ШАҚАЛАҚТЫҢ ЖҮРЕК ЫРҒАҒЫН ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРЕДІ

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 1348
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

  Талдықорғанда балалардың неонатальді хирургия орталығы ашылды.  Жасыратыны жоқ соңғы жылдары  дүние есігін жаңа ашқан шақалақтардың денсаулығында  кілтипан жиі кездесуде.   Кейбіреуіне  туа салысымен жедел түрде  ота жасауға тура келеді.  Ал, кейбіреуін мүлде орнынан қозғауға болмайды.  Облыста балалар хирургия орталығы болмағандықтан  сыртқы ортаға қалыптаспаған шақалақтарды Жедел жәрдем көлігімен  Алматы қаласына  жеткізуге тура келеді.  Осындай кезде  алыс жолды балалар көтере алмаған жағдайлар жиі орын алып жататын.  Жағдайды дәрігерлер облыс әкімі Амандық Баталовқа айтқан еді. Мәселенің өзектілігін ескерген облыс басшысы жылдамдата орталық ашуға кірісіп кеткен. Міне, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында балалар неонатальді хирургия орталығы денсаулығында ақауы бар 40 нәрестеге бірден көмек көрсетуге кірісті. Барлығы 60 орынға арналған мекемеде екі негізгі бөлім бар. Біреуі – реанимация, екіншісі – ота жасау бөлімі. Реанимация бөліміне лапороскопиялық тұғыр, бейнеколоноскоп, фиброгастроскоп, бронхоскоп, наркоз беретін қондырғы және жаңа туған балалардың   өмірін сақтап қалуға арналған  «Жираф» жатын орны  бар.  Ота жасау блогында ауаны тазалап тұратын қондырғы, сондай-ақ,  кювездің бірнешеуі қойылған.

Жаңа орталық денсаулығында ақауы бар көптеген шақалақтың жүрек ырғағын қалыпқа келтіріп, жарық дүниені көруге ықпалын тигізеді деген сенім талай ата-ананың күмәнін сейілтіп, үмітін ұштады.

 Гүлжан ТҰРСЫН