Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҮЛКЕН ЖҮРЕК

Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 222
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Көрмегелі жиырма жылдай болған әріптес Төлеухан Бідірәлі телефон шалды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің Қарақыстақ бөлімшесінде жатыр екен. «Жетісу» газеті арқылы дәрігерлерге алғыс айтқысы келетінін жеткізді. Ыстық ықыласын қағаз бетіне түсіріп қойыпты. Тезірек құлан-таза айығып кетуін тілеп, хатын ұсынып отырмыз.

– Бұрын мен мұндай ауруға ұшыраймын деп ешқашан ойламаппын. Енді, міне, күтпеген дерттің шырмауында жатқаныма жылдан асып барады. Алғашында «бұл қалай болды?» деген қорқыныш жанымды жегідей жеп, өмірден түңіліп кетуге шақ қалғанымды қалай жасырайын. Сондай қиын күндерде адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандардың шынайы пейілі мен шипалы емінің көмегімен жаман аурудың беті қайтып, денсаулығым дұрыстала бастады. Қаскелең қалалық ауруханасынан бастап басқа да бірнеше емдеу орындарының төсегіне таңылып, енді осы Қарақыстақ бөлімшесінен бір-ақ шықтым. Мұнда 35 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан емдеуші дәрігер Баян Төлеуқызының ыстық ықыласы мен шипалы емінің әсері мол болды. Күн сайын тексеріп, қадағалауының нәтижесінде денсаулығым қалпына келе бастады. Осында көп жылдан бері ерінбей еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі медбикелер Б. Бердібаева, Б.Байғабылова, Ж.Сүлейменқұлова, Б. Жақыпбекова, Ә. Оспанбаевалар күнделікті екпелерін салып, дәрілерін беріп, жылы сөздерімен көңілімізді аулады. Осы дертпен ауруханада ұзақ емделген адамдардың өзекті өртер өкініштері де аз болмайтыны белгілі. Сондай кездерде «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жылы сөздерімен жабырқаған көңілімізді жұбатады. Пайдалы кеңестерін аямайды.
Шалғайдағы осы бір шағын ғана емдеу орнында үлкен жүректі мамандар еңбек ететінін білдім. Бас дәрігер Акбар Ізбасарұлына, бірінші корпустың тәжірибелі дәрігері Зина Ізбасарқызына, аға медбике Айман Бәкіроваға, жалпы бүкіл ұжымға  айтар алғысымыз шексіз. Мұны мен дертіне шипа іздеп келген емделушілердің барлығының атынан айтып отырмын. Бізге үш мезгіл тамақ тарататын Ләззәт Жапаева мен Алмагүл Нұрғалиева, тазалық сақшылары кіші буын қызметкерлер К. Андосова, Г. Рүстембаева, Ғ. Нұрбаева, Т. Ыстыбаевалардың еңбектерін де атап өткім келеді. Емделушілердің ілтипатына бөлене беріңіздер демекпіз. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қарақыстақ ауылы,
Жамбыл ауданы