Дені сау ел - кенен ел

Уақыты: 14.11.2016
Оқылды: 1606
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Дені сау адам бала өсіреді, жұмыс істейді, қоғамға пайдасын тигізеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері медицина саласына ерекше көңіл бөлінді. Алдыңғы қатарлы озық тәжірибелер енгізілді. Соның арқасында шешуі қиын мәселелердің түйіні табыла бастады. Ана мен бала денсаулығы назарға алынды. Сол жылдары демография­лық ахуал төмендеп тұрған еді.

Оның бірден-бір себебі, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы. Сондықтан, Тәуелсіздік тәй-тәй басқан кезден бастап, халықтың өсуі басты мәселеге айналды. Егемендік алып, еңсе көтергеннен бері халық саны өсе бастады. Бүгінде жыл сайын дүниеге келіп жатқан шақалақтар саны 400 мыңға жуық. Тәуелсіздікке қол жеткізу – мемлекетті қайта құру  жүйесіне бастады. Зауыт-фабрикалар, ауылшаруашылық саласына қолдау көрсетілді. Кәсіптік білім беруге көңіл бөлінді.  Жастардың болашаққа деген сенімі артты. Сонымен, екі мыңыншы жылдары туу жасындағы әйелдерге жайлап жағдай жасала бастады. Ал, 2002 жылдан бастап туудың өсу үрдісі байқалды. Осы жылы мемлекеттік «Денсау­лық жылы» бағдарламасы қолға алынды. «Денсаулық жылы» жарияланған кезеңде осы саладағы жағдай, жасыратыны жоқ, көңiл құлазытарлықтай деңгейде едi. Мәселен, сол кездің деректеріне сүйенсек, тұрғындардың орта жасының 64-ке тең болуы алаңдатарлық жағдай еді. Елiмiзде сонымен қатар туберкулез ауруы, есiрткiқұмарлық, ана мен жалпы өлiмнiң көптiгi, бала туудың кемуi, медициналық көмекке қол жеткiзудiң қиындығы үлкен мәселеге айналған болатын. Дегенмен, қолға алынған түбегейлі шаралардың нәтижесінде «Денсаулық жылының» мiндеттерi дер кезiнде орындалды. Бұл – ұлттың болашағы үшін атқарылған кемел істердің бастауы еді. Осы жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде тегін медициналық көмектің кеңеюіне жол ашатын денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2003 жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналардың бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақылар беріле бастады. Осы жылы бала туу бірден 16 пайызға өсті. Ал 2006 жылы бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы тағайындалды. Тәуелсіздік шежіресінде денсаулық сақтау саласындағы өзгерістердің өзі ауыз толтырып айтарлық. Бүгінде халықтың өмір сүру ұзақтығын жоғарылату барысында келелі жұмыстар жүргізілуде. Ақордадағы алқалы басқосуда бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Медицина ғылымы дамып келеді. Осының арқасында Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 60 жастан 68 жасқа дейін өсті. 2020 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа жеткізу үшін жұмыс істеуіміз керек», – деген еді. Медицина саласында 2008-2016 жылдарға арналған «Салауатты өмір салты» кешенді бағдарламасы  қолға алынды. Онда адам денсаулығының 80 пайызы әркімнің өмір сүру салтына байланыс­ты екені халық назарына ұсынылды. Спортпен шұғылдану,  дұрыс тамақтану, сырқаттанудың алдын алу, скринингтен өту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұдан басқа да адам ағзасын ауыстыру,  жүрекке ота жасау, «Экомед» арқылы нәрестелі болуға көмектесу жүйелі жолға қойылды. Тәуелсіздік шежіресі адам денсаулығын жақсартуға, дұрыс өмір салтын ұстануға,  зиянды заттардың кесірін айтып, түсіндіруге баса көңіл бөлуде.  Адам үшін ең керегі –денсау­лық. Денің сау болса, сөз жоқ жан-жағыңдағы адамдарға көмектесе аласың. Олай болса, Тәуелсіз елдің денінің саулығы үшін жасап жатқан іс-шаралары көңіл тұщытарлық.

Гүлжан Тұрсын