ТЕГІН ТЕКСЕРІСТЕН ӨТІҢІЗ

Уақыты: 21.01.2019
Оқылды: 1248
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жыл сайын жатыр мойны қатерлі ісігі көптеген әйелде анықталады.  Қазірдің өзінде облыс бойынша 520 адам жатыр мойны обырымен тіркеуде тұр. Аталмыш сырқаттың алдын алу барысында облыстық онкологиялық диспансерде «Жатыр мойны  ісігінің алдын алу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өткізілді. Онда 21-26 қаңтар аралығында Ашық есік күні өтетіні айтылды.

Облыс бойынша обырдың бұл түрі сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында. Кесел көбінесе 50-60 жастағы әйелдерде байқалады. Сондықтан, орта жастағы әйелдер жарты жыл сайын арнайы медициналық  тексерістен өтіп тұруы тиіс. Жиында гинеколог дәрігерлер қатерлі дерттің алғашқы белгілері мен пайда болу себептері,  емдеу жолдары жайлы айтты. Алғашқы сөз алған гинеколог-дәрігер Самира Садыкова  жыл басынан бері 73 әйелдің жатыр мойны обырымен тіркеуге алынғанын тілге тиек етті. Ол ағзаға тексерісті ерте  жүргізудің маңыздылығына тоқталды. 
– Сырқатты неғұрлым  ертерек анықтасақ, кеселді  емдеу оңайырақ. Сондықтан, уақытты ұзаққа созбай,  тексерістен жиі өткен абзал. Елімізде 2008 жылдан бері онкологиялық кеселді ерте анықтауға байланысты арнайы жүйе енгізілген. Сол тексеріс негізінде ауру белгілері байқалған жағдайда кеселдің сатысына қарай қажетті ем-домды жасаймыз, – деді дәрігер. Сондай-ақ, Ашық есік күнінде кез келген әйел  обырдың аталмыш түрінен арнаулы тексерістен өте алатынын жеткізді. Ол үшін жеке төлқұжатын өзімен бірге ала келуі тиіс. Жеті күн, яғни, 21-26 қаңтар аралығында диспансер қызметкерлері өздеріне жүгінген кез келген әйелді тексерістен өткізіп, сырқатқа қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 
 
Әсем  ЖҰМАҚАН 
Талдықорған қаласы