БАРЛЫҚ ДЕРТТІҢ ДАУАСЫ БАР

Уақыты: 12.10.2018
Оқылды: 5292
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ол белінен жүре алмай қалды. Мүгедектіктің қамытын киді. Бірақ түйсігінде сауығып кететініне сенімді еді. Сәті түскен күні дертінен құлан-таза айығатынына бір құдіретті күш шүбә келтіртпейтін. Дәрігерлердің айтуынша, оның денесіндегі кеселдің аты – «грыжа». Айтуларынша, L-4, L-5 бел омыртқа зақымданған. Дәрігердің қорытындысына сенсек, дерт меңдеп алған, емдеуге келмейді. Жалғыз жол – ота жасатып байқау. Мәдетханның сырқатына медицинадан көмек болмайтынын білген Қаскелең қаласында тұратын Еркінхан інісін емдеуді өз қолына алды. Жалпы емшілік бұларға нағашыларынан берілген қасиет еді. Аналары Мәдәния көз тиген, тіл тигенді үшкіріп-ақ емдейді. Сонымен, Еркінхан кеселдің  нүктесі мойын омыртқада екенін анықтайды. Омыртқаның зақымдануынан төменгі жаққа қан дұрыс бармайды. Еркінхан қолымен уқалап отырып, омыртқаның қисайған жерін тапты. Бар күшімен, еппен оны орнына салды. Төрт жыл жүріп-тұруы, қозғалуы мұң болған жігіт бір айда  «атша шауып» кетеді. Сол кезден бастап Мәдетқан ӘМЕТХАНҰЛЫ өзі де басқалардың тән ауруын емдеуге күш салады. Әсіресе, өзі сияқты қан айналымы бұзылған, белі ісінген (грыжа) сырқаттарға бар білім-білігін салып көмектеседі.

Бүгінде түрлі жарақат алу, көлік апаттары, оқыс қимыл салдарынан  омыртқаның зақымдануы, медицина тілінде  грыжа сырқатының көбейгендігі рас.  «Бармаған жерім жоқ, белімнің ауырғаны қоймады. Енді ота жасатудан басқа амал қалмады. Бірақ пышақ тигізген жаман болады деп жатады. Не істерімді білмеймін», – деп таусылып жүрген адамдарды  жиі кездестіреміз.  Медицинадан көмек болмаған соң  халық емшілеріне барып жатады. Осындай  қолы шипалы жан Ескелді ауданының Шұбар ауылында бар екен дегенді естіп, ел мақтаған емшіні көрмекке бардық. Кезек күткен адамның қарасы біршама.  Отырғандар емшінің ерекшелігін айтып, тауыса алар емес. Өзін Манат Көпежанов деп таныстырған жігіт ағасының қандай сырқатпен келгенін сұрадық.

– Балам туған кезде дәрігерлер құлатып алған. Содан «жағы сынған» деген диагноз қойды. Емдеді.  Бала жиырмадан асқанда басым ауырады дегенді шығара бастады. Жап-жас болып не деген ауру деп ұрсып қоямын. Ол жата береді. Ештеңеге зауқы жоқ.   Кейіннен жүрсем басым айналады дегенді шығарды.  Оның ағзасында бір кеселдің барына сене бастадым. Содан бір жылқышы атамның айтуымен осы кісіге келдік.  Мәдетхан емші баламның  мойын омыртқасын бас бармақпен басып көріп, кеселдің омыртқада екенін айтты. Мойын сүйегіне  бармақ қаттырақ батқанда баланың жан дауысы шықты. Біз емханаға барып, рентгенге түстік. Шынында да мойын омыртқасының төрт қанаты шытынап, сынған екен.  Жас өскен сайын орнынан қозғалып кеткен сүйек басқа ағзаны қинай бастаған. Қанның  жүруі қиындаған. Соның салдарынан басына оттегі жетпей,  ауру меңдеген.  Мәдетханға қайта келдік. Ол мойнының қисайған жерін бармағын батыра отырып тауып, уқалап,  қалпына келтірді. Қазір балам сап-сау.  Емшіге алғысым шексіз. Содан сырқаттанудың зардабын шегіп жүрген басқа да  туыстарыма айта бастадым. Жиен қарындасым демікпеден зардап шегетін. Оңтүстік Корея, Германияға барып емделіп, сырқатына дауа таппады. Содан осы кісіге келдік.  Дем жетпеуінің себебін  арқа омыртқасының зақымдануынан деп түсіндірді. Бір сағаттық емнен кейін жиенім қалыпты демала бастады. Себебі, омыртқа қысылған жағдайда адам терең тыныстай алмайтын көрінеді. Емшінің айтуынша, ауа кеуденің ортан шенінен кері қайтады. Бүгінде жиенім еркін тыныстайды.  Осында келіп жүріп, спортпен шұғылданамын деп аяқ-қолына зақым келтіріп алған жігіттердің емделіп, еркін жүріп-тұратын жағдайға жеткеніне куә болдық, – дейді ол ағынан жарылып.  

