Дәрігерлер сынға түсті

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1105
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Талдықорған қалалық филиалы  дәрігерлер арасында спартакиада ұйымдастырды.  Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан ЫСҚАҚ  шақырылды. 

Жарысқа Ақсу, Кербұлақ, Қаратал аудандарының, Талдықорған қаласының командалары қатысты.   Онкологиялық  диспансер, туберкулезге қарсы диспансер, облыстық аурухана,  қалалық емхананың  командалары мереке көркін қыздырды.  Аталмыш кәсіподақ филиалының төрағасы Асан Шалтабаев  жарысқа қатысушы, жанкүйер және қонақтарға лайықты еңбекті қолдау  туралы мәлімет берді.   
Оның айтуынша, кәсіподақ ұйымдары   еңбек адамдарының  құқықтарын қорғауға әрқашан дайын.  Сондай-ақ,  жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы мәселелер дер кезінде шешімін табады.  Іс-шараның  мақсаты – ұжымдар арасында достық  қарым-қатынасты берік ұстау, жасөспірімдер мен ата-аналардың денсаулығын нығайту, еңбеккерлердің қоғамдағы беделін арттыру, кәсіподаққа деген сенімді нығайтып,  рөлін  күшейту. Төраға жарысқа қатысушыларға сәттілік, әділқазы алқасына әділдік, қатысушыларға жеңіс тілеп, сөзін қорытындылады.  
Жыл сайын аламанға шығып,  күштерін шыңдап жүрген командалар  тартысты ойын көрсетті. Мәреде 7 команданың ішінен ең  мықты деген   үштік анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.  Бірінші орын  «ССС» қалалық емхана командасына бұйырды.  Екінші орын «Жалын» облыстық ауруханасына, ал үшінші орын   «Позитив»   онкологиялық диспансерінің еншісіне тиді. 
Жарысқа қатысқан барлық командалар ескерусіз қалмай, ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Шараға қатысқан көпшілік кәсіподақтың  игілікті шарасына ризашылықтарын білдіріп тарқасты. 

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