МӘМС: ДӘРІГЕРГЕ КІРУ ҮШІН КЕЗЕК КҮТПЕЙСІЗ

Уақыты: 03.05.2019
Оқылды: 1517
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2016 жылғы 1 шілдедегі №389 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құру туралы» қаулысына сәйкес құрылып, 2017 жылдың 1 маусымынан жұмысын бастады.

Алматы облысы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді. МӘМС қоры – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, медициналық қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдер мен талаптарға сай медициналық көмек беретін, денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтерін сатып алу және оларға ақы төлеуді жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым. Қор құрылтайшысы – Қазақстан РеспубликасыныңҮкіметі. Әлеуметтік сақтандыру қорының шығындары мемлекеттік, тәуелсіз және корпоративтік болып үш жақты бақыланады.

Қазіргі таңда медициналық қызметтерді көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субьектілерінің мәліметтер базасында 107 субьекті бар. Оның 51-і (48%) мемлекеттік, 56-сы (52%) жекеменшік. 2019 жылы барлығы 82 медициналық ұйым филиалмен келісім шартқа отырды. Оның 48-і (58,5%) мемлекеттік болса 34-і (41,5%) жекеменшік. МӘМС-ке мемлекет, жұмыс беруші, жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер, өз бетінше ақы төлейтіндер (нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ ҚР-дан кеткен азаматтар) қатыса алады. Ал жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері, мемлекеттік құқықтық сипаттағы шарттарды жасаған тұлғалар, жұмысшылар мен өз бетінше ақы төлейтіндер төлем жасайды.

Мемлекет азаматтардың 15 санаты үшін жарналарды мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, ағымдағы қаржы жылының алдындағы екі жылының орташа айлық жалақысынан2020 жылы 1,4,  2021 жылы 1,6, 2022 жылы 1,7 пайыз төлейді.

Азаматтардың жеңілдік санатына балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толғанға дейін бала тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам, жүктілікке және босануғабайланысты демалыстағы адамдар, жаңа туған баланы асырап алғандар, мүгедек баласының күтіміне байланысты жұмыс істемейтін, бала шақтан бастап бірінші топтағы мүгедектеркүтімімен отырған, зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, қылмыстық-атқару мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүргендер, жұмыс істемейтін оралмандар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, мүгедектер, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын тұлғалар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыздар, тергеу иззоляторында отырған адамдар жатады.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар үшін тегін қызмет көрсетіледі. Оған жедел жәрдем және санавиация, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, профилактикалық егу, медициналық скрининг тексеру, созылмалы ауруларды қадағалау,сауықтыру,емдеу,әлеуметтік маңызды ауруларға медициналық, әлеуметтік көмек, кеңес беру, диагностика, күндізгі стационарлық, шұғыл медициналық, қан құю, туберкулезді тегін емдеу, оңалту емі, қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға паллиативтік көмек, паталогоанатомиялық диагностика жатады.

МӘМС пакеті әр адамның өмір сүру сапасын жақсартатын медициналық көмек көрсету және болашақ ұрпақтарға негіз қалау қағидасы негізінде құрылды. ҚР ДСМ 2018 жылғы 14 желтоқсандағы "Өңірлер бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру туралы" №716  бұйрығы негізінде Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 42 тармағына сәйкес 2018-2019 жылдарға арналған алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуші ұйымдарда жалпы тәжірибелік дәрігерлердің қосымша учаскелерін ашу жоспары бекітілді. Келісімшартқа сәйкес қызметтерді жеткізуші бір учаскеде 1700 адамнан аспайтын халыққа қызмет көрсететін аумақтық учаскелерді ұйымдастыру арқылы жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жүктемелерін азайтуды қамтамасыз етуге міндетті.

Бұл қолжетімділікті арттырады, кезектілікті төмендетеді, осылайша қабылдау сапасына да әсер етеді, өйткені, дәрігер емделушіге көп уақыт бөле алады. Осы бұйрықты орындамағандар үшін айыппұл санкциялары енгізілген.

Жедел жәрдем жұмысына өзгерістер енгізілді. ҚР ДСМ 2017 жылғы 3 шілдедегі "Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" № 450 бұйрығымен жедел жәрдем көрсетудің жаңа ережелері бекітілді, ол жедел медициналық көмекке шақырулардың 4 санатты жеделдігі бойынша көрсетілетін көмектер.

Бұл жаңашылдықтар емдеуге жатқызуға дейінгі өлім-жітімді азайтуға бағытталған.Алғашқы үш санатқа жедел медициналық көмек станциясы деңгейінде, төртінші санатқа емханалар жанындағы шұғыл медициналық көмек бөлімшелері деңгейінде қызмет көрсетілетінін атап өту қажет, яғни емханалар жанындағы шұғыл көмек орталықтары тәулігіне 24 сағат шақыруларды қабылдайды.Тәжірибе бойынша осы аталған жұмыстар оң нәтиже беріп келеді.

Майра АЙТУАРҚЫЗЫ,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің эксперт маманы