Мақсатымыз - сапалы қызмет көрсету

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1616
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүгінде ел  медицинасы даму үстінде.  Бұрын шетелде жасалатын оталар бүгінде өзімізде қолға алынды. Біздің ақжелеңді абзал жандар жүрекке ота жасауды шебер меңгерді. Көзге ота жасау үшін бұрынғыдай ай бұрын кезекке тұрмайсың. Қол, аяқ буынын ауыстыру озық үлгімен жасалуда. Соңғы жылдары алынған заманауи аппараттар сырқатты ерте анықтап, нақтама қоюға септігін тигізуде.  Талдықорғандағы көпсалалы аурухана да осындай медициналық әмбебап аппараттарды көптеп алып, ағзадағы кеселді ерте анықтауға ден қойған.  Қондырғылармен жұмыс істеу үшін мамандарын оқытып,  сапалы емдеу  көрсеткішіне қол жеткізіп келеді. Аталмыш емдеу мекемесінің  директоры Сәуле Құсмолдановамен жүргізген сұхбатымызда медицина мекемесінің тұрғындарды емдеудегі мүмкіндіктері  мен жаңалықтарын, сырқаттанған жанға қандай көмек көрсететіндерін айтып, ақпараттандырмақшымыз.

– Сәуле Рысбекқызы, көпсалалы аурухананың ашылғанына біраз уақыт болды. Қалыптасу кезеңінен қалай өттіңіздер?
– Қалыптасу кезеңінен береке-бірліктің, қызметке деген адалдықтың арқасында  өттік. Әрине, қиындықтар болды.  Мекемеге білімі мен білігі толысқан мамандар алып,  олардың алаңсыз жұмыс істеуіне  жағдай жасауға тырыстық. Маманға да, сырқатқа да қажетті жоғары технологиялы медициналық жабдықтар алдық.  Ем алушыларға сапалы медициналық көмек көрсетудің  жүйесін қалыптастырдық.  Қалыптасу кезеңіндегі барлық  қиындықты, өзекті мәселелерді  білікті мамандардың, қызметкерлердің атсалысуымен бір арнаға түсірдік. Қазіргі таңда  толық қалыптастық деп айта аламын. 
– Медициналық мекеме тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін қандай көмек жасайды?
– Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы тегін медициналық көмектің стационарлық, стационарды алмастыратын күндізгі бөлім, гемодиализ, диагностикалық клиника және жоғары технологиялық медициналық көмек, жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрлері бойынша жұмыс істейді.  Тоғыз төсектік жансақтау бөлімінде жағдайы ауыр науқастарға жедел медициналық жәрдемдесетін. Ол жерде  жасанды тыныс алуға жәрдемдесетін  барокамера орнатылған. Созылмалы және өткір бүйрек жеткіліксіздігіне ем-шара жасайтын  жеті төсектік гемодиализ бөлімі мекеменің ерекше назарында. Соққы және жара салдарынан зақымданған дене мүшелерін ауыстыру және көз шелін микрохирургиялық тәсілмен емдеу үшін факоэмульсификациялық ота жасалады. Бұл ем-шарамен арнайы оқып, білім алып келген жоғары санатты дәрігерлеріміз айналысады. Талдықорған өңірі бойынша мұндай  лазерлік коррекцияны біздің офтальмолог дәрігерлер ғана жасайды. Ота жасаудың алдында науқастың денсаулығы жіті тексеріледі. Содан кейін ғана  лазерлік ота жасалады.  Бұл отадан кейін сырқаттың жанары  100 пайыз  көріп,  сауығып шығады. Жаңа әдіс бойынша ота жасатуға келушілер саны күн санап артуда.  Ауруханамызда гепатологиялық орталық  ашылды.  Білікті дәрігер  Анжелика Ким   басқаратын  орталықтың басты мақсаты – бауыры ауыратын науқастарға жоғары деңгейде білікті медициналық көмек көрсету. Бөлімде емдеудің заманауи тәсілдерін қолдана отырып, бауыры ауыратын науқастардың диагнозын ерте анықтап, ауыр сырқаттарды диспансерлік бақылауға алады.  
– Мамандарыңызға ем алушылар басқа облыстардан да келіп жатқан көрінеді. Сыры маманның біліктілігінде ме, жоқ емхананың қызмет көрсету сапасында ма?
– Біздің ауруханаға өңірден және басқа облыстардан науқастар келіп ем алады. Ол жағдай бізді қуантады. Жоғары дәрежелі мамандар мен озық технологиялы құралдардың көмегімен  2016 жылы стационарда 7 865, ал 2017 жылы 12 491 науқас ем қабылдаған.  Яғни, емделушілер саны 1,5 есеге артқан. Себебі, дәрігерлеріміздің 30 пайызы, ал медбикелердің 32 пайызы жоғары санатты мамандар.  Сонымен қатар, ауруханада науқастарға барлық жағдай жасалған. Аурухана бөлмелері жылы, таза және дәрі-дәрмектердің кең сұрыптамасы бар. Мұны бар жақсылық науқастардың игілігі үшін деген аурухананың міндетінен байқауға болады. Соңғы уақыттарда Германия, Корея және Польша елдерінен білікті профессорлар келіп, іс-тәжірибе алмасуда. Осының барлығы ауруханаға оң әсерін тигізуде.
– Жаңа құрал-жабдықтар, заманауи технологиялар алып жатқан көрінесіздер. Олардың маңыздылығына, сырқатты анықтау, ем жасау мүмкіндігіне тоқталсаңыз.
– Біздің ауруханамызда заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар Германия, Жапония және Ресейден әкелінген. Олардың көбі  лапароскопиялық операцияларды жасауға арналған. Дәрігер лапароскопия оптикалық құралдарының (гастроскопия немесе лапароскоптың) көмегімен  заманауи хирургиялық оталарды  ішкі ағзаларды тексеру арқылы жүргізеді.  Лапароскопия дегеніміз –  дәрігер іш қабын кеспей,  ағзадағы кеселді аппаратпен тексеруі. Лазерлік эксимерлі офтальмологиялық аппарат жүйесі барлық көз жанарында ақауы бар жандарға үлкен көмек көрсетуде. Яғни, көз жанарын лазерлі түрде қалпына келтіреді. Соңғы үлгідегі магнитті резонанстық және компьютерлік томография көмегімен ағзаға тексеру жүргіземіз. Бұл – рентген  және  гамма-сәулелеріне қарағанда қауіпсіз.  Клинико-диагностикалық лаборатория биохимиялық, иммунологиялық және гематологиялық анализдерді тез анықтайды. Мекеме тізбекті полимеразды рекцияны жасайтын германиялық құрылғылар жүйесімен жабдықталған.
