БІР ДӘРІГЕРГЕ 3104 АДАМ ҚАРАЛАДЫ

Уақыты: 31.01.2019
Оқылды: 1086
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс әкімінің орынбасары Ақан ӘБДУӘЛИЕВТІҢ төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Мұнда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, ана мен бала денсаулығын күшейту, «Денсаулық» бағдарламасын дамыту атты үш мәселе қаралды.

 

Алғашқы сөзді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ облыс бойынша филиалының басшысы Сәбит Құралбек алды.

– Филиал жыл бойы 81 кездесу өткізіп, 8072 адамға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар облыстық әкімшілік, денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығымен бірлесе отырып, 5 ауданды аралап, өңірлік кеңестер өткізді, – дей келе ол атқарылған жұмыстарды толықтай тарқатты.

Осыдан кейін Ақан Жылқышыбайұлы:

– Ертең біреудің басы ауырып, балтыры сыздап, емделуге барғанда дәрігер сізде әлеуметтік сақтандыру жоқ деп тұрса қиындықтың көкесі осы кезде туындайды. Келеңсіз оқиғалар орын алмас үшін сіздер аудан орталықтарын ғана емес, ауылға барып ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер, – деп аталмыш мәселе бойынша аудан басшыларына нақты тапсырма берді.

Өз кезегінде сөз алған денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ «Денсаулық» бағдарламасымен жасалған қарқынды жұмыстың арқасында облыста адам өлімі, жаңа туған балалардың шетінеуі, туберкулезден қайтыс болғандар саны азайғанын айтты. Бірақ, ана өлімі, жол-көлік апатынан зардап шеккендер саны азаймай тұр. Сондай-ақ, жиында халық тығыз орналасқан Еңбекшіқазақ ауданында 3104 адамға бір дәрігерден келетіні жайлы айтылды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев:

– Бірінші мәселе – цифрландыру жұмысын күшейту керек. XXI ғасырда интернет көрмеген ауылдар бар. Мәселен, Ақсу ауданындағы 17 ауылдық округтің сегізінде интернет жоқ. Осы сауалдың шешу жолдарын анықтаңыздар. Ана мен бала өлімін төмендету, жол-көлік апаттарынан зардап шеккен адамдардың санын азайту бойынша облыстық полиция департаменті, облыстық  жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мекемелерімен тиісті жұмыс жүргізу қажет, – дей келе келісілген ортақ жұмыс жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берді.

Айдар ҚАЛИЕВ,

"Жетісу"

Алматы облысы