Түйткілді мәселелер қаралды

Уақыты: 29.09.2016
Оқылды: 1874
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау мен облыстағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндіктері қоғамдық кеңестің отырысында қаралды.  

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің мамандары дәріханалардағы дәрі-дәрмектің қымбаттауы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дәріханаларға қолжетімділігі, медициналық қызметтердің тегін түрлері турасында сөз қозғады. Олардың айтуынша, елімізде бөлшектеп сатумен айналысатын жекеменшік дәріханаларда дәрілік препараттардың бағаларын бекіту туралы белгілі бір талаптар заңдастырылмаған. Сондықтан да, жекеменшік дәріхана сөресіндегі дәрі-дәрмектің бағасын бақылау аталған департамент құзыретіне кірмейді. Мәселен, облыста 106 дәрі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен бағасы тұрақты болуы тиіс деп бекітілген. Алайда, бұл шешімге көңіл бөліп жатқан жеке кәсіпкерлер шамалы. Тіпті, жоқтың қасы десек те болар. Халық күн санап қымбаттаған бағадағы дәрілерді қолданып келеді. Шарықтаған баға саны жыл емес күн санап өзгеруде. Бұл – қоғамдағы басты мәселенің бірі. Ал дәріханаларда сатылған сауданың сапасына келер болсақ, бұл да көңіл көншітпей тұр. «Ерлік» мүгедектер қоғамының төрайымы Роза Ақжаркенова таяуда ғана дәріханадан 3 мың 500 теңгеге дәрі алып, үйіне келіп ашса құмыраның ішінде ешқандай да сұйықтық болмай шыққан. Нәтижесінде жай ғана қорап пен құмыраға бола осыншама қаржы төлеген. Бұл – бір ғана адамның басынан өткен оқиға. Ал қаншама адам осындай оқиғамен бетпе-бет көрісіп жатыр. Міне, даудың басы осыдан басталды. Облыста дәрілік заттардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасына талдау жүргізетін арнайы зертхана жоқ. Дәрі-дәрмектің сапасы тек Алматы қаласындағы дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медицина техникасын сараптау орталығының сынау орталығында тексеруден өткізіледі. Аталған зертхана қазіргі заманға сай құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Ал жергілікті тұрғындардан түскен арыз-шағым бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің мамандары дәріханаларға жоспардан тыс тексеріс жүргізе алады. Алдағы уақытта дәріханалардағы олқылықтың орнын толтыру үшін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалымен бірігіп, нәтижелі іс атқаратын болады. 
Мүмкіндігі шектеулі жандар барлық ортада өздерін емін-еркін сезінулері тиіс. Сондықтан да, мүгедектерге инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін «Кірме тобы», «Қозғалыс жолдары», «Қызмет көрсетілетін аймақ», «Санитарлық-тұрмыстық орынжайлар», «Ақпарат және коммуникация құралдары», «Объектінің аумағы» бойынша жұмыстардың жоспары әрбір аудан мен ауылда жүргізілуі тиіс. Осыны алға тартқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қаныбек Айтжанов бүгінгі таңда жүйелі жұмыс өз нәтижесін бергенін айтты. Басқарма  басшысының айтуынша, Қазақстан Республикасында «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының  25-бабының 2-тармағына сәйкес жаңа салынған ғимаратты қабылдау комиссиясының құрамына барлық аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі кіргізіліп, осы аталған мәселе бақылауға алынған. Мүгедек жандардың еркін қозғалуы үшін бюджеттен 286 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға облыстағы 400 нысанның алдына пандустар орнатылуы тиіс. Әзірге оның 300-і дайын. Қалғаны жыл соңына дейін аяқталады деп көзделуде. Сондай-ақ, қоғамдық тыңдауда Көксу ауданы Еңбекші ауылдық округі Амангелді ауылының атауын Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева ауылы деп  атау туралы мәселе де қаралды.
Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.