ОҚУШЫЛАРҒА ӨЗІН-ӨЗІ ҚОРҒАУДЫ ҮЙРЕТТІ

Уақыты: 16.01.2019
Оқылды: 1454
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бразилиялық джиу-джитсуда қолданатын түрлі шабуыл және қорғаныс тәсілдерін мастер-классқа қатысушылар тәжірибе жүзінде үйренді. Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жас спортшылар үшін джиу-джитсудан спорт шеберлігіне үміткер, күлгін белбеу иегері, түрлі жарыстардың жеңімпазы, чемпион Дамир САДЫРОВ жаттығу өткізді.

Шеберлік сабағы джиу-джитсу өнерінің тарихынан, жауынгерлік стилінен, әйгілі спорт тұлғаларымен таныстырудан басталды. Екі сағат бойы Дамир жаңа тәсілдерді көрсетті, спортшылардың дайындықтарын байқап, ақыл-кеңестерін берді. Сонымен қатар, жеңіске жету үшін қандай іс-әрекеттер жасау керектігін айтты.

- Бразилиялық джиу-джитсу - әлемнің барлық елдерінде дамып келе жатқан гуманистік жауынгерлік өнер. Осы спорт өнерімен шұғылдансаңыз, нағыз балуан бола аласыз, өзін-өзі қорғау дағдысын меңгересіз. Сонымен қатар, денсаулығыңызды нығайту үшін де ұстануға болады. Ең бастысы, бұл спорт сапалы күрес жүргізуге үйретеді, - деді Дамир Садыров.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Джиу-джитсу» спорт секциясына 100-ге жуық оқушы қатысады. Джиу-джитсу мектебінің жаттықтырушысы Ернұр Нұрмұхановтың айтуынша, джиу-джитсудан шеберлік сабақтарын оқушыларға үйрету өте маңызды, себебі, бұл спорт бірнеше жауынгерлік өнерді біріктіреді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"