ТАЛҒАР АУДАНЫ: ДӘРІГЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 1640
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талғар аудандық Мәдениет үйінде медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған іс-шара өтті. Салтанатты шараға Талғар ауданының әкімі Рыскелді САТПАЕВ қатысып, ақ желеңді абзал жандарды мерейлі мерекемен құттықтады.

"Әрбір мемлекеттің басты байлығы - адамзат. Ал адам үшін - денсаулық. Олай болса, адам денсаулығын нығайтып, өмір жасын ұзартуға орасан зор үлес қосып жүрген білікті де білгір медицина қызметкерлерінің еңбектері елеулі. Биыл аудандық ауруханада травматология бөлімі ашылса, келер жылға жұқпалы аурулар бөлімін ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, Бесағаш пен Тұздыбастау ауылдарынан фельдшерлік акушерлік пункт ашылатын болады. Бұл ауданда денсаулық саласының жұмысы жылдан-жылға жанданып келе жатқандығын көрсетеді", - деген аудан басшысы медицина мамандарының отбасына амандық, бақ-береке тіледі.

Ауданда осы күнге 1800 медицина қызметкері еңбек етеді. Солардың қатарында Кеңдала ауылдық амбулаториясының меңгерушісі, Медицина саласының үздігі, ауданның Құрметті азаматы Мәдина Әскерқызының дәрігерлік еңбек жолына 34 жыл толып отыр. Адам денсаулығын нығайтумен қатар, медицина саласының дамуына, мамандар тәжірибесінің шыңдалуына қосып жүрген еңбегі ерен. Өзі еңбек ететін округте мереке қарсаңында спорттық ойын түрлерінен жоғары деңгейде спартакиада ұйымдастырғанын атап өту абзал.

Салтанатты шарада әріптестерін аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Құлсейітов, бас дәрігердің бірінші орынбасары Гүлнәр Кеңесқызы құттықтады. Сондай-ақ, өз ісінің бірқатар үздіктері аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы