ДӘРІГЕР: "ДАБЫЛ ҚАҒЫЛСА ДАЙЫНБЫЗ"

Уақыты: 07.05.2019
Оқылды: 2190
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әскери өмір әсте оңай емес. Әсіресе, қаракөздеріміз үшін. Тумысынан сұлулықтың символы саналатын аруларымыздың ер-азаматқа тән айбыны көз сүйсіндіреді. Үйдегі күйбең тірлікпен қоса Отан алдындағы парызын адал атқарып жүрген нәзік жандыларды көргенде таңдай қағасың. Ал әскери өмірде дәрігерлер қызметінің орны тіптен бір бөлек. Міне, осыған орай Талдықорған қаласы әскери госпиталінің медициналық қызмет подполковнигі Ирада Абдулина жайында сөз тарқатпақпыз.

Анасы – дәрігер, әкесі – ветеринар болса да Ирада әскери қызметте жұмыс істеуді армандаған. Бұл арманына сеп болған анасының ақылы еді. Сондықтан, бала күнінен осы салада еңбек етуді жоспарлаған. Ол мектепті тамамдаған соң Семей мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түседі. Онда невропатолог мамандығын иеленеді. Қолына дипломын алған соң әкесі туған жері Талдықорған қаласына қайта көшіп келеді.  Мұнда оқуда озат болған білікті жас дәрігер бірден 54318 әскери бөлімшесінде медициналық қызметтің басшысы болып тағайындалады. Одан кейін қалалық әскери госпитальдің терапиялық бөлімінде дәрігер невропатолог қызметін атқарады. Жұмысына адал жас маманды бөлім басшылары қабылдау бөлімінің дәрігер невропатологы қызметіне ауыстырады.

– Отбасының үлкені болғандықтан жауапкершілік, соңымнан ерген сіңлім мен 2 ініме үлгілі әпке болу міндеті тұрды. Жастайымнан жауапкершілік жүгін сезініп өскендіктен болар, әскери қызметке бірден үйреніп кеттім. Жұмыста күнделікті әскерилерді, олардың отбасы мүшелерін және қала, ауылдан келген басқа да адамдарды қараймыз. Қалада бөлімше көп қой. Офицерлер, шартты қызметтегілердің денсаулығына біз жауаптымыз, – дейді подполковник дәрігер.

Ата-анасы мен бауырларынан бөлек жүрсе де «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағиданы берік ұстанатын шен таққан ару әскери өмірде өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Ол дәрігерлік көмекпен ғана шектелмейді. Далада өтетін жауынгерлік сынақтарға да қатысады. Автомат арқалап, жауынгерлік даярлыққа аттанады. Дәлдеп атудың мергені. Денешынықтыру сынақтарынан үнемі «бестік» бағаға шығады.

– Әскерде қызмет ету әйелдерге оңай емес, әрине. Бірақ өз ісін сүйген адам бәріне де төтеп бере алады. Мұндағы қызмет етіп жүрген әйел азаматтардың көбісі еңбегінің жемісін көріп келеді. Әйел адам болған жерде әрқашан ұқыптылық қатар жүреді ғой. Оқу-жаттығу кезінде, дабыл қағылғанда қыс демей, жаз демей қызметке дайын болуымыз керек, – дейді Ирада Насиболаева.

Әрине, әскери тәртіп – бәріне бірдей. Мұнда әйел, ер деп бөлінбейді. Қыстың қақаған аязды күндерінде немесе жаздың тамылжыған ыстығында да олар өз алдына қойылған міндетті атқара береді. Дәрігер Ираданың осы салаға келгелі жеткен жетістігі де аз болмапты. Мысалы, жаздың қатты ыстығынан қан қысымы көтеріліп немесе қақаған аязда суық тан тырысып қалған сарбаздарды дер кезінде облыстық ауруханаға жеткізіп, аман алып қалған кездері жиі кездеседі.

Үстіндегі көйлегін әскердің керзі етігі мен шинеліне алмастырған нәзік жандылар бар ынтасымен өзінің табиғатына тән болмаса да, жауапты қызметті абыроймен атқаруда. Бар өмірін қатаң тәртіпті талап ететін әскери салаға арнаған подполковниктің айтулы қызметін қалай дәріптесек те жарасады. Әлия, Мәншүктей батыр қыз өсірген қазақ даласының арулары осындай болса керек.

Қабыл ИСА