ЖАС МАМАНҒА ЖОЛ АШЫҚ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 1332
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бұтасы саялы, баурайы пейіш бақ дарыған Балқаш ауданының бүгінде тұрмысы түзу, тұрғыны тату. Іле бойлаған елді мекеннің ізгілікке бастар жастарының арқасында іргесі сөгілген емес. Пейілі ақмаржандай аппақ, құшағы даласындай дарқан халқының аузында Алласы, жүрегінде иманы кәміл. Шалғайда жатса да абыройын  асқақтатар жас мамандарды бауырына басып, ауданның келешегі үшін үлкен қадамдарға баруда. Оған осы жолғы іссапарымызда көзіміз анық жетті.

Иә, әңгімеміздің бұл ауанда өрбуінің өзіндік себебі бар. Жақында облыстық денсаулық сақтау басқармасының 524-ші бұйрығына сәйкес Балқаш аудандық орталық ауруханасының директоры болып Дәурен Иманәлиев (суретте) тағайындалды. Осыған орай аудан орталығына облыстық аурухананың директоры Мұрат Рахметов арнайы іссапармен келіп, жаңадан сайланған білікті маманды көпшілікпен таныстырды. Жас болса да талапты хирург-дәрігер Дәурен Жұмазыұлы С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың түлегі. Осыған дейін Боралдай кентінің аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. 
Жиын барысында Мұрат Көмекұлы ауданның осындай жас мамандарға зәру екенін тілге тиек етіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Балқаш ауданы сәні мен әні келіскен киелі мекен. Кешегі ел қалаулысы Дінмұхамед атамыздың топырағы бұл. Сондай әулие адамды дүниеге әкелген жерді бәріміз жақсы көреміз. Бұл аймақтың табиғаты өте көркем. Оның Іле өзенін қуалай өскен бұталы орманы, төрт түлік малға төсін ашқан құтты жайлау қырлары, қоңақжай халқы еріксіз жаныңды баурап алады. «Туған жерім – алтын бесігім» деп туған жерді көркейтуде аянбай тер төккен еліміздің перзенттерінің бір шоғыры осында. Еңбегіне сүйеніп, өзің де солардың қатарында болғың келеді. Ауданды көркейтуге бәріміз күш салайық. Сонда ел сүйсінетін мекенге айналамыз, – деді ол өз сөзінде.
Шыны керек, қазіргі таңда ауданда қажетті мамандықтар бойынша дәрігерлерді тарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Десе де, жоғары санатты маман иелерін табу қиынға түсуде. Бізге берілген мәлімет бойынша 16 дәрігердің орны босап тұр. Соған орай алыстан келіп, жұмыс жасамақ ниетті жастарға есік ашық. Үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалған. Бүгінгі күннің өзінде екі медбикеге баспана беріліпті. Алдағы уақытта тағы бір дәрігер меншікті шаңырағына қол жеткізбек.
Шара соңында Балқаш аудандық орталық ауруханасының жаңа директоры Дәурен Иманәлиев құттықтап келген көпшілікке ризашылығын білдірді.
– Дәрігер болу – өмірлік мұрат. Кез келген адамның қолынан келе бермейтін еңбек. Ең әуелі сен адамдық қалпыңнан айнымауың қажет. Кез келген уақытта көмекке келуге, біреудің өмірі үшін арпалысуға дайын болуға тиіссің. Сондықтан саған үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мен соған сай жұмыс жасауға тырысамын. Елдің артқан сеніміне селкеу түсірмеу үшін бар ынта-жігерімді сарқуға дайынмын, – деді ағынан жарылып. 
Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды ардагер дәрігерлерге облыстық аурухана директоры Мұрат Көмекұлы Алғыс хат табыстап, шараны түйіндеді.

Қабыл Иса