Бақытжан САҒЫНТАЕВ: "НАУҚАС АДАМДЫ АРЫ-БЕРІ ТАСУДЫ ТОҚТАТУ ҚАЖЕТ"

Уақыты: 26.10.2018
Оқылды: 1351
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Үкімет басшысы Талдықорған қаласына ат басын бұрған сапарында облыстағы медицина саласының қызметкерлерімен жүздесті. Салтанат сарайында өткен жиынды ашып, жүргізіп отырған Премьер-Министр Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы ел ахуалының жақсаруына, экономикамыздың жанданып, ауылшаруашылығы, құрылыс салаларының жаңғыруына бағытталғанын айрықша атап өтті. Сонымен қатар, Жолдауды жүзеге асыру үшін атқарылар міндеттер мен тапсырмаларға жалпы халық болып жұмыла кірісу қажеттігін жеткізді.

– Өздеріңіз білесіздер, Елбасы биылғы Жолдауында медицина саласының сапасын арттыру, халықтың салауатты өмір салтын ұстануға қолайлы жағдай туғызу керектігіне баса мән берді. Бұл бағытта атқарылып келген істен атқарар дүниеміз көп. Ауылдан ауданға, ауданнан облыс орталығы немесе үлкен шаһарға науқасты таситын жағдайлар біздің мемлекетте болмауы қажет. Ол үшін алдымен білікті маман даярланып, әрбір өңірдегі емханалар мен медициналық қызмет көрсету пункттері салынып, заманауи техникалармен толық қамтамасыз етілуі керек, – деді Үкімет басшысы.

Науқас адамды ары-бері тасуды тоқтатып, сапалы маман даярлауды меңзеген Бақытжан Әбдірұлы Шығыс Қазақстанға барған сапарында сол өлкенің әкімі жаңадан емхана салғанын, әрбір медициналық қызмет көрсету орындарының материалдық базасын нығайтқанын, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, ғимараттарға күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп шыққанын мысал ретінде келтірді. Мәселен, істен шықпаған ғимараты бола тұра жаңадан тағы біреуін тұрғызғанша, өңірдегі әрбір емханаға не жетіспей жатқанын анықтап, сол бойынша материалдық базаны нығайту, жабдықтарды жаңалау жұмыстарын күшейткен жөн.

Алматы облысында құрылыс саласы қарқынды дамып, көз тартар нысандар шаһар ажарын айшықтап тұрғанын жеткізген Үкімет басшысы осыдан үш жыл бұрынғы сапарында Оқушылар сарайына тәнті болғанын атаусыз қалдырмады. Осындай нысандардың кей өлкеде жоқ екенін де жасырмаған ол Амандық Ғаббасұлына облыстағы әрбір емхана бүгінгі заман талабына сай жабдықталып, материалдық базасын нығайту керектігін жеткізді. Ал өз кезегінде Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Сәуле Құсмолданова сөз алып, жаңа ғимараттың материалдық базасы, әлеуеті алпауыт мемлекеттердің емханаларынан ешбір кем еместігін баяндап, Елбасының медицина саласы қызметкерлеріне жағдай жасап отырғанына шексіз ризашылығын білдірді. Орайы келгенде сала қызметкерлері де сөз алып, Жолдаудағы әрбір тапсырма мен атқарылар міндеттің ел ахуалының жақсаруына бағытталғанына шексіз қуанышты екендігін айтып қалды. Мәселен, облыстық медициналық жедел жәрдем орталығының директоры Біржан Оспанов:

– Елбасы Жолдауында айтылып өткендей, Медициналық жедел жәрдем орталығы қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында модернизациялау жұмыстарын жүргізуде. Облысымызда модернизациялау және ақпараттық жүйені дамыту қарқынды қолға алынып, өзіміз құрастырған автоматты түрде хабарлама тарату программасы енгізілді. «Жедел жәрдем» шақыруды бақылау барысында алғашқы секундтан бастап медициналық көмекке мұқтаж жанға жәрдем беруге әзір тұрамыз.  Бүгінгі күні аталмыш жүйе облысымызда 50 пайызға  енгізілген, – деді.

Айта кетелік, бүгінгі таңда облыстағы  811 денсаулық сақтау мекемесінде 20 мың медицина қызметкері жұмыс істеуде. Медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында барлық жерде цифрландыру енгізіледі. 511 медициналық мекемеде (63 пайыз) 22 ақпараттық жүйе қолданылуда. Облыстық және аудандық ауруханалар интернетке қосылған. Компьютермен қамтамасыз ету көрсеткіші 94 пайызды құрайды. Оны 100 пайызға жеткізу мақсатында үстіміздегі жылы 1024 компьютер алынбақ. Кезекке тұру мен бюрократияны жойып, қызмет сапасын арттыру мақсатында жыл соңына дейін «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесін енгізу және 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды денсаулық паспортын қалыптастыру, қағазсыз құжат айналымына ауысу жоспарлануда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 млрд. теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылуда. Кадр тапшылығын төмендету үшін соңғы үш жылда облысқа 472 дәрігер тартылып, 151 пәтер кілті табысталып, 433 көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін 215 жеңілдетілген несие берілген. Сонымен қатар, өңірімізде өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жеткен.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, Елбасы Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру мәселелері дер кезінде қолға алынғанын айтып өтті. Сондай-ақ, өңірімізде құрылыс, ауылшаруашылығы салаларын одан әрі жандандыру жұмыстары ары қарай жалғасатынын айтты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы