БАС ДӘРІГЕР: "ЖАСТАР БІРДЕН ҮЙ, ЖОҒАРЫ АЙЛЫҚ СҰРАЙДЫ"

Уақыты: 15.06.2019
Оқылды: 1560
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Науқастанып, маза кеткенде ең алдымен көмекке жүгінетін жан – білікті дәрігер. Осындай мамандар Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында жетерлік. 2016 жылы пайдалануға берілген аурухана жұмысында  оңды өзгеріс көп. Жаңа қонысқа көшкелі бері ауыз толтырып айтар жаңалықтары да бар. Осы ретте көпсалалы аурухананың бас дәрігері Сәуле ҚҰСМОЛДАНОВАМЕН сұхбат құрған едік.

– Сәуле Рысбекқызы, бұл аурухананың өзге ауруханаларға қарағанда қандай артықшылығы бар?

– Аурухананың ашылғанына үш жыл болды. Ғимараттың жалпы алаңы 33885,6 шаршы метрді құрайды. Ауруханада стационарды алмастыру, станционарлық, жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетіледі. Құрылымында терапия, хирургия, политравма және қалпына келтіру ортохирургиясы, нейрохирургия, мини инвазивті хирургия, оториноларингология және жақ-бет сүйек хирургиясы, урология және офтальмология бөлімдері жұмыс істейді. Магнитті-резонансты томография, эксимерлік лазер, барокамера, эндобейнехирургиялық құрылғы және басқа да жабдықтар бар.

Қазірдің өзінде 600-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 69-ы дәрігер, 230-ы орта буынды, қалғаны кіші буынды мамандар. Ең қуанарлығы, ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлердің дені білікті де білімді жастар. Басында аурухана Талдықорған қаласының тұрғындарына бағытталған еді. Қазір мамандардың еңбектенуінің арқасында облыстың аудан-қалалары мен өзге аймақтан осында келіп емделсек дегендердің қатары көбейіп отыр.

Мекеме 310 жататын орынмен қамтылған. Барлық ем-дом, ота жасау тегін. Жолдамамен келгендерді де ақысыз түрде қабылдаймыз. Десе де, ақылы қызметтері де қолжетімді бағада. Сонымен қатар, біздің ауруханада барлық бөлім қамтылған. Әр бөлімнің өзінің түсі бар. Блоктары да бір-бірімен байланыста. 2018 жылы 11757 адам ем-дом қабылдап, толығымен айығып шықты. 5108 емделушіге ота жасалды. Оның ішінде, жоғары технологиямен травматология бойынша – 458, офтальмология – 410, урология – 46. Өттегі, бүйректегі тас пайда болуы – жасарып кеткен аурулар санатында. Бұрындары бұл сырқатпен 40-50-дегі адам ем-дом қабылдаса, бүгінде 16 жастағылар да сырқаттанып, ота жасатады. Барлығы салауатты өмір салтын ұстанбау, дұрыс тамақтанбаудан. 
Біздің аурухананың ұстанымы – бар игілік емделушіге!

– Аурухананың медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы қандай?

– Медициналық технологиялар күн санап жаңарып жатқандығы белгілі. Соған байланысты жоғары технологиялармен жабдықтау да назарда. Мысалы, биыл рентген және жаңа интеграцияланған операция жасау кабинетін ашу жоспарда бар. Ал тасымалдауды, арнайы тапсырыспен әкелінетін медициналық құрал-жабдықтар қымбат. Республикалық, жергілікті  бюджеттен қаржы бөлінген күннің өзінде техниканың шығын материалдарын қайта-қайта алдырта берсек тағы болмайды. Соның өзінде ескірген техника болса не болмаса жарамсызын жаңалап отырамыз.

