ДӘРІГЕРДІҢ СӨЗІ ДЕ ЕМ

Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 1966
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Осындай қиын да қызықты саланың ауыр жүгін арқалап жүрген жас маман Қанат Озатұлының бүгінгі беталысы көксулықтарды қуантуда.

Арман жолында алға ұмтылған жеткіншек жастайынан медицина саласына жақын болды. Бүгінде ол біртіндеп өз мақсатына жетіп келеді. Білімді де білікті маман Семей мемлекеттік медицина университетін хирургия мамандығы бойынша үздік тамамдаған. Сол өңірде алғаш жұмыс тәжірибесін жинақтаған ол 2017 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы аудандық ауруханаға жұмысқа орналасады. Отбасымен Көксу ауданына қоныс аударып, өңір тұрғындары денсаулығының жақсаруына атсалысуда. Тынымсыз ізденіс пен еңбекқорлығының нәтижесінде біліктілігін жетілдіре түсті. Шипагерлік мүмкіндігін жан-жақты кемелдендірді. Белгілеген емі науқастардың жазылып кетуіне себеп болды. Көп кешікпей Қанат аудан тұрғындарының сүйікті дәрігеріне айналды. Сонымен қатар, ол әріптестері арасында да үлкен беделге ие бола бастады. Жолдасы Әйгерім Алтайқызы да жалпы тәжірибелі дәрігер маманы. Дәрігерлер әулеті екі бала тәрбиелеп отырған берекелі отбасы. 
Жас маман көпшілікпен тез тіл табысып, өз жұмысын асқан жауапкершілікпен орындайды. Осы саланы жан-жақты меңгеруге бағыт-бағдар көрсетіп жүрген ұстаздарына алғысы да шексіз. 
–  Әрине, дәрігер болу оңай емес. Өйткені, қателесуге хақың жоқ. Күн сайын алдыңа сан түрлі адам келеді. Олардың әрқайсысына жылы қабақ танытып, шағымдарын мұқият тыңдауың керек. Жылы сөз де дәрі. Осындай қарым-қатынастың өзі науқастың жан дүниесіне оң әсер етіп, оның аурудан тез айығуына деген сенімін күшейтеді. Ал сенім адамды сергітеді. Менің бала кездегі арманым хирург-дәрігер болу еді. Сол арманыма жеттім. Әзірше жас хирург-дәрігерлер толық үлкен отаға етене араласа алмайды. Алайда дәрігердің көмекшісі бола жүріп, көп нәресені қосымша меңгерудемін. Отадан кейін маған келіп, таңу жасататын науқастар қолымның жеңіл екенін жиі айтады. Ол кәдімгідей адамға шабыт береді екен. Қызметте жүрген әр күн, сағат, минутым өмірлік тәжірибе жинақтауға едәуір септігін тигізеді. Бізді адам жанының арашасы дейді. Соған лайықты болуымыз керек. Еміңді жасап қана қоймай, жылылық танытсаң, науқас жадырап сала береді. Науқастың жағдайының жақсарғаны – біз үшін қуаныш. Осындай қуанышты сәттер көп болсын деп тілеймін, – дейді Қанат Озатұлы. 
Жас дәрігердің қатысуымен 1000-ға жуық ота жасалған. Көксу аудандық ауруханасының 50 пайызы жас маман. Олай болса, үстіне ілген ақ халатындай көңілі таза, жүрегі кең, жанашыр жанның еңбегіне табыс тілейміз. 

Айнұр ДОСЖАНҚЫЗЫ
Көксу ауданы