АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІ МАШИНА МІНДІ

Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 1021
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Өңірдегі барлық ақ халатты абзал жанның құрметіне арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Тұрғындар денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қосып жүрген дәрігер қауымын құттықтаған Амандық Ғаббасұлы облыс бойынша атқарылып жатқан ілкімді істерді тілге тиек етті.

– «Сапалы медициналық қызмет әрбір азамат үшін толық көлемде қолжетімді болуы керек. Дәрігер мамандығының мәртебесін көтермей, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мүмкін емес», – деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан, облыста медицина саласын дамытуға, мамандарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да нығаюда. Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жанынан ашылған неонатальды хирургия орталығын ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл мекемеде соңғы бес айдың ішінде білікті мамандар қауіпті 383 ота жасады. Балалардың амандығы - біз үшін үлкен жетістік. Облысымызда биыл 8 дәрігерлік амбулатория бой көтермек. Сарқан аудандық орталық ауруханасының стационар бөлімшесінің, Ұзынағаш ауылында перзентхана мен емхана құрылысы жүргізілуде. Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 6,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Ескелді, Көксу, Қаратал, Панфилов аудандарындағы медициналық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары үшін 1,6 млрд. теңге қарастырылды. Осындай жетістіктермен ғана шектеліп қалмай, жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде атқаруда бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Медицина саласының дамуына зор үлес қосып жүрген ақ халатты абзал жандарға алғыс айту – біздің парызымыз, – деді облыс әкімі.

Облыс тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін өткен жылы 159 заманауи медициналық құрал-жабдық алынған. Биыл жергілікті бюджеттен осы бағыт бойынша 3,2 млрд. теңге бөлінген. Соңғы 3 жылда 150 дәрігер кәсіби біліктілігін арттыру үшін Ұлыбритания, Израиль, Корея, Түркия және Ресей мемлекеттеріне барып, тәжірибе алмасып қайтты. Мамандар жетіспеушілігіне байланысты жергілікті бюджет есебінен медициналық оқу орындарына арнайы грант бөлініп, 26 студент білім алып жатқандығын атап өткен өңір басшысы бұл көрсеткіштің әлі де төмен екенін айтты.

Салтанатты жиында облыс әкімі Амандық Баталов бір топ медицина қызметкерін үлгілі қызметі үшін Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттап, байқау жеңімпаздарына құрмет көрсетті. №1 қалалық емханасының педиатр-дәрігері Бэлла Валишанова «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің үздік дәрігері» номинациясы бойынша марапатталды. Қарасай ауданындағы Жамбыл ауылының дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Ақайша Сарина «Үздік ауыл дәрігері» атанса, облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің директоры Бақытжан Нұржаханов «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» номинациясын иеленді. Талдықорған жоғары медициналық колледждің оқытушысы Дәмежан Шойбекова «Медициналық колледжінің үздік оқытушысы» атанса, Ескелді аудандық орталық ауруханасының әлеуметтік қызметкері Сәуле Сүлейменова үздіктер қатарын толықтырды. Сарқан аудандық орталық ауруханасының қызметкері Самал Сымжановаға «Үздік мейірбике», Іле ауданындағы Жауғашты фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері Айтолған Гопаеваға «Үздік фельдшер» атағы бұйырды. Ал «Облыстың үздік дәрігері» құрметіне ие болған Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің дәрігер-хирургі Естөре Қарғабаев «Lada Granta» автокөлігінің кілтіне ие болып, қуанышы еселене түсті. «Үздік» деп танылғандарға облыс әкімінің арнайы дипломы мен ақшалай сыйлық тапсырылды.

Денсаулық саласының ардагері Әшімғали Жұмагелдин, қалалық емхананың учаскелік терапевт-дәрігері Ақбота Жұмағазиева, облыстық қөпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Аль-Ақбар Бекұлы әріптестерін мерекемен құттықтап, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін алғыс білдірді.

Кеш соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Еңлік КЕНЕБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