,5-38,0°C), бастың ауыруымен, мұрын бітуімен, жұтыну кезінде ауру сезімімен сипатталады. Сонымен қатар, тағам қабылдаумен байланыссыз көп реттік құсу болады. Жас балаларда құрысулар дамиды. Егерде иммундық жүйесі төмендеген болса микроб ары қарай қанға өтіп, аяқта, жамбаста, дененің қырында жұлдыз тәрізді, басқанда жоғалмайтын қызыл (көгерген) бөртпелер пайда болады. Ары қарай бүйректің зақымдалуымен, бас миының қабынуымен, инфекциялық-токсикалық шокпен, ауыр жағдайда өліммен аяқталатын менингококкты инфекцияның ең  ауыр түрі – менингококкты  сепсис дамиды. Сырқаттанғаннан кейін – саңыраулық,  балаларда саңырау, мылқаулық, кей кезде сал ауруы, бас миының зақымдалуы дамиды. 
Жоғарыда көрсетілген белгілер пайда болса үй жағдайында емдеу шарасымен айналыспай, сол сәтте медициналық көмекке жүгініп немесе «Жедел жәрдем» көмегін шақырту қажет. Неғұрлым білікті медициналық көмек көрсетілсе, аурудан сауығу нәтижесі тез әрі тиімді болады. Жас ерекшеліктеріне қарамастан науқастарды ауруханада емдейді. Емнің нәтижелілігі ауруханаға уақытылы жатуға және емнің тағайындалуына байланысты. Алдын алу шаралары тым қарапайым болғанымен  жеке бас тазалығын сақтап, қолды жуғыш заттармен мұқият тазалау қажет. Жиі таза ауада серуендеп, адамдар көп жиналатын орындарға: сауда, ойын-сауық кешендері мен мәдени-көпшілік шараларға баруды шектеу  маңызды. Инфекциялық сырқаттанушылықтар, оның ішінде менингококк инфекциясы бойынша туындаған сұрақтарға облыс орталығы Талдықорған қаласында орналасқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы базасындағы Саllе center (8 728 2 411212) және аудан, қалалық медициналық ұйымдардың қауырт желілері жауап береді. 

Е. Сыдыманов,  
облыстық қоғамдық  денсаулық сақтау департаментінің басшысы