ЦИФРЛАНҒАН АУРУХАНА

Уақыты: 26.10.2018
Оқылды: 2494
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ауруханалар мен емханаларда науқастардың сағаттап кезекте тұруы және дәрігерлердің қағазбастылық қарбаласы сияқты ескі әдістер бірте-бірте азайып, артта қалып барады. Олқылықтың орнын цифрлы қызмет түрі алмастыруда. Міне, осындай жаңа жүйеге бетбұрыс жасап жатқан медициналық мекемелердің бірі ретінде Еңбекшіқазақ ауданындағы орталық аурухананы атағымыз келеді.

Біз аталған мекемеге арнайы барып, ондағы дәрігерлердің жаңашыл жұмыстарымен танысып қайттық. Аурухана есігінен ішке енгеннен-ақ заманауи технологиялардың жетістіктеріне куә болдық. Емханадағы қабылдау бөлімінің алдында тікесінен-тік тұрған адамдардың ұзын сонар кезегі мұнда жоқ. Бәрі толық ретке келген. Тұрғындар арнайы орнатылған терминал арқылы талон алып, залдағы орындықтарға емін-еркін жайғасуда. Олар өз кезегінің келгенін электронды таблода көрсетілген талон саны арқылы біледі. Одан кейін дәрігерлердің қабылдауына кіреді.

Аурухана фойесіндегі бұрышта «Цифрландыру посты»  және «Өзін-өзі қамтамасыз ету аймағы» жұмыс істеп тұр. Емханаға келген науқастар өздері тапсырған анализ қорытындысын осында отырған менеджерлердің көмегімен бірден компьютер арқылы шығарып алады. Сонымен қатар, дәрігерлердің жұмыс істеу кестесін және оларға жазылу уақытын да осы жерден жүзеге асыратын мүмкіндікке ие. Бұларды айтып отырған себебеміз, жаңа жүйе көпшілік талаптарын қанағаттандырып отыр.

Әңгіме барысында орталық аурухананың бас дәрігері Жәмиля Әбеуова мұндағы жұмыстармен жан-жақты таныстырды. Аталған медициналық мекеме 2011 жылы жаңа ғимаратқа көшіпті. Содан бері халық игілігіне қызмет көрсетуде. Көлемі 37845 шаршы метр аумақты алып жатқан аурухана кешенінде тоғыз бөлім жұмыс істейді. Хирургиялық, кардиологиялық, травматологиялық, нейроинсульт, терапевтік, педиатриялық, инфекциялық және реанимация бөлімдерінде дәрігерлер науқас жандарды тәулік бойы тоқтаусыз қабылдауда. Сонымен қатар, аудандық орталық аурухана қарамағына Бәйдібек би ауылындағы емхана, аймақтағы 38 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік және 25 медициналық пунк кіреді. Олардың бәрі интернет жүйесімен толық қамтылған. Орталықпен тікелей онлайн байланыс орнатуға кең жол ашылыпты.

Жәмиля Санаққызы өңірде медициналық қызметтің цифрлық жүйеге көшіп жатқанын айта келіп, әңгімесін ары қарай сабақтады.

– Алда тұрған жоспарлар аз емес. Жаңа жылдан бастап ауданда «Damumed» цифрлы мобильді қосымшасы  іске қосылады. Қазір біз осы орталықпен келісімшарт жасаудамыз. Бұдан былай тұрғындар бұрынғыдай емханаға қоңырау шалып, дәрігердің қабылдауына жазылып жатпайды. Енді осы қызмет түрлерін ұялы телефонындағы «Damumed» бағдарламасы арқылы жүзеге асырады. Бұл екі тарапқа да өте тиімді. Мәселен, дәрігер қабылдауына жазылған науқастың медициналық тарихымен алдын ала танысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мобильді қосымшада арнайы «қауіп-қатер түймешесі» орнатылған. Егер науқас үйде отырып аяқ астынан жағдайы нашарласа, ұялы телефонындағы көрсетілген түймешені басады. Бұл хабар бірден жедел жәрдем орталығына келіп түседі. Шұғыл көмек көрсетіледі. Сондықтан, медицина саласындағы цифрлық жүйенің тиімділігі зор, – дейді Жәмиля Әбеуова.

