КӨҢІЛДІҢ ГҮЛІ, КӨЗДІҢ НҰРЫ

Уақыты: 01.02.2019
Оқылды: 1673
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

   «Бар жақсылық – балаларға» деген ұранмен Жаркент қаласындағы перзентханада қайырымдылық шарасы өтті. Атымтай жомарттықтың ақ жолында жүрген азаматтар басқосқан кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ арнайы келді.

 

Бұл өмірдің базары да, ажары да – біздің бүлдіршіндеріміз. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген тәмсілді ұстанған халқымыз әр сәбидің өз несібесімен дүниеге келетінін айтқан. Перзентін көңілдің гүлі, көздің нұрына теңейді. Бар жақсылығын аямайды. Міне, осыны назарынан шығармаған белгілі меценат Болат Өтемұратов бүлдіршіндерімізге арнап тарту жасады. Ол перзентханаға құны 15 млн. 900 мың теңге тұратын Испанияның «HERSILL.SL» өндірісінің «GENESIS» наркоздық-тыныстату аппаратын және құны 6 млн. 150 мың теңгелік Кореяның «ВМ-пациент» мониторын сыйлады.
Жаркенттіктердің қуанышымен бөлісуге келген қонақтар да Болат Өтемұратов құрған қайырымдылық қорына ризашылықтарын білдірді. 

– Облыстық бюджеттен жыл сайын денсаулық сақтау саласына қаржы бөлінеді. Алайда аудандардағы денсаулық сақтау мекемелерін озық технологиядағы жаңа аппаратуралармен толық қамтамасыз етуге бюджет қаржысы жете бермейтіні рас, – деген облыс әкімінің орынбасары А. Әбдуәлиев шалғай аудан тұрғындарына жасаған жақсылығы үшін қор ұжымының игі істер жолындағы жұмыстарына табыс тіледі. 
Өз кезегінде сөз ал­­ған Болат Өтемұратов қорының бағдарламалар менеджері Дана Жақсылықова: 
– Қордың басты мақсаты – денсаулық сақтау, білім және мәдениет саласын дамытуға қызмет ету. Жаркент перзентханасына медициналық жабдықтар тапсыру Болат Өтемұратов қоры мен «Riхos Borovoe» қонақүйінің бірлескен жобасы негізінде жүзеге асты. Біздің қор тарапынан спортта велошеру және медицинада мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуде біршама жұмыстар жасалуда, – деп қордың атқаратын жұмыстарына тоқталды. 

Жар­кент перзентханасының директоры Гауһар Байдаханова көрсетілген көмек үшін қайырымды жандарға алғысын айтты. 
Жиыннан соң А. Жылқышыбайұлы мен Б. Ербозымұлы аталмыш мекеменің жан сақтау және интенсивті терапия бөлімдерін аралап, жаңа аппараттардың іс жүзінде жұмыс жасауымен танысты. Одан бөлек, Панфилов ауданындағы күрделі жөндеуді қажет ететін бірнеше білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін аралады. 

Алдымен Сарыбел ауылына келген қонақтар Х. Көбіков атындағы орта мектепке ат басын бұрды. Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған көпқабатты білім ошағының қазіргі жағдайы мәз емес. Төбесінен су сорғалап, іргетасы отырып, қабырғалары сөгіле бастаған көне мектеп ғимараты шұғыл күрделі жөндеуге мұқтаж. Ауыл тұрғындары бұл көкейкесті мәселе шешімін тапса деген тілектерін жеткізді. 
Сарыбел округінің орталығында осыдан бес жыл бұрын жаңадан дәрігерлік амбулатория салынып, қолданысқа берілген. Бүгінде ғимараттың кей тұсының сылағы сылынып, оң жақ қапталының іргетасы шөгіп, қабырғасы қақырай бастаған. Одан бөлек, Сарыбел ауылындағы қос қабатты балабақша үйі, Тұрпан, Нағарашы елді мекеніндегі фельдшерлік амбулатория пункті және Үлкеншыған округіндегі Кішішыған орта мектебі де құрылысшылардың қамқор қолын қажет етеді.

Ал Жаркент қаласындағы мемлекеттік «Қарлығаш» балабақшасы ғимаратының жағдайы мүлде қиын. Өткен жылдың қазан айы­нан бастап жер­төлесіне су жи­на­лып, жылу жүйелерінен су тамшылай бастаған ғимарат содан бері бес сантиметрге шөгіп, қабырғалары сөгіле бастаған көрінеді. 

Білім беру мен ден­саулық сақтау мекемелеріндегі мәселелермен танысқаннан кейін   Ақан Жылқышыбайұлы аталған жағдайлардың шешімін табу жолы қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар мәселеге қатысты мекеме басшыларына ескерту жасап, нақты тапсырмалар берді. 

Сапар соңында об­­­лыс әкімінің орынбасары Жаркент көпсалалы колледжіне барып, көпшілікке белгілі оқытушы мен оқушы арасында орын алған оқиғаға байланысты ұжымның пікірін тыңдады. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы