ТРАВМАТОЛОГ: "99 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕГЕ ОТА ЖАСАДЫМ"

Уақыты: 09.01.2019
Оқылды: 2161
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қыстың түні тым ұзақ. Тәні мен жанына батқан аурумен арпалысқан науқастың кейбірі кірпік ілмей таң атырады. Аядай палатаға күннің әлсіз жарығы қылаң бергеніне іштей қуанатының анық. Түн түндігі түріліп, абыр-сабыр басталады. Әдеттегідей таңғы ем-дом, жуынып-шайыну, тамақтану, сондай-ақ, дәрігерлердің келіп, тексеріс жүргізетінін асыға күтесің. Себебі, дәрігердің бақылауы мен байламында өмірің тұрғандай сезіледі.

Мұндайда қасына ортопедиялық хирургия бөлімшесінің дәрігерлері мен мейірбикелерін ілестіре кіріп, әр науқастың жарақатына, отадан кейінгі жай-күйіне ерекше көңіл бөліп, өзіндік тұжырымын түйіндейтін бөлім меңгерушісі Мейрамбек Оңғарұлының іс-әрекетіне емделушілер аса зор ықылас танытады. Тіпті, осы мезетті асыға күтетіндіктері аңғарылады. Жастығына қарамастан білімді, біліктілігі айқын көрініп тұратын дәрігердің жүректен шыққан жылы сөзі ұйытады.

 – Отаның оңайы жоқ. Енді аяқты ептеп қимылдату керек. Қорынған қор боп қалады. Ал аяқ-қол маңызды мүше. Біздің жұмысымыз аяқталды, ендігі әрекет өзіңізге байланысты, – дейтін бөлім меңгерушісінің байсалды қалпы мен ауруды ширататын әр сөзінен жылылық пен жанашырлықтың лебі еседі.

- Тіземе ота жасалады дегенде есім шығып еді. Қолы жеңіл, емі шипалы, мықты дәрігер екенін естіп, Мейрамбекке келдім. Отаны өзінің жасауын өтіндім. Сөзімді қайтармады, бір мейірімді бала, – деп елуді орталаған емделуші Гүлсара Нағашалина әңгіме тиегін ағытқаны сол екен, палатадағы науқастар бөлімше дәрігерлерінен бастап мейірбике, санитарларына дейінгі ризашылықтарын жарыса сабақтай түсті.

- Мейірбикелері де шетінен мейірімді, өз істерінің нағыз мамандары, – дейді емделуші Гүлнәр.

Гүлсара апаның «мейірімді бала» дегені дәрігердің баласындай мейірім танытқандығынан айтып отырғаны ғой. Әйтпесе, қамал бұзар қырыққа аяқ басқан Мейрамбек Оңғарұлының травматология саласының жілігін шағып, майын ішкені белгілі. Сонау шағыр құмды Қызылорданың топырағынан ақ сәлделі Алатаудың бөктеріндегі Алматыға кеп, С. Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетіне оқуға түсуі бала шағындағы ақ қанат арманының орындалғаны деп білген аяулы анасы Мейрамбегінің қағілездігі мен білімдарлығын бала күннен байқағаннан-ақ «біздің дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессоры» деп еркелете, мейірлене құшағына алатын еді. Сөйтіп, көрегендік танытқан ана арманы орындалғанымен, ел алғысын арқалаған ақ желеңді Мейрамбегінің бүгінгі еңбегін көруді жазбапты.

Бас дәрігер Қанат Марденұлы Тезекбаев басшылық жасайтын Алматы қалалық №4 клиникалық орталықта еңбек еткеніне 16 жылға жуықтаған М.Оңғарұлының жылына 700-ге таяу науқасқа ота жасайтындығы әңгіме арқауына айналды.