– «Аурудың емі – саудың сәлемі» деген тәмсіл бар. Медицина қызметкерлерінің дәрімен емдеуден басқа, науқастың жан дүниесіне үңіле отырып, жылы сөзімен  емдеу біліктілігі де  болуы керек.  Осы жағына қаншалықты мән беріледі?
– Әрине, мен аурухана директоры ретінде денсаулық сақшыларының адамдық қасиетіне ерекше  мән беремін. Біздің қызметкерлер үнемі біліктіліктерін арттырып отырады. Осындай жаңа әдістің бірі – науқастармен психологиялық тұрғыда жұмыс  істеу.  Оларға  медициналық тұрғыдан ғана көмектесіп қоймай,  тез сауығып кетуі үшін жылы сөзбен қолдау көрсету. Бір сөзбен айтқанда,  жағдайын түсінуге тырысу. Медициналық қызметкерлер арасында адами этиканы білу  мен медициналық этиканы зерделеу, сонымен қатар, дәрігердің әріптестерімен және науқаспен өзара әрекеттесуінің нормалары, медициналық этиканың негізгі принциптері қарастырылып, ауруханамызда  жиналыстар, семинарлар өтіп тұрады.
– Жедел ем жасау, тұрғындардың денсаулығын жақсарту барысында алға қойған мақсаттарыңызбен бөліссеңіз.
– Мақсатымыздың бірі – сырқаттарды  қабылдағанда   TRIAGE (ТРИАЖ) жүйесін қолдану.  Аурухананың қабылдау бөліміне науқастар мақсатты емделу және жедел түрде  түседі. Азаматтарға жедел ем жасау – емдеу үдерісінің бастапқы, ең негізі сатысы. Сондықтан, қабылдау бөліміндегі жағдай жіті қадағаланып тұрады.  Ауруханада науқастардың жарақат жағдайына байланысты қабылдауды реттеу, оларды топқа бөлу жүйесі, яғни, «TRIAGE»  (топқа бөлу) үдерісі енгізілген. «TRIAGE»  жүйесі 3 санаттан тұрады. Оның біріншісі, жедел  медициналық көмек көрсету. Яғни, бір сағаттың ішінде өліп кетуі мүмкін, ауыр халдегі науқастар. Оларды қабылдайтын орын қызыл түспен белгіленген. Яғни, шұғыл медициналық көмек. Өміріне аса қауіп жоқ науқастарды қарау орны  сары түспен белгіленген.  Кәдімгі қалыпты медициналық көмек. Өз күшімен қозғала алатын науқастарды қабылдау орны жасыл түспен белгіленген. Топтастыру жүйесі шұғыл көмек көрсетуді  жеңілдетеді. Сонымен қатар, қабылдау бөлімінде медициналық арбалар мен төсектердің әрқашан дайын тұруы  және медициналық қызметкерлердің ұйымшылдықпен жұмыс істеуі өте маңызды.
– Емханада халыққа қызмет көрсету электронды жүйемен іске асуда. Сондай-ақ, тұрғындарға  медициналық қызмет көрсететін Call-орталық ашылды. Осы қызметтердің тиімділігі, қалай жүгінуге болатындығы жайлы айтсаңыз.
 – Ауруханада «МИС Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесі  жұмыс істейді. «МИС Жетісу» денсаулық сақшыларының қызмет сапасын жақсарту және  науқастардың  ауру тарихын  бақылау мақсатында орнатылған.  Бұл – ақпараттық жүйе медициналық мекемелерді кешенді автоматтандыруға арналған.  
Талдықорған қалалық емханасының базасында тәулік бойы жұмыс істейтін науқастардан  (8 800 080 88 28,  8 7282 41 2292) өтініштер мен  шағымдарды қабылдауға арналған бірыңғай медициналық ақпарат орталығы жұмыс істей бастады.  2017 жылдың маусымынан бастап медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін  «Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы» базасында Call-орталығы қайта дислокациядан өткізіліп, ашылды. Қазіргі уақытта оған  59 медициналық мекеме қосылған.  Орталық аймақтағы тұрғындардың хабар алу деңгейін арттыру және амбулаторлық-емханалық ұйымдардың қызметінің ерекшеліктеріне қатысты мәселелерді шешуге арналған. Біздің орталыққа өтініш білдірген кез келген науқас міндетті түрде оның сұрағына немесе шағымына жауап  алады.  Call-орталықтың міндеттеріне мына жайттар кіреді.  Облыс тұрғындарына  медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы ақпарат береді. Жұртшылықтың келіп түскен шағымдарын қабылдап, өңдеп және талдайды. Call-орталықта қоңырауларды 4 оператор қабылдайды.   Онда психолог пен сарапшы дәрігер  жұмыс істейді. Олардың барлығы арнайы дайындықтан өткен. Call-орталық телефоны: 88000808828,   8 (7282) 41-12-12. Тәулік бойы қоңыраулар  қабылданады. Қоңырау шалу тегін.
– Мекемеде  дәрігер, орта буын медицина маманы жеткілікті ме? Маман тарту,  оларға  әлеуметтік тұрғыдан көмек көрсету жайы қалай шешімін табуда?
– Мекемеде жансақтау бөлімінде, анестезиолог-рениматолог және травматолог  дәрігерлер жеткіліксіз. Білікті мамандарды тарту мақсатында ай сайынғы баспана шығынын төлеп береміз. Қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасын арттыру мақсатында мекеме қаржысы жеткілікті болғанда сыйақы береміз. Жыл сайын жас мамандарды қызметке шақыру үшін аурухана басшылығы Қазақстанның медициналық университеттеріне мамандар жәрмеңкесіне  барады. 2017 жылы ауруханамызға  27 дәрігер жұмысқа орналасты және олар қазіргі таңда науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде. 
Денсаулық сақтау саласы жыл санап әлемдік тәжірибелерді үйренуге, заманауи қондырғыларды меңгеруге ден қоюда. Бұл орайда, біздің де жеткен жетістігіміз әріптестеріміздікінен кем емес.  Болашақта да облыс, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін мамандарымызды оқытып, білімін жетілдіріп, жаңа қондырғылар алуға күш саламыз. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Сөз арасында...

