Ескелді ауданының орталық ауруханасы облыс бойынша «Озық тәжірибелі орталық» деген жүйені іске асырады. Медицина мекемелерінің арасында компьютерлік жүйені жетік меңгеріп, өте сауатты қолданады. Сонымен қатар, блокты-модульді емхана да алғаш осы ауданда құрылды. Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерінің арқасында аудандық аурухана – озық тәжірибелі орталық аталымына ие. Яғни, емдеудің тиімді, заманауи әдістерін енгізіп, оны әріптестеріне үлгі етеді. Және әлеуметтік қызметті де атқарады.
Аудандық денсаулық сақтау саласы тегін медициналық қызмет көрсету аясында 50 түрлі шараны іске асырады. Аурухана 49 039 тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Мұндағы емхана бір ауысымда 600 адамды қабылдай алады. 160 төсек-орынға арналған ауруханада аудан тұрғындарына амбулаториялық – емханалық, алғашқы медициналық-санитарлық, мамандандырылған жедел және шұғыл консультациялық-диагностикалық көмек және зертханалық диагностикалық қызмет көрсетіледі.
Аудандық ауруханада 89 дәрігер, 467 орта және кіші медициналық персонал жұмыс істейді. Ескелдіде 9 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт және 13 медпункт бар. Мамандар алдын алу шаралары, алғашқы медициналық көмек, қантамыр аурулары, қатерлі ісік сырқаттарын анықтап, емдеу шараларына ерекше көңіл бөледі. Сәуле Рысбекқызы қантамыр, онкология, әртүрлі тұрмыстық жазым салдары өлім-жітімнің көбеюіне себеп екенін айтады.
Озық тәжірибелі орталық деп аталуының бір себебі, мұнда әлеуметтік сала қызметкерлерінің көмегі күшейтілген. Әлеуметтік сала мамандары жағдайы ауыр, психологиялық көмек керек отбасыларды тізімге алады. Оларды қиындықтан шығару жолдарын іздестіреді.Себеп анықтағаннан кейін оған қандай көмек көрсету керектігін басқа да балалар ісімен айналысатын бөлім басшыларымен ақылдасып шешім қабылдайды. Мысалы, отбасындағылардың ішінде ішімдікке, есірткіге тәуелді адамдар болса ұл-қыздарды балалар үйі, интернаттарға орналастыру жолдарын қарастырады. Себебі, бұл жағдайда балалардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Тізімдегі отбасылар 1-ші тәуекел топ, 2-ші тәуекел топ, үшінші топ болып бөлінеді. Балалардың денсаулығы, уақытында екпе салдыру назарға алынады. Ас-суы, тұрғын орны дұрыс болмаса жұқпалы дерт меңдеуі мүмкін. Сондықтан ол отбасының әр мүшесінің ауру-сырқаудан ада болуы жіті қадағаланады. Егер баланың сабаққа қатыспау мәселесі туындаса білім бөліміне хабар береді. Кей жағдайда ұл-қыздардың өміріне қауіп төнсе құжаты арнайы комиссияға өткізіледі. Олар отбасында тәрбие бере алмайтынын ескеріп, кейбір ата-ананы бала бағу құқынан айырады. Әлеуметтік мамандар балаларына екпе жасатпайтындармен де жұмыс жүргізеді. Олармен жұмыс істеудің өз қиындығы бар. Міне, осылардың барлығын әлеуметтік сала мамандары іске асырады.
Ауданға соңғы жылдары облыс әкімінің грант бөлуінің арқасында 7 дәрігер қызметке келген. Ауыл дәрігерлеріне 10 млн. теңге көлемінде грант бөлінеді. «Алакөл, Ақсу, Қаратал аудандарына осы гранттың арқасында бірнеше дәрігер келіп, білікті мамандармен толығуда. Қазіргі уақытта ауданда 6 дәрігер жетіспейді. Алдағы уақытта да емханалар пайдалануға беріледі. Шымырда жаңа емхана салынуда. Бүгінде құрал-жабдықтар орналастыруда», – дейді аудандық аурухана директоры. Ауданда соңғы жылдары 10 блокты-модульді емхана құрылған. Аудандық аурухана 95 пайыз құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Соңғы жылдары Оңтүстік Кореямен денсаулық сақтау саласы бойынша меморандумға қол қойылды. Дәрігерлер жарты жылдан тәжірибе алмасып, оқып келіп жатыр. Хирургияда бүйректегі тасты үгіту, ерлердің зәр шығару жүйесі сырқаттарын емдейді. Сондай-ақ, мекемеде қатерлі ісіктің анализіне зерттеу жүргізетін зертхана да сапалы қызмет көрсетеді. Шындығын айтсақ, осының барлығы мекеме директоры Сәуле Рысбекқызының мамандығына деген адалдығы мен талап қоюының арқасында іске асып жатқан жетістік.
Аудандық аурухананың кешенді жылжымалы емханасы барлық елді мекенді аралап, ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Мұнымен қатар ауданның бірнеше үлкен емханасында зертхана ашылған. Яғни, анализді өткізгеннен кейін сол мекемеде нәтижесі түске дейін шығарылады. Бұл да үлкен жетістік.
Гүлжан ТҰРСЫН
Ескелді ауданы
Фото: emhana8.kz