- Бөлімшенің өзінде ғана тәулігіне орта есеппен 8-10 ауруға ота жасалады. 25 төсектік бөлімшенің 10-ы жедел жарақат алғандарға арналған. Қыс айларында бұл науқастардың саны еселей түседі. Ал 15 төсек ортопедиялық ауруларға, яғни, сынықтан соңғы немесе туабітті, жүре келе пайда болатын аяқ-қолдың, омыртқа ауруларын емдеуге арналған. Ортопедиялық ота түрлері көп түрге бөлінеді. Біздің бөлімшеде негізінен тізе, иық буындарының артроскопиясы, одан кейін «жалған буын» дейді, яғни, сынықтар кейбір жерде толық бітпей, ойнамалы болып қалады, соларды қайта жасаймыз. Содан кейін тізе, жамбас, шынтақ буындарын алмастыру оталары бар. Сонымен қатар, аяқтағы үлкен башпайдың вальгустық қисаюы болады. Бұл әйелдерде көбірек кездеседі. Сондай деформацияларды ота арқылы түзетеміз. Спорт болған жерде жарақат та көп кездеседі. Сол себепті, спортшыларға көп ота жасалады, – деген Мейрамбек Оңғарұлы аурулардың негізгі факторлары – құлау, ұру, жол-көлік апаты, басқа да жайттар екендігін тілге тиек етті.

Қалған ортопедиялық ауруларға, біріншіден, тұқым қуалау, екіншіден, артық салмақ, үшіншіден, үлкен спорт себеп. Яғни, шектен тыс физикалық күш түсетін спорттан соң осындай ақаулар пайда болады. Стационарда көбінше жедел ота жасалса, дәрі-дәрмекпен емдеу емханаларда жалғасады екен.

- Тәулігіне ең аз дегенде 4, әйтпесе, орта есеппен 6-10 ота жасалады. Бұл бір ғана бөлімшенің көрсеткіші, ал травматологиялық орталықта 7-8 бөлімше бар екендігін ескерсек, күніне 40-қа жуық ота жасалатындығын байқауға болады, – дейді бөлім меңгерушісі.

Мұндағы дәрігерлердің барлығы кәсіби шеберлер. Атап айтсақ, травматолог-ортопед дәрігерлер Біржан Абдалиев пен Валерий Селиванов сынды мамандардың көмегімен көптеген науқастар ауруынан айығуда. Сонымен қатар, аға мейірбике Әлия Нұрсейітова, мейірбикелер Асылай Қалмұратова, Айнұр Оразалы, Пернеш Момбекова, Толғанай Тұяқова, Диана Искакова, Бақыт Жаметова, Әсел Нұрдәулетова, санитар қыздар Ақнұр Күлімбетова, Мадина Анетова, Гүлнәр Суанбековалардың еңбектерін ерекше атау ләзім.

Жыл сайын мамандар кәсіби біліктілігін жетілдіріп, дамыту мақсатында алдымен Алматыдағы медициналық университеттен, одан соң Астанадағы травматология-ортапедиялық институттан дәріс алады. Сонымен қатар, Ресей, Оңтүстік Корея, Польша, Германия, Латвия, қазір Американың мықты деген ғалым-дәрігерлерімен іс-тәжірибе алмасып, білім көкжиегін кеңейтуде.

- Бұдан ертеректе осы елдерге барғанда олардың ота жасау әдіс-тәсілдеріне таңқалатын едік. Осы күні біздің де дәрежеміз солармен деңгейлес бола бастады. Соңғы жылдардағы еліміздің денсаулық сақтау саласындағы соны серпіліс бірқатар заманауи технологияларды игеруімізге, әртүрлі оталарды ойдағыдай меңгеруімізге септігін тигізуде. Әр отаның мыңға жуық ұсақ-түйегі болады. Соның бәрін ескермей, отаның сәтті шығуы мүмкін болмайды. Сондықтан, бұл салада тоқмейілсімей әлі де болса біраз мәселені дамыту қажет, – дейді жоғары санатты дәрігер М.Жұмағұлов.

