АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ: "БІР ӘЙЕЛДІ ПОЙЫЗДА БОСАНДЫРДЫМ"

Уақыты: 09.03.2019
Оқылды: 2054
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Демалыс аяқталуға екі күн қалғанда Жанетта Семейге баратын пойызға мінді. Бес жылда бауыр басып кеткен ұстаздары мен курстас құрбыларын сағыныпты. Бұйырса, оқуды тамамдауға аз уақыт қалды. Арманы – Талдықорғанға қайтып келіп, туған елге қызмет ету.

 

Осындай ойлар жетегінде отырған оны ердің дауысы бөлді. Вагонға жүгіріп келген жігіт: «Дәрігер бар ма, дәрігер?» – деп айқайлайды. Байқаса, жолаушылап келе жатқан бір әйелдің толғағы басталған екен. "Сөйтіп, бір әйелді пойызда босандырып, мамандығымның маңыздылығын түсіндім. Кеудемді мақтаныш кернеді", - дейді гинеколог. Босандыруды басынан дұрыс бастамаса болмайды. Әйел жөнсіз шыңғырып, күшін жоғалтып алуы мүмкін. Студент едім деп қарап тұратын уақыт жоқ. Бірден толғақ қысқан әйелді бөлек купеге жатқызып, қолдан келгенше көмек көрсете бастады. Адамдар у-шу. Пойыздағы бүкіл адам жағдайды естіп алып, сол вагонға жиналған.

Бәрі нәрестенің аман-есен дүниеге келуін тілеп тұр. Көпшіліктің үміті күш берді ме, ол іске батыл кірісіп кетті. Ұл бала екен. Жанеттаны біраз терлетіп, шар етіп дүниеге келді. Артынша өзінің жарық дүние есігін ашқанын байқатып, іңгәға басты. Адамзаттың он екі мүшесін шымырлататын дауыс жиналғандарды шаттыққа бөлеп, жанарларға жас үйірген. Сырттағылардың «Ура» деп айғайлағанын естігенде барып, дәрігер есін жинап, маңдайынан аққан терді сүртті. Жас дәрігерге барлығы «жарайсың», «сені Құдай айдап отырғызған ғой пойызға», – деп ризашылықтарын білдіріп жатты. Осы кезде Жанетта Нариманқызы өзін батырдай сезінді. Мамандығын бұрын да жақсы көруші еді. Енді тіпті қуанып, Жаратқанға шүкірлік етті. 

Адам емдеу - оның бала кезден арманы. Оған өзінің өмірі де себеп. Жанетта дүниеге мезгілінен бұрын келіп, «шалабай» атанған. Салмағы екі келіге де жетпейді. Оның үстіне жүрегінде ақауы бар. Жыл сайын ауруханаға жатып ем алады. Күш жинау үшін дәрігерлер шипажайларға жібереді. Осының барлығы ақ желеңді абзал жандарға деген құрметін оятты. Ата- анасы бүлдіршін қызға бата берсе немесе алғыс айтса «доғдыр бол, қызым»,– деп мамандықтың ардақтылығын байқататын. Жоғары оқу орнына түсе алмай қалған соң талапкер Талдықорғандағы медициналық училищеге құжат тапсырады. Мұнда ол алғашқы медициналық білім алды. Оны тамамдаған соң Кербұлақ ауданының орталық ауруханасына жұмысқа тұрады. Маманның жетіспеушілігінен әйелдерді тексеріп, босандыруға бар білім-білігін арнайды. Ауданның тәжірибелі денсаулық сақшылары Жаннеттаға білмегенін үйретіп, үлкен өмірге, жауапты міндетке бейімдейді. Алған бетінен қайтпайтын қайсар мінез қыз жоғары білім алу үшін Семей медициналық институтына оқуға түседі.

Жанетта мамандығын жанымен сүйеді. Ана мен бала денсаулығы үшін күн мен түнді алмастыра, үздіксіз еңбек етіп келе жатқанына жиырма жылдан асты. Осы жылдарда елде талай өзгеріс-жаңалық болды. Сонымен бірге, аналардың денсаулығында да өзгерістер орын алды.

– Алдымен әйел-ана бала көтермей тұрып, гинекологқа тексерілу керек. Себебі, бүгінгі экология мен тағамдануға байланысты қыздарда гармондық ауытқушылық жиі орын алуда. Осының салдарынан көтерген бала жатырда өспей қалып жатады. Сонымен бірге, бүгінде вирус көп. Балалы болуға өте қауіпті вирустың қатары өсіп келеді. Бүйрек сырқаты, қан қысымының көтерілуі, тұмау тию де іштегі нәрестенің өсуіне тосқауыл болуда. Ол аз болса, жігіттердің белсіздігі көп. Жап-жас ұлдардың ұрығының белсенділігі төмен, – дейді ана мен бала денсаулығына жауапты маман.

Шынымен де, сәби сүйердің алдында денсаулық сақтау мекемесіндегі жоспарлау бөліміне барып, тексерілсе ағзадағы ақауды анықтауға болады. Маманның қадағалауынан өтіп, кем-кетікті орнына келтірген соң бала көтеруге батыл қадам жасаған дұрыс.

Жанетта бар білімін ана мен баланың амандығына арнап келеді. Мақсаты – халықтың, дүниеге келер ұрпақтың сапасын арттыру. Ол кіндігін кескен ұл-қыздың алды бүгінде үйлі-баранды. Еңбегінің өнгеніне шаттанған дәрігер іңгәлаған сәби дауысынан күш-қуат алып келеді.

Гүлжан ТҰРСЫН