МЕНИНГИТ БИЫЛ ҚАЙТАЛАНА МА?

Уақыты: 23.01.2019
Оқылды: 1234
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жыл басынан бері қызылша жұқпасының алғашқы нақтамасымен 39, оның ішінде, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 35 жағдай тіркелген. Оның 17-сі зертханалық тексеру нәтижесінде анықталған. Бұл туралы Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали СЫДЫМАНОВ өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ерғали Жақсыбекұлының айтуынша, қызылша вирусы басқа жұқпалармен салыстырғанда балалар арасында жиі кездеседі. Бұл дерттің асқынуы адам ағзасына  қауіп төндіреді. Сырқат асқынған жағдайда адамның көзі көрмей қалуы мүмкін. Сондай-ақ, энцефалит, құлақ естімей қалу және өкпенің қабынуына әкеліп тіреуі мүмкін.

Әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық зерттеу және жұқпа ошақтарын  тексеру  жүргізіледі. Қызылшаға қарсы шараларды жыл сайын пысықтап отырамыз,­ - деген  Ерғали Сыдыманов ары қарай эпидемияға қарсы жұмыстардың тұрақты жалғасын тауып жатқанын жеткізді.

Баспасөз мәслихатында журналистер менингит сырқаты жайлы сұрады. Өткен жылы бұл жағдай елді едәуір алаңдатқан еді. Облыс бойынша 21 менингококк сырқаты тіркеліп, кесел кесірінен 4 адам көз жұмды. Биыл да сырқат белең алып кетпес үшін дәрігерлер тарапынан қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқаны сұралды. Бұл орайда жауап берген Ерғали Жақсыбекұлы жұқпаның алдын алу барысында көптеген іс-шаралардың қолға алынғанын айтты.

"Бүгінгі таңда көптеген сырқаттан  сақтанудың  тиімді жолы – егу. Екпені жылына бір рет қана салады. Қалыптасқан иммунитет кеселден қорғайды. Сырқаттың жеңіл өтуіне септігін тигізеді. Екпенің еш зияны жоқ, оны уақытында алған жөн", – деді баспасөз мәслихатына келген департамент өкілдері.

Әсем  ЖҰМАҚАН

Алматы облысы