Отаның сәтті жасалуы кімнің, қайда жасағанында емес, отадан кейінгі асқынулардың болмауына байланысты екендігін айтқан Мейрамбек Оңғарұлы оған науқастың көңіл-күйі мен денсаулығы тікелей себепші екендігіне ерекше тоқталды. Бөлімшеге келетін науқастардың басым бөлігі аяғынан жүре алмай қалған егде жастағы кісілер болатындықтан, көп жағдайда күрделі ота жасалады. Отадан соңғы асқынулардың алдын алу жолдары қарастырылады.

Бұл дәрігерге зор жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Тәжірибесі толысқан травматолог-ортопед дәрігер өзінің еңбек жолында 99 жастағы кейуанаға ота жасағанын айтады. Кәрілікке қарамастан аяғынан нық тұрған науқас бір жылдан соң өз ісінің хас шеберіне алғысын жаудырған екен. Дәрігер болып, халықтың денсаулығына қалтқысыз қызмет етуді мақсат еткен Мейрамбекке: «Мамандықты қайта таңдау мүмкіндігі туса қайтер едіңіз?» – деген сауал қойсақ, ойланбастан: «Травматолог болар едім, есесіне осыған дейін жіберген олқылықтардың орнын толтырар едім», – деп жауап қатудан еш айныған емес. Себебі, ол өзінің мамандығын ерекше қастерлеп, бойындағы табиғи дарынын, білім-білігін науқастың құлан-таза айығуына арнап келеді. Студенттік шағында том-том кітапты жастанып жататын Мейрамбек осы уақытта да ізденуден, оқудан, жаңашылдыққа талпынудан шаршамауда. Отандық медицинаның өркендеуіне, дамуына жастық жалынын, күш-қайратын жұмылдыруды перзенттік парызы деп біледі. Басты ұстанымы да осы.

- Биыл біздің бөлімшеде иық буынын анатомиялық алмастыру отасы жасалды. Сондай-ақ, шынтақтың, яғни, кәрі жілік шыбығының басы езіліп сынған жерге (бұрын сынған жерді алып тастайтын) биыл тұңғыш рет протез қойдық. Бұл Францияның дәрігерлерімен бірігіп, бірінші рет жасалған ота болды. Иықты – француздар, шынтақты – өзім жасадым, – деген травматолог-ортопед дәрігер осыған дейін жинақтаған іс-тәжірибесін ғылыми жұмысқа айналдыру ойда барын жасырмады.

Университет қабырғасында медицина ғылымының кандидаты, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Алматы қаласының Құрметті азаматы Чучуло Анатолий Николаевич, медицина ғылымының докторы, профессор Темірболат Сұлтанбаев сынды мықты ұстаздардың тәлім-тәрбиесін көрген Мейрамбек Жұмағұлов егде жастағы адамдарға арналған гелентологиялық бөлімше ашу қажеттігін де тілге тиек етті. Себебі, егде жастағы науқасқа сәтті ота мен ерекше күтім керек. Осы мақсатта әр науқасқа бір мейірбике мен бір санитар қызмет көрсету керектігі жоспарланған.

Түйіндер болсақ, өмірлік оқып-тоқығаны мен жиған-тергенін қоғамның басты байлығы – адам денсаулығын жақсартуға жұмылдырған М. Жұмағұлов әр күнгі жауапты ісін самайын боз қырау шалған Оңғар қарияның ақ батасымен бастап, шаршауын шаңырағындағы қос құлынының күміс күлкісі, жұбайының жайдары келбетімен басып, келер күнге тың серпін, зор құлшыныспен қадаммен келеді. Елге сіңірген еселі еңбегі де елеусіз қалған емес. Бұған дейін бірнеше марапатқа ие болған білікті дәрігер биыл «Медицина саласының үздігі» атанып, төсбелгісін кеудесіне жарқырата тақты. Біз білікті де білгір травматолог-ортопед дәрігердің тәжірибесі толысып, биіктей беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы қаласы