Біз арнайы тілдесуге барған емшімізге: «Бүгінде созылмалы сырқат көбейіп кетті. Мысалы, жүрек, қан қысымы, өт толу, остеохондроз, жемсау, асқазан, менингит, талма дерті, тағысын тағылар. Сырқатқа шалдығудың себебі не деп ойлайсыз?» деген сауал қойдық.   

– Ренжімеңіздер, мен дәрігерлердің  «созылмалы  сырқат» деп нақтама (диагноз) қоюына қарсымын. Ол емнің себебін таппай, кеселді  жоя алмағандықтан айтқан сөз.  Нақтама қойып береді де: «Жылына екі рет квота арқылы ауруханаға жатып, осы  ем-домды алып тұруыңыз керек.  Дәріні үзбеңіз», – дейді. Бұл: «Маған енді келмеңіз. Осы ауру сіздің түбіңізге жетеді», – деп үкім шығарғанмен тең. Мұхаммед пайғамбар: «Кәрілік пен ажалдан басқа барлық аурудың емі бар», – дегенін естен шығармау керек. Көп сырқат мойын омыртқаның зақымдануынан туындайды. Қазақта: «Сол шаруаны тындыра салайын десем мойным жар бермей тұрғаны»,  «Желкеңнен тартып тұр ма?» деген сыңайлы теңеулер бар. Бұл сөздер  жалқау, шаршай беретін адамға қарата айтылады. Сөздің төркіні  мойын омыртқадан қанның жүрмей қалуы, содан барып дененің енжар тартуы жайлы айтылуда. Мойын омыртқа зақымданса жоғары, төмен қан жүрмей қалуы мүмкін. Әсіресе, бас пен бел зақымданады. Медицина «грыжа» деп жүрген кеселді өз сөзіммен түсіндірсем, омыртқадағы қан тамырының  қысылуынан төменгі омыртқаларға қан жетпей қалады. Соның салдарынан  сүйек арасындағы шеміршек ісінеді. Ал омыртқаны түзегеннен кейін төменгі шеміршек жайлап қалпына келеді. «Грыжаны» омыртқаның зақымдануы немесе омыртқаның ауытқуы деп түсінген жөн, – дейді емші.

– Бел омыртқа мен бүйрек жақын орналасқандықтан, адамдар бел ауруын көбінесе бүйрекпен шатастырып алып жатады.  Оны қалай ажыратуға болады? – дейміз  дене мүшелерінің бір-біріне әсері жайлы толығырақ білгіміз келіп.

– Естеріңізде болсын, адамның ішкі ағзасының сырқаты бірден байқалмайды. Мысалы, бүйректің қызметі бұзылса адамның денесі ісінеді. Аяқ-қол домбығады.  Яғни, зәр дұрыс жүрмейді деген сөз. Ал бүйрекке тас байланса, ол батып ауырады. Ұйқыбез бен көк бауыр сырқаттанса іш кеуіп, кекірік көбейеді.  Өт пен бауыр дұрыс жұмыс істемесе дене сарғаяды. Кейде қышынады. Адам денесі көк тамыр, артерия және жүйке тамырлары арқылы ми  мен ағзалар аралық тұтастық тауып, өзара тығыз байланыс орнайды.   Ағзадағы барлық  мүше мидың пәрменімен басқарылады. Бір ағзаның ритмі бұзылса,  екінші немесе бірнеше ағзаның  жұмыс ырғағын бұзып, дене тепе-теңдігін бүлдіреді.  Омыртқаның қисаю салдарынан жұлын қысылады.  Жүрекке баратын тамырдың қысылуынан астма сырқаты пайда болады. Жүректің соғысы да бұзылады. Мысалы, менингит кеселі суық ауа мен ыстық ауаның алмасқан кезінде киімді ауа райына сай кимегеннен жабысады. Қазақша мұны – «ілме» дейді. Өкпек желдің салдарынан арқа терісі қысылып қалады, – дейді Мәдетхан.

