Сәбилер өліміне кім кінәлі?

Уақыты: 27.10.2016
Оқылды: 1660
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қарасай ауданындағы перзентханада апта ішінде екі бірдей сәби шетінеді. Осы келеңсіз оқиғаға байланысты кеше облыс әкімдігінде шұғыл жиын өтті. Басқосуға облыс әкімі Амандық Баталов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев және аудандық, қалалық ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері қатысты.

Таяуда ғана 35 жастағы алтын құрсақты ана Айгүл Ысқақова Қарасай аудандық перзентханасында өмірге үшем алып келген еді. Ата-анасы үшемге Аян, Аяна және Раяна деген есім берген. Бірақ Ысқақовтар шаңырағындағы шаттық көп ұзамай сейілді. Өйткені, ақ халатты дәрігерлердің өз ісіне деген тиянақсыздығы мен немқұрайдылығының нәтижесінде үшемнің біреуі шетінеп кеткен. Сонымен бірге аталған перзентханада тағы бір сәбидің шетінеуі тіркелген. Осыны алға тартқан Амандық Ғаббасұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтен, облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаевтан  мән-жайды түсіндіруді талап етті. 
Мінберге көтерілген Қарасай аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Сауранбаеваның айтуынша, үшемнің анасы осыған дейін жеті баланы өмірге алып келген. Балалардың жас аралығы 1,5 жыл екеніне тоқталған бас дәрігер ана денсаулығы әлі толықтай қалпына келмеген деген ойын білдірді. Сондай-ақ үшемдер 7 айлық екенін атап өтті. «Бұл биыл біздің перзентханамызда дүниеге келген алғашқы үшем. Сәбилердің денсаулығына қауіп тудырмау үшін кесар тілігі арқылы босандырдық. Өмірге бірінші 2 келі 300 граммен ұл бала келді. Содан кейінгі қыздың салмағы 1 келі 950 грамм болса, кенжесі небәрі 1 келі 550 грамм салмақпен туылды. Біраз күннен соң үшінші нәресте жансақтау бөліміне жатқызылды. Қолымыздан келген барлық жағдайды жасадық. Дегенмен сәбидің денсаулығына байланысты біз оны аман сақтап қала алмадық», – деп ақталуға тырысқан бас дәрігердің жауабына қанағаттанбаған өңір басшысы  қазіргі техниканың дамыған заманында 400 грамдық сәбидің де өмірін сақтап қалуға болатынын қадап айтты. 
– Мемлекет тарапынан, медицина саласына барлық жағдай жасалуда. Облыста биылдың өзінде жаңадан 127 нысан салынды. 484 ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық медициналық мекемелерді тиісінше заман талабына сай медициналық аппараттармен қамтамасыз еттік. Басқа өңірден білімді де білікті мамандарды тарттық. Тәжірибе алмасу жолында да аянып жатқанымыз жоқ. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауға жемісті нәтиже көрсету керек емес пе? Көпшілігіңіз мемлекеттің басты құндылығы адам екенін естеріңізден шығарып алған сияқтысыздар. Өмірге аман-есен келген балаларға медициналық көмектің барлық түрін жасауларыңыз керек еді. Жарық дүниені енді көрген үшемге арнайы жеке дәрігерлерді бекітіп беруді де ойламадыңыздар. Алматының дәл түбінде орналассаңыздар да білікті мамандарды көмекке шақырмадыңыздар. Бұл сіздердің жұмысқа деген салғырттықтарыңызды білдіреді. Медицина қызметкерлерінің қызметіне қанағаттанбаған халық жазған арыз-шағым көрсеткіші 34, 2 пайызды құрап отыр. Міне, істеген істеріңіздің нәтижесі осы. Әрбір науқасты шын жүрекпен, асқан мейірімділікпен қарау сіздердің басты міндеттеріңізге жатады. Осыны естен шығармаңыздар, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында өңір басшысы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне сәбилер өліміне әкеп соққан салғырттықтың себебін анықтап, 10 күн ішінде нақты шараларды қолға алуды тапсырды.

Еңлік КЕНЕБАЕВА