– Хоббиіңіз немесе бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?
– Бос уақытымда кітап оқығанды,  суда жүзгенді ұнатамын және пианинода  ойнаймын.
– Ата-ана алдындағы парызыңыз...
–Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ата-анамның алдындағы парызымды қанша өтедім десем де аздау сияқты көрініп тұрады.  Солар салған жолмен, тәрбиемен келе жатқаным да парызымды өтесем деген мақсаттан туған арман жолы. 
 –  Дәрігер  ретіндегі басты ұстанымыңыз?
Әр уақытта сырқат жанға барлық күшімді, білімімді салып  көмектесу.  Гиппократ антын жоғары дәрежеде орындау.  Жақсылық жасау. 
– Адам бойындағы қандай қасиетті  ерекше бағалайсыз?
– Кез келген адам үшін ең асыл қасиет – адамгершілік пен сабырлылық.  Адамгершілігі бар адам ешкімге қиянат жасамайды. Ал сабырлылық барлық мәселенің шешімін табудағы алтын қазық. 
–  Мекемедегі мамандарға  қоятын негізгі талабыңыз?
Мекеменің ұжым болып қалыптасуында  ауызбірліктің атқаратын рөлі зор. Себебі, ауруханада 560  қызметкер бар. Әрбір бөлімше қызметкері өзінің  міндетін дұрыс орындап, ешкімнің ар-намысын таптамаса ұжымның болашағы жарқын.  Әрине,  маман ретіндегі  міндетті орындау – басты талап. 

 

Гүлжан ТҰРСЫН