ОБЫРСЫЗ ӨМІР

Уақыты: 25.02.2019
Оқылды: 2086
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс аумағында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 2 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, аймақтың 42 мың тұрғынына онкологиялық аурулардың алдын алу және денсаулық сақтау мен нығайту бойынша түсіндіру жұмыстары өтті. Ақпараттық науқан барлық нысаналы топтар арасында жүргізілді.

 

Дүниежүзілік онкологиялық сырқаттарға қарсы күрес күні аясында «Обырсыз өмір!» ұлттық бағдарламасы қабылданған. Жобаның мақсаты – жеке денсаулықты сақтау және Қазақстан Республикасы азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру, онкопатология ауыртпалығын төмендетудің жаһандық мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару, онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау мәселелері бойынша халықтың, медицина қызметкерлерінің хабардарлығын арттыру, скринингтік тексерулерден уақытылы өту қажеттігі туралы халықты ақпараттандыру. 

Осы мақсатта балабақша бүлдіршіндеріне денсаулық туралы ертегілер айтылып, кішігірім қуыршақ театры денсаулықты сақтаудың маңыздылығы туралы ақпарат берді. Төменгі сынып оқушыларымен интерактивті тренингтер өтсе, орта буын, жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында семинарлар, сынып және кураторлық сағаттар, сұрақ-жауап кештері, пікір-сайыс, спорттық жарыстар өткізілді. Медицина ұйымдарында, халық көп шоғырланған орындарда (ХҚКО, базар, сауда орындары, т.б.) Ашық есік күндері мен медицина қалашықтары ұйымдастырылып, өзін-өзі басқару, денсаулықты сақтау мен нығайту, скринингтік тексерулерден уақытылы өтудің маңыздылығы туралы ақпараттар берілді.

Ұйымдастырылған шаралардың басты міндеті – адамдарды салауатты өмір салтына дағдыландыру, мінез-құлықтық қауіп факторларының (алкогольді шамадан тыс тұтыну, темекі шегу, дене белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау) алдын алу, өзін-өзі сақтайтын мінез-құлыққа дағдыландыру арқылы ақпараттық-түсіндіру кампаниясын ұйымдастырып, өткізу.

А. ҚУАНДЫҚОВА, 
«Алматы облыстық СӨСҚ проблемаларының орталығы» 
ЖШС директорының орынбасары