Емшінің ағза жайлы ойы қызықтырғандықтан денеден қан алудың қасиеті жайлы да сұрақ қойған едік. Ол  қан алу арқылы көптеген сырқатты жазуға болатынын айтты.

– Қан алу арқылы қанды сұйылтуға,  тазалауға, қан айналым жүйесін реттеуге мүмкіншілік туады, – дейді ол. Ал қан бүкіл ағзаны байланыстырушы. Яғни, байланыс жақсарса, ағзада үндестік орын алады.  Қан алу – қазақта бағзы заманнан келе жатқан ем.  Мысалы, қазақ: «Ағын суда арамдық жоқ, тоқтап тұрған  су – арам» дейді. Тоқтап,  бір орында ұзақ тұрған сұйықтыққа қашан да кесел әуес.  Сондықтан қан алу арқылы ағзаны жаңаша жұмыс істетуге болады.  Тұрып қалған қан алынғаннан кейін адамның  денесі  жеңілдеп, көз жанарының көруі жақсарады.

Мәдетхан емші әңгіме барысында  ас – адамның арқауы екенін айта келіп, өзінің диетаға қарсы пікірін білдірді. «Адам ағзасы суық тиюге,  жұқпалы ауруларға қарсы тұру үшін иммунитеті мықты болуы тиіс.  Иммунитет көтерілу үшін адам құнарлы ас  тұтынған жөн. Қазақтың ағзасы  етті аңсап тұрады. Гендік құрылымы солай қалыптасқан. Оған жеміс-жидегің ас емес.  Алма-алмұрт, жүзімді қосымша дәрумен үшін тұтынуы мүмкін. Ал семіз малдың етін жемеген, қымыз бен сүт ішпеген ағза ауруға өзі-ақ шалдығады.  Адамның гемоглобині төмендеп, көзі алайып, беті қансызданып, басы айналып, әлжуаз күй кешеді. Ағза бір тағамды аңсады ма, яғни, сол астың құрамында сіздің ағзаңызға қажет элемент бар.  Мысалы, дәрілік, қуаттылық қасиеті зор құйрық майды холестирин көбейеді, семіз малдың етін «қандағы май құрамы бауырымызды құртады, қан қоюланып кетеді» деген сақтықпен жемей, ат-тондарын ала қашады. Ал ата-бабамыз: «Арық малдың жілігі татымайды», – деп семіз, дәрумені көп, құнарлысын жеген.  Бірақ солардың майлы ас ішкеннен өмірі қысқарып қалған жоқ қой. Сау мал қашан да етті, майлы келеді. Ал сіңірі шыққан, көтерем қойды ауру-сырқаудан сау деп қалай айтасың? Құнарсыз асты талғажау етудің салдарынан  асқазаны ауыратын, басы айналатын, ішегі бүретін, жанары нашар көретін әлжуаз ұрпақтың өсіп келе жатқанына күнде куә боламыз. Оларды дәрігерге апарсаң ананы іш, мынаны іш деп химиялық препараттарды жазып береді.  Иісі, дәмі денені тітіркендіретін жасанды дәрумендерді алып, айықпас  аллергияға ұшырап жүргеніміз тағы рас, – дейді емші  пікірімен бөлісіп.

Емші сынған, қисайған жерді малдың майымен-ақ жібітіп, орнына келтіреді. Ешкімге дәрі бермейді. Дәрінің бауыр, бүйрекке зияндығын да айтады. Мақаланы оқыған соң емшіге барғысы келетіндердің бізге хабарласа бастайтынын ескеріп, Мәдетхан Әметханұлының байланыс нөмірін қоса беруді жөн көрдік. Ұялы телефоны: 87056709512, 87756861399.

Мәдетхан емші көбінесе түйсігіне сенеді. «Сырқат адам алдыма келгенде санам басқаруымен қай жерінде кесел барын сеземін. Қолым   дерт меңдеген жерді өзі табады. Қанды қай мүшеден алатынымды сезу арқылы білемін», – дейді. Оны көзіміз  көрді. Жетпіс жастағы апамның барғандағы кейпі мен жарты сағаттық емнен кейінгі күлімдеп, тойға баратындай еңсесін тік ұстап, ширақ қимылмен адымдағанын  байқадық. Алғысын жаудырып жатыр. Баламмен жасты екенсің деп Мәдетхан емшінің бетінен де сүйіп алды. Тән сырқатынан шаршаған адамның қуанғанын көргеннің өзі бақыт екен ғой деп қалдық.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ескелді ауданы