ІШІМДІК ЖЫНЫСТЫҚ ГОРМОНДЫ ЖОЯДЫ

Уақыты: 08.04.2019
Оқылды: 1837
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Адам баласына алкогольді ішімдікті ішу немесе ішпеу таңдауы берілсе, ең алдымен мұның соңы неге əкеліп соғатынын ойланған абзал. Себебі, түптің-түбінде барлығы келіп денсаулыққа тіреледі. Егер адам психикалық тұрғыда әлсіз болса, онда оның жаман әдеттерді тез қабылдап, ішімдікке немесе нашақорлыққа душар болатынына күмән келтірмеңіз. Қазақи қалыпқа қисыны келмейтін осы кеселдің белең алмауын қадағалау – біздің бас қатырар мәселелерімізідің бірі.

Ішімдік атаулыны ішіне қылғытқан адамның іші-бауыры езіліп, жүйке жүйесіне айтарлықтай зиян келері имандай шындық. Одан тарайтын аурудардың өзін жіпке тізе берсеңіз де шегіне жетпейсіз. Ішімдіктің түрлері бүгінгі күні қарыштап дамып, қалтасын теспейтін талайдың таңдауына байланысты тауарлық айналымда өріп жүр. Мәселен, сыраны сімірген адамның бүйрегі мен бауыры, одан қалса, асқазаны мен өт жолдары істен шығады. Ішіне май жиналып, жүрегінің соғысы баяулай бастайды. Оның құрамындағы көмірқышқыл газы қан тамырларына күш түсіріп, соның әсерінен жүректің қызмет етуі нашарлап, еті босап, ісініп, сырты үлбіреп кетеді. Мұны дәрігерлер қауымы «жүректің сыра синдромы», кейде «жүректің капрон шұлыққа айналуы» деп атайды. Әйелдердің арасынан сыраны сәнге айналдырғандар нәзіктігінен, сұлулығынан бірте-бірте арыла бастайды. Дене тұрқы ерлердікіндей болып өзгеріп, кейбірінің ұртына мұрт қаптайды. Арақ-шарап ішетін қыз-келіншектер арасында кеуде безі, яғни, қатерлі ісік ауруына душар болу қаупі жоғары болып келеді.

"Алкоголь - жүйке уы" деп бекер айтылмаған. Арақ организмге тез жайылады да, содан соң орталық жүйке жүйесін улап, оның қоректену процесін бұзады. Оған толыққанды салынған адамның спермотозоидтары азайып, формасы өзгереді. Маскүнем әйелдерден туған балалардың жартысына жуығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда шетінейді. Бұған нәрестенің миындағы ісік себепкер болады. Ол бірден болмаса да, біртіндеп дамитын сырқаттар. Тағы бір айта кетерлігі, ресми мəлімет бойынша, тұрмыстық қылмыстардың 80 пайыздан астамы ішімдіктің салдарынан болады. Ішімдіктен бас тартса, қаншама тағдырларды талқандаған қайғылы оқиғалар болмас па еді?! Мас əрі жауапсыз жүргізушілердің кінəсінен қаншама адам жол апатынан көз жұмуда? Сондықтан өзіңіздің жəне туған-туыстарыңыздың, ал кейде, тіпті, бейтаныс жандардың да өмірі сіздің қолыңызда тұрғандығын ұмытпаған абзал. Қоғамда мұндай оқиғалардың жиілеп кеткендігін өздеріңіз де күнделікті жаңалықтардан немесе әлеуметтік желілерден көріп жүрсіздер. Көптеген кикілжің мен бей-берекет бүліктердің басында ішімдіктің тұрғаны анықталуда. Әрине, баяндай берсек, біразға барарымыз анық. Әйтсе де, білместікпен білек түріп күресу бізге парыз екенін ұмытпайық!

Арақ ағзадағы әрбір нүктеге дейін улы әсерін тигізеді. Оны ішуге деген әуестік ерте ме, кеш пе, әйтеуір «алқаштық» ауруға душар етпей қоймайды. Ішкіштік кеселге тап болған маскүнем ата-аналардан туған балалардың денсаулықтарында зор кінәраттардың болатынын көптеген дәрігер өз зерттеулерінде нақты дәлелдеп келеді. Мәселен, француз дәрігері Доньсе 10 маскүнемдікке салынған отбасының 57 сәбиіне зерттеу жүргізгенде, олардың 25-і қызылшақа кездерінде шетінеп кеткендігін анықтайды. Ішіндегі 5 бала тырысқақ ауруына душар болған. Тағы бесеуінде ауыр ми ісіктері кездессе, 12 баланың он екі мүшесінде кемістік байқалғаны дәлелденген. Ол аз десеңіз, қарапайым көртышқандарға жүргізген тәжірибе бар. Оларды арнайы бөлмеге қамап, еркектеріне сыра ішкізеді. Әбден ащы суға тойған еркек тышқандар көп қимылдамай, бұрышқа барып жата кетеді. Оған шамырқанған ұрғашы тышқандар еркек тышқандардың ішін тістелеп жарып өлтіреді. Неге десеңіз, спирттік ішімдіктер жыныстық гормондарды түбегейлі жояды. Өсімтал жануарлардың бұл бейбастығы ғалымдардың таңданысын тудырған. Әрбір ата-ана өмірде балалы болуды армандайды. Ал арақ сол аяулы арманға балта шабатын басты кесел. Сондықтан, аздыратын кеселден арылып, салауатты өмір салты мен ұрпақтың оң әрекеттерге бастайтын қасиеттерін бірге қалыптастырайық!

Ерғали СЫДЫМАНОВ,

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті

Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы