ТАЛҒАРДА ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 18.10.2018
Оқылды: 1562
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талғар ауданында 103 мүмкіндігі шектеулі бала тіркеуде тұрса, енді олардың 25-і Талдыбұлақ ауылындағы «Нұр әлем» күндізгі болу орталығына баратын болды. Іші-сырты талапқа сай безендіріліп, «Айгөлек», «Балапан», «Жұлдыздар» атты жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінген мүмкіндігі шектеулі балалардың күндізгі болу орталығы негізінен үш қабаттан тұрады. Орталықтың стандарт талаптарына сай болып, қалыпты жұмыс жасауы үшін бюджеттен 3 жылға 211,4 млн. теңге қаржы бөлінген.

Орталық салтанатты тұсаукесер рәсімін жасады. Шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбдуәлиев, аталған басқарманың Талғар аудандық бөлімінің басшысы Жәден Байысбаев, «Ақниет» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінің директоры Тұрлыхан Сұлтанов, Белбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Қазтай Сарғожаев және Талғар қаласындағы орталық мешіттің наиб-имамы Айдын қажы Жеңісұлы қатысып, ұжым қызметкерлеріне ізгі тілектерін білдірді.

- Менің анам Әділет Нұрбекқызы ұзақ жыл бойы қоғамдық істермен айналысты. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандармен қоян-қолтық жұмыс істеді. Ол кісінің адамға қайырымдылық жасаудағы кең пейілділігі бәлкім маған да дарыған болар, өзім осы жолда қызмет етуге бекем бел будым, – деді «Нұр әлем» күндізгі болу орталығының директоры Саят Нұрсейітов. – Біздің орталықтың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар күндізгі уақытта сапалы әлеуметтік қызмет түрін пайдалана алуы. Олардың оқуына, жазуына тәжірибелі мамандар көмектеседі. Осы тұрғыда іс-тәжірибесі бар 24 қызметкер еңбекке алынды. Ата-аналардың да алаңсыз жұмысын жасауына, тіпті, бірлі-жарымының бізде еңбек етуіне мүмкіндік туды. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде қаланған орталық балалар денсаулығының оңалуына септігі тиетін қажетті құрылғылармен жабдықталғандығын айрықша атағым келеді. 25 төсекпен есігін ашқан орталықтың келешекте керегесі кеңейіп, осындай қамқорлыққа зәру балаларды көптеп алуға жұмыс жасайтын боламыз. Осы орайда, орталықтың ашылуына мүмкіндік жасаған облыс әкіміне айтар алғысымыз шексіз.

- Елбасы өзінің Жолдауларында Үкіметке халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы жұмысты әрі қарай жалғастыра беруді тапсыра отырып, қоғамның көмекке шынында зәру мүшелері – балалар, ардагерлер, мүгедектер, көпбалалы аналарды жауапкершілігіне алып, үнемі қолдау көрсетіп, қарауына алуды міндеттеді, – деген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Жеңісбайұлы орталықтың ашылуына ата-аналар қуанып жатқанын жеткізді. Бұл жерге келетін балаларға педагогикалық және психологиялық көмекпен қатар, дене қозғалысы жаттығуларын жасап, арнайы емдік массаж алып, бір-бірімен қарым-қатынаста болуына жағдай жасалған. Осыған дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемалары тек қана мемлекеттік тұрғыда шешіліп келсе, ендігі жерде жеке кәсіпкерлер мен мецанаттар да өз үлестерін қоспақ. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс.  

- Алла тағаланың жаратқан мүмкіндігі шектеулі балаларымызды шетте қалдырмай, қоғамның мүшесі ретінде қамқорлық жасау – сауаптың үлкені. Жетімін жылатпай, кемтарға кең пейіл таныту – қанымызда бар қасиет. Сондықтан, бұл игі істеріңізге Алла берекетін берсін. Ем алып, демалатын балаларға Алла шипасын берсін, – деді орталық мешіттің наиб-имамы Айдын қажы. 

Орталықтың ашылу салтанатында сөз кезегін алған ата-аналар ауданнан осындай жайдарман жаңалықты ұзақ күткендіктерін айтып, жанарларына жас алды.

- Мен осында тәрбиеленуші Айзеренің әжесі  боламын. Балаларымыз осы күнге дейін төрт қабырғаға қамалып, теледидарға телміргеннен өзге ештеңе көре алған жоқ. Енді осы орталыққа келгелі дос тауып, емдік дене қозғалыстарын жасап, қуанып қалғандарын көрдік. Сондықтан да көкейдегі күмәнді сейілтіп, үміт ұялатқан орталық басшысы Саят Саматұлына ата-аналар атынан ризашылығымызды білдіреміз, – деді Мира Темірғалиева.

Балалардың жүздеріне күлкі үйіріліп, аяғынан нық тұрса науқастың азабын тартқан ата-ана үшін зор бақыт болмас па еді?! Ал осы жолда қарекет етіп, демеу болуда «Нұр әлемнің» ұжымы қал-қадірінше қамқорлық жасауды өз міндеттеріне алған. Ендеше, іске сәт дейміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы