ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ ДӘРІГЕР ЕДІ

Уақыты: 26.10.2018
Оқылды: 1967
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Мәңгі өмір болмайды, мәнді өмір болады. Маралбек Мейірбеков облыстың денсаулық сақтау саласын жандандыруға, тұрғындардың өмір сүру жасын ұзартуға бар білім-білігін жұмсады. Күн-түнмен санаспай еңбек етті. Облыстың  жаңа еңсе көтерген шағында саланы басқарған маманның иығына нардың жүгі  артылды. Алғашқы медициналық көмекті жандандыру, елдің демографиялық өсуіне жағдай жасау, ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлу міндеттелді. Әлеуметтік маңызы бар туберкулез, қатерлі ісік, жүрек қан-тамыры сияқты сырқаттарды ерте анықтап, жаңа басталған сатысында диспансерлік есепке алып, емдеуді жолға қойды. Мұның барлығы Үкіметтің «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілді. Оның сыртында медициналық мекемелерге жөндеу жұмысын жүргізу,  кадр тарту, мамандардың білімін көтеру сынды міндеттер тұрды.

Маралбек Білісбекұлы өңірдегі еңбек жолын облыстық аурухананың  травматолог-дәрігер қызметінен бастады. Кейіннен аталмыш бөлімді басқарды. Жаңашылдық, іскерлік қасиеті үшін сала жетекшілері Маралбек Білісбекұлына облыстық аурухананы басқаруды жүктеді. Осы жылдары ол облыстық ауруханаға адам денсаулығын түзеуге арналған заманауи құрал-жабдықтар алғызды. Ішкі жұмыстарын жүйеледі. Ал 2008 жылы  облыс басшылығы денсаулық сақтау басқармасын басқаруға тағайындалды. «Іс тетігін маман шешеді» деген тәмсіл бар. Ендеше, денсаулық сақтау басқармасы басшысының негізгі міндеті – маман жетіспеушілігі мәселесін шешу. Бұл орайда ол ұшан-теңіз шаруа атқарды. Жетіспейтін медицина мамандарын әкелу  үшін елдегі іргелі оқу орындарына барып,  болашақ дәрігерлермен сөйлесіп, әлеуметтік көмек көрсететінін айтып, облыс халқына қызмет етуге ықпал етті. Маралбек дүниеден өтерінің алдында біздің газетімізге берген сұхбатында: «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы  басталғаннан бері біздің облысқа 292 жас маман келді. Олардың 70-і пәтермен қамтамасыз етілді. Қалғандарына үй салуға жер телімдері берілді. Облыс әкімінің грантымен 50 студент медициналық жоғары оқуда орнында білім алуда. Биыл алғашқы 4 студент  емдеу мекемелеріне жұмыс істеуге келді», – деген екен жас мамандардың келгеніне қуанып.

М. Білісбекұлы облыста жамбас сүйегінің буынына эндопротез жасау технологиясын енгізді. Мақала жазу барысында онымен бірге қызмет істеген дәрігерлерге жолығып, иық тіресе бірге жүрген күндері,  жұмыла атқарған жұмыстары жайлы айтып беруін өтінген едік. Көпсалалы аурухананың бас дәрігері Сәуле Рысбекқызы: «Маралбекпен 10 жыл  қызметтес болдым. Жұмысына өте жауапты еді. Бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырмайтын. Осының нәтижесінде облыстық денсаулық сақтау саласы алдыңғы үштіктің қатарында жүретінбіз. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда  2010-2011 жылдары барлық көрсеткіш бойынша республика көлемінде жақсы көрсеткішке ие болып, бірінші орынды иелендік. Шамасы келгенше елге көмектескенді жақсы көретін.  Ауыр сырқатқа шалдыққан бірнеше адамның Германия, Оңтүстік Кореяда емделуіне  мүмкіндік жасады.  Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухананың құрылысына ақша жетпей қалғанда министрлікке барып, жағдайды түсіндіріп жүріп, қалған қаржыға қол жеткізді. Сол аурухананың игілігін бүгінде халық көруде. Медицина саласына көп еңбек сіңірді. Мәкеңмен қызметтес болған күндерімізді сағынышпен еске аламыз», – деді.

Маралбек Білісбекұлы денсаулық саласын басқарған жылдары әртүрлі ауруларды тексеру мақсатында облысымызда 2 санитарлық авиация бөлімі, 14 телемобильдік орталық, 5 медициналық жылжымалы кешен,  4 компьютерлік томограф, 14 маммограф, 30 СИПАП аппараты, 73 кювез және   өкпені жасанды түрде демалдыратын 30 аппарат алынды. Сол жылдары облыстық аурухананың жарақатты емдеу бөлімінде жаңа технологиялар пайдаланыла бастады. Ол - эндопротездеу және остеосинтездеу құрылғылары. Осы жылдары облыста  «Кезексіз емхана» бағдарламасы жұмыс  істей бастады. Бұл жүйенің жетістігі – тұрғындар телефон арқылы дәрігерге кезекке жазылып, өзіне ыңғайлы уақытта тексерілуге бара алады. Әдіс әлі күнге дейін қолданыста.  Нәтижесін беріп келеді. Маралбек Білісбекұлы өңірде жүрек қан-тамыр сырқатын емдеуге барынша күш салғаны белгілі.

Нәтижесінде Талдықорғанда кардиологиялық орталық ашылды. Орталықтан 20 төсектік кардиохирургия бөлімі ашылды. Сондай-ақ, екі облыстық және үш аудандық ауруханада 20 төсектік нейроинсульттік бөлім ашылды. Тұрғындар арасында инсульт сырқаты көптеп белең алуына байланысты осы орталықты ашу қажеттілігі туындаған еді. Маралбек ол шаруаның да шешімін тапты. Облыстық аурухана ішінен инсульт орталығы ашылды. Сол орталықты басқарып келе жатқан Салтанат Мықтыбаева: «Маралбектің адамгершілігі жоғары еді. Бастықпын деп шіренбейтін. Біреу мәселесін айтса, бала сияқты шапқылап кететін. Екеуміз Ресейден кандидаттық дисертацияны бірге қорғадық. Медицина ғылымдарының кандидаты болды. «Үсікті кешенді емдеу», «Денсаулық сақтау саласы аумақтық жүйесінің қызметін оңтайландыру» тақырыптарында ғылыми еңбектер жазды. Облыстың денсаулық саласына  ең керекті мәселелерді дер кезінде шешті.  Травмотология саласын жандандырды.  Өңірде бірінші рет жарақатты емдеу жөнінде халықаралық конференция өткізді. Өмірі барша жұртқа үлгі», –  дейді сағынышпен еске алып. Маралбек Білісбекұлы «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен, сондай-ақ, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Маралбек бауырымыздың аты да, халық денсаулығы үшін сіңірген еңбегі де ұмытылмайды. Есімі құрметпен аталады.   Ол іскерлік қасиеті, адамгершілігі, кісілігі және кішілігімен ерекшеленген жан.  Артында қалың қауым халқы қалды. Тәлімді тәрбие берген асқар тау ата-анасы қалды.  Жары Римма мен асылдың атын шығарар үш ұлы бар. Ендеше,  ол мәңгі тірі,  көптің жүрегінде  сақталары сөзсіз.

Гүлжан ТҰРСЫН