Орталық ауруханада 2173 адам жұмыс істейді. Оның 299-ы жоғары санаттағы дәрігерлер, 1245-і орта және 285-і кіші медициналық қызметкерлер. Әр бөлім заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған. Мұндағы компьютерлі томография, цифрлы рентген, маммограф және УЗИ аппараттары ауру белгілерін дәл анықтауға септігін тигізеді. Сондай-ақ, 68 «жедел жәрдем» автокөлігі, оның ішінде екі кардиореаномобиль, жылжымалы медициналық кешен және флюромобильдер тез әрі жылдам қызмет көрсетуге ыңғайлы.

Бұл жердегі нейроинсульт орталығы мен инфекциялық бөлімді ерекшелеп айтуымызға болады. Себебі, аталған бөлімдер көрші аудандар тұрғындарына да шапағатын тигізуде. Мәселен, Райымбек, Кеген және ¦йғыр аудандарынан да науқастар келіп ем алуда. Осыдан-ақ, оларға артылар жүктің оңай емес екені айтпаса да түсінікті. Нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Арман Ештаев бастаған білікті хирургтар өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай атқару үшін тер төгуде. Махамбет Абдуллаев басқаратын инфекциялық бөлімнің дәрігерлері де өз ісінің нағыз білгірлері десек артық айтқандық емес

– Біз кардиология бөлімін күшейтуге мүдделіміз. Оған белсене кірісіп жатырмыз. Осы күнге дейін аудандық ауруханада жүрекке ота жасалып көрмепті. Бұл хирургтар тапшы деген сөз емес. Мамандарымыз жеткілікті. Кадрлардың сапасына айтар уәжіміз жоқ. Мәселе, ота жасайтын озық технологиялық аппараттардың жоқтығында болып отыр. Өкінішке қарай, жедел инфаркт алған науқастарды шұғыл емдеу үшін арнайы кардиореаномобильмен Алматыдағы аураханаларға жеткізуге тура келеді. Басқа амалымыз жоқ. Ал, қалаға жеткенше қаншама уақыт өтетінін өзіңіз де жақсы білесіз. Мұндайда әр сағат, әр минут қымбат. Таяу арада мемлекеттік және жекеменшік серіктестік аясында осы мәселе оң шешімін табады деген сенімдеміз. Жүрек талмасына ұшыраған науқастарға өзімізде ота жасайтын күн алыс емес, – дейді Жәмиля Санаққызы.

Бас дәрігер әңгіме барысында аудан аумағындағы амбулаториялардың жағдайларына тоқталды. Ақши, Қазақстан, Азат, Қырбалтабай, Тауқаратұрық, Ташкенсаз, Ащыбұлақ және Түрген ауылдарында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаториялар көпшіліктің көңілінен шығуда. Бәйдібек би ауылындағы ауруханаға күрделі жөндеу жасалыпты. Алдағы 2025 жылға дейін аудандағы медициналық қызмет көрсету орындары түгелге жуық жаңартылады деп жоспарланып отырғанын айтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс» атты биылғы Жолдауында учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл ауылдық жерлердегі дәрігерлер үшін жағымды жаңалық. Жолдау мазмұны жергілікті дәрігерлерді де жігерлендіріп отыр.

– Дәрігер ретінде Елбасымыз алға қойған міндеттерді толықтай қолдаймын. Өйткені, учаскелік медицина қызметінің көтерер жүгі қашанда ауыр. Мен өзім де алғашқы еңбек жолымды осы қызметтен бастағанмын. Қазіргі кезде отбасылық дәрігерлердің санын арттыру қолға алынуда. Мәселен, аудандағы 177 учаскенің 35-інде отбасылық дәрігерлер қызмет көрсетуде. Келесі жылдан бастап олардың саны 95-ке жетеді. Бүгінде ауруханамызға қызметке келген жас мамандар аз емес. Мұндай үрдістер бізді қуандырады. Оларға қамқорлық жасау ортақ міндетіміз. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үй алу кезегіне 220 қызметкерді тіркеуге қойдық. Сөз соңында айтарым, қай қоғамда болмасын, дәрігерлік мамандықтың мәртебесі әрқашан биік тұрады. Сондықтан, денсаулық сақшылары өздерінің аттарына сай жауапкершіліктерін арттырып, халыққа қызмет көрсету сапасын көтере береді деген сенімдемін, – деп әңгімесін түйіндеді Жәмиля Санаққызы.

Жаңашылдыққа жаны құмар орталық аурухананың бас дәрігері Жәмиля Әбеуованың тұшымды сөздерінен көп нәрсені аңғардық. Ол кісі медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі ғана емес, мекеме басшысы ретінде де сан түрлі ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, жақсы нәтижелерге жетуде. Білікті басшы басқаратын ұжымға сәттілік тіледік.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы