ХИРУРГ: "БІЗДІҢ БІЛІКТІЛІГІМІЗ КОРЕЯДАН КЕМ ЕМЕС"

Уақыты: 06.05.2019
Оқылды: 2443
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елбасының «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген нысандар бүгінде жұрттың ықыласына бөленіп, халыққа қызмет көрсетудің жарқын үлгісін көрсетуде. Соның бірі - Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухана. Ел игілігіне берілгелі үш жылдың жүзі болған емдеу орны өзіндік жаңалығымен жұрттың алғысына бөленуде. Бұл осы аурухана басшылығының ұйымдастырушылығы мен ондағы дәрігер-мамандардың біліктілігінің арқасында қол жеткізген нәтиже.

Несін жасырайық, бұл нысанның іргетасынан шатырына дейін қалай салынып, ішкі құрал-жабдықтардың қалай орнатылғаны көз алдымызда өтті. Осы тұста, бұл нысанға облыс әкімі Амандық Баталовтың айрықша назар аударғанын айтпай кетуге болмайды. Құрылыс жұмысы жүріп жатқан кездері облыс басшысы бос уақыты бола қалса, оның басы-қасынан табылып, жоспардың белгіленген мерзімде бітуін әрі сапалы жүргізілуін қадағалап отырды. Емдеу аспаптары мен онда жұмысқа алынатын дәрігерлердің білімі мен білігін барынша қадағалады. Осының арқасында нысан бүгінгі заман талабына сай бой көтеріп, жұрттың жүгін арқалап келеді. Бүгінде аурухананы өз жетік маманы, білгір дәрігер Сәуле Құсмолданова басқарады.

Жұмыс бабымен ел арасында жүргенде Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухананың емдеу саласындағы жетістіктерін көп естиміз. «Көп естігеннен бір көрген жақсы» деген оймен нысанға бас сұқтық. Ауласына қадам басқанда мұнтаздай таза, құрылыстары рет-ретімен орналасқан нысанды көріп, көңіліміз көтеріліп қалды. Емделушілерге жасалып жатқан мүмкіндіктерді біліп, тағы да ризашылығымыз артты. Біз аурухана директорының орынбасары Қанат Абдырахметов бастаған бір топ дәрігердің палаталарды аралап, сырқаттардың ауру жағдайын тексеріп жүргенінің үстінен түстік.

– Аурухананың ашылғанына үш жыл болды. Ғимараттыӊ жалпы алаӊы 33885,6 шаршы метрді құрайды. Ауруханада стационарды алмастыру, станционарлық, жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетіледі. Құрылымында терапия, хирургия, политравма және қалпына келтіру ортохирургиясы, нейрохирургия, мини инвазивті хирургия, оториноларингология және жақ-бет сүйек хирургиясы, урология және офтальмология бөлімдері жұмыс істейді. Магнитті-резонансты томография, эксимерлік лазер, барокамера, эндобейнехирургиялық құрылғы және басқа да жабдықтар бар. Қазірдің өзінде 600-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 69-ы дәрігер, 230-ы орта буынды, қалғаны кіші буынды мамандар. Ең қуанарлығы, ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлердің дені білікті де білімді жастар. Басында аурухана Талдықорған қаласының тұрғындарына бағытталған еді. Қазір мамандардың еңбектенуінің арқасында облыстың аудан-қалалары мен өзге аймақтан осында келіп емделсек дегендердің қатары көбейіп келеді, – дейді ол.

«Жас келсе, іске» дегендей, ауруханада жас мамандарға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай жастың бірі – хирург-дәрігер Асқар Ақбаев. Ол Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген соң жолдамамен Талдықорған қалалық ауруханасына орналасып, көпсалалы аурухана ашылғанда түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, үш жылдан бері осында жұмыс істеп келеді.

– Біздің міндетіміз – сырқат адамдарға көмек көрсетіп, олардың қиындығын жеңілдету. Осында хирург-дәрігер болып жұмыс істеймін. 60 орынға лайықталған хирургия  бөліміндегі 15 дәрігер ауруларға көмек көрсетеміз. Бүгінде авиациялық емдеу тәсілі енгізілгеніне байланысты керек кезінде облыстың жер-жеріндегі науқастарға шұғыл жәрдем көрсетеміз. Жоспарлы емдеу бойынша да әр өңірден келіп емделіп қайтатындар көбейді. Өткенде ғана Оңтүстік Кореяға барып, үш айлық тәжірибеден өтіп қайттым. Осы кезде байқағаным, біздің дәрігерлердің біліктілігі олардан еш кем емес. Артықшылығы – құрал-жабдықтарының озықтығы ғана. Дегенмен, қазақстандық медицина жыл өткен сайын дамып келеді. Осыған орай, бізге түсетін жауапкершілік те арта түсті. Қазір біз де еліміздегі танымал ауруханалар мен институттарда жасалатын оталардың дені жасалады. Енді ұйқы безі басының ісігі сияқты күрделі операцияларды жасауға қамданып жатырмыз, – дейді Асқар Дүйсебайұлы.

Енді ғана отыздан асқан жас дәрігердің біліктілі мен ізеттілігіне емделушілер бәрі дән риза. Осындай жастардың өсіп келе жатқаны қазақстандық емдеу ісі саласындағы жетістігімізді жетілдіре түседі деп сенуге болады.

– Көп жағдайда дәрігерлер туралы артық ауыз сөз айтып қалатынымыз бар. Бірақ жаның қиналғанда тағы да ақ қалатты абзал жандарды іздеп жатамыз. Сол кезде олардың жанашырлығын, жауаптылығын сезінеміз. Осы ретте қатты қиналып, ауруым жаныма тыныштық бермегенде жылы қабақ танытып, барынша көмектескен Сәрсенбек Базарбекұлы мен Асқар Дүйсебайұлына алғысымды білдіремін, – дейді зейнеткер, Талдықорған қаласының тұрғыны Үкіжан Өскембаева.

Иә, қазір отандық емдеу ісі жыл өткен сайын өркендеп келеді. Ондағы жақсы жетістіктерді көргенде, біздің дәрігерлердің ізгілікті ісіне тәнті боласың. Мұндай жетістік алдағы уақытта да жалғаса береді.

Қажет АНДАС

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы