ҚАТЕРЛІ ІСІК ЕРТЕ АНЫҚТАЛАДЫ

Уақыты: 22.12.2018
Оқылды: 1299
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғандағы көпсалалы аурухана жанынан  «Алматы облысында медициналық ақпараттық жүйені кешенді енгізу» жобасы аясында  қатерлі ісікті ерте анықтайтын орталық ашылды.  Орталықты ашуға Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау  вице-министрі  Лязат Ақтаева арнайы келді.  Заманауи қондырғылармен жабдықталған кабинеттің лентасын қию салтанатына  облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев және  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ қатысты.

Орталық жекеменшік және мемлекеттік әріптестік негізінде іске асырылды.  Оған   2 млрд. 7 миллионнан аса қаржы жұмсалған. Орталықтың жұмысы жайлы  Бауыржан Ербозымұлы мағлұмат берді.
Аталмыш жоба ел Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың  халыққа арнаған Жолауында айтылған үш  маңызды тапсырманы орындауға бағытталған.   Олар: Қазақстан Республикасы  денсаулық сақтау саласын цифрландыру,  онкологиялық дертті халықаралық озық тәжірибелер негізінде  ерте анықтау және емдеу,  медицинаға жасанды интеллект құрылғыларын енгізу.  Аталмыш  орталық  Алматы облысындағы 13 медициналық мекемені цифрлық жүйе арқылы біріктіреді. Олар: Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Сарқан, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле, Талдықорғандағы №1  және №2 қалалық емхана, облыстық онкологиялық орталық пен облыстық аурухана.  Мұнда  компьютерлік диагностика, магниттік-резонанстық томография, рентген, маммография сынды радиологиялық зерттеулердің нәтижесі шығарылады.  Дәрігерлер компьютер арқылы  барлық сырқаттың кеселі жайлы  өз тұжырымдамаларын жасай алады.  Адам  5 миллиметрден кішкене кеселді көре алмайды. Яғни, қатерлі ісіктің бастапқы сатыларын  адам көзімен анықтау қиын. Осындай жағдайда орталықтағы жасанды интеллекті аппаратына дәрігерлер тарапынан «бұйрық» беріледі. Қондырғы сол секундта адамның қай жерінде қатерлі ісік барын анықтап, көк түсті дөңгелекпен сызып, көрсетеді. Содан кейін емделушінің обыр кеселіне шалдығу қауіптілігін пайызбен көрсетіп береді.
Орталықтың ашылуында  вице-министр  Лязат Ақтаева денсаулық сақтау саласы бойынша республикада жекеменшік және мемлекеттік әріптестік негізінде 33 млрд. теңгені құрайтын 110 жобаның  жүзеге асырылып жатқандығын айтты.  Оның екеуі біздің облыста екен.
– Аталмыш жоба шалғай аудандардың халқын обыр сырқатына тексерудегі үздік үлгі. Оларда маман жоқтың қасы.  Жоба бойынша цифрлық жүйеге қосылған 73 қондырғы бар.  Олар кеселді ерте, нақты анықтауға септігін тигізеді, – деді Лязат Мейрашқызы.  
Мұндай жоба осы күнге дейін жапон және түрік елдерінде жүзеге асырылып келген. Біздің кәсіпкерлер бастаманы түрік елімен бірлесіп іске асырып жатыр.  Жобаның негізгі  басымдығына  онкологиялық кеселді ерте анықтау арқылы сырқаттың өмірін ұзарту,  Қазақстан Республикасы  денсаулық сақтау саласының  2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық»   бағдарламасын іске асыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және онкологиялық сырқатты ерте анықтау мақсатында скринингтік тексеру жүргізу жатады.  Жасанды интеллект арқылы  зерттеудің нәтижесінде туберкулез және әйелдердің сүт безі рагін ерте анықтау 13 пайыздан 60 пайызға өседі деген болжам бар. Жоба мемлекеттің қаржысын едәуір үнемдейді. Барлық онкологиялық сырқаттың ішінде өкпе қатерлі ісігі 11,8 пайыз, сүт безі кеселі 13,8 пайыз мөлшерді құрайды. 
Бұған дейін онкологиялық дертті емдейтін дәрігерлердің жетіспеушілігі, зертхананың шалғайлығы сырқатты ерте анықтауға қолбайлау болып келгені жасырын емес. Аталмыш орталық көп кеселді жасанды интеллект арқылы анықтайды.  Кеселді ерте табу емді уақытында жүргізуге септігін тигізеді.  Бұл орайда орталықтың атқаратын рөлі зор.

Г. Мұқашқызы