АБЗАЛ ЖАНДАР ҚУАНТТЫ

Уақыты: 30.01.2019
Оқылды: 1633
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

   Жүзінен мейірім шуағын таратар ақ халатты абзал жандардың қызметі ауыр. Адам жанына байыз таптыр- маған аурудың емін тауып, сырқатты сақайту – олар үшін міндет. Осынау жауапкершілігі жоғары істі арқалап жүрген жандардың бүгінгі таңда көңілін көл-көсір еткен дүние – Елбасы тапсырмасы бойынша жалақыларының өскендігі.

 

  Талдықорған қалалық №1 емханасы қызметкерлерінің жалақылары өсті. Елбасының Жолдауында айшықталған игі істің дер кезінде орындалғанына ақ халатты абзал жандар дән риза. Бұл жайлы жан мен тәнге шипа дарытар аталмыш емхананың бас есепшісі Майра Оразбаева әңгімеледі. Ол:
– Жыл біз үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Елбасы Жолдауына орай ең төменгі жалақылар көтерілді. Бұл қиындығы мен қызығы мол қызметте жүрген әріптестеріміздің жүрегіне қуаныш ұялатқан жайт. Сол үшін де көпшіліктің еңсесін көтерген шешімнің сәтімен өріс тапқандығына дән ризамыз, – деді. Сонымен қатар, емханадағы 300-ге жуық қызметкердің жалақысы өскендігін атап өтті.


   Адам жанының арашашысы саналар ақ халатты абзал жандар тән сырқатын ғана емес, жүдеу тартқан жанға да дәру бола білуі қажет. Облыс орталығындағы тұрғындар денсаулығына жауапты емханаға жаңа келген жас медбикелердің, еңбек өтілімі төмен дәрігерлер мен санитарлық тазалыққа, техникалық жұмыстарға жауапты қызметкерлердің, «жедел жәрдем» көлігі жүргізушілерінің, фельдшерлер және өзге де еңбеккерлердің жалақысы 30-дан 40 пайызға дейін өсті. Республика бойынша бекітілген төменгі жалақы деңгейін көтеруге орай Талдықорған қалалық №1 емханаға 47 млн. 310 мың теңге бөлінді. 
   Жалақысы өсіп, жұмысқа деген ынтасы одан әрі арта түскен абзал жандар онсыз да жауапкершілік жүктейтін істі абыроймен атқарып, халықтың қамы үшін тер төге беретіндеріне сенімді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.