Біздің ауруханамызда заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар Германия, Жапония және Ресейден әкелінген. Олардың көбі лапароскопиялық операцияларды жасауға арналған. Лазерлік эксимерлі офтальмологиялық аппарат жүйесі барлық көз жанарында ақауы бар жандарға үлкен көмек көрсетуде. Яғни, көз жанарын лазерлі түрде қалпына келтіреді. Соңғы үлгідегі магнитті резонанстық және компьютерлік томография көмегімен ағзаға тексеру жүргіземіз. Бұл – рентген және гамма-сәулелеріне қарағанда қауіпсіз. Клинико-диагностикалық лаборатория биохимиялық, иммунологиялық және гематологиялық анализдерді тез анықтайды. Мекеме тізбекті полимеразды реакцияны жасайтын германиялық құрылғылар жүйесімен жабдықталған.

Жаңа аурухананың жабдықталуы шұғыл түрде травматологиялық және хирургиялық көмек беруді кең көлемде көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауруханада жарақат және ортопедия бөлімшелерімен жарақат бекеті науқастарға жедел көмек, ал неврология, ортепедия, травматология бөлімдері науқастарға оңалту емін көрсетеді.

– Қазір дәрігерлер науқасты емдеуден бөлек, әрдайым ізденісте болуы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Осы орайда, аурухана қызметкерлері тәжірибе алмасу, біліктілігін шыңдау секілді семинарларға жиі қатыса ма?

– Біздің дәрігерлер алыс-жақын шетелдерге барып, тәжірибе алмасады. Арнайы бағдарлама да бар. Германиядан, Оңтүстік Кореядан, Польша сынды мемлекеттерден сала мамандары келіп, тәжірибелерімен бөліскен. Айта кетерлігі, біздің аурухана Оңтүстік Кореямен 10 жылдық меморандумға қол қойған. Соған байланысты Кореядан травматология мен ортопедия саласына еріктілер келсе, біздің 3 маманымыз сол жақта біліктілігін арттыруда.

Осының барлығы ауруханаға оң әсерін тигізеді. Денсаулық сақтау саласы жыл санап әлемдік тәжірибелерді үйренуге, заманауи қондырғыларды меңгеруге ден қоюда. Бұл орайда біздің де жеткен жетістігіміз аз емес.  Болашақта да облыс, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін мамандарымызды оқытып, білімін жетілдіруге күш саламыз.

– Мекемеде маман тапшылығы қандай деңгейде? Жас дәрігерлерді тарту бағытындағы жұмыстар жайлы айтсаңыз?

– Мекемеде терапевт, анестезиолог, травматолог жетіспейді. Жыл сайын бос жұмыс орын жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандарды жұмысқа шақырамыз. Семей, Қарағанды, Алматыға барып, ұстанымдарымызды айтып, ауруханамызбен таныстырамыз. Операциялық бөлімді, жаңа технологияны көргенде «Неге бармасқа?» деген ойдың жетегінде ғана қалып қояды. Одан қалса, жас мамандардың талаптары жоғары. Жастар бірден тұрғын үй, жоғары айлық сұрайды.

Медицинаға келетін адам өзін-өзі дайындауы керек. Уақытының барлығын ауруханаға арнаса ғана мықты маман болып шығады. Мысалы, әйел хирургтар неге аз? Өйткені, әйел заты ошақ қасында, бала тәрбиесіне көңіл бөлуі керек. Аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағатыңды алатын жұмыспен үйлестіре алмай жатады. Мықты әйел хирургтар аз болады.

Бүгінде барлығына дәрігер кінәлі деген түсінік қалыптасқан. Келушілер шағым көп айтады. Тіпті, кезекте 10 минут отырып қалғанның өзін мәселе етіп көтеріп, әлеуметтік желіге жариялайды. Осындай қысым болғанда медицинаға кімнің жұмысқа келгісі келеді? Сондай-ақ, биыл біздің мекемеде болашақ дәрігерлер интернатурадан өткен. Алматыдағы жоғары оқу орындарынан 30-дан аса білімгер келді. Жастардың барлығы болашағынан зор үміт күттіреді. Талпыныс болғанымен, тұрмыстық сұраулар қол байлайды. Дегенмен, қолымыздан келгенше сапалы қызмет көрсетуге тырысып жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан - Еңлік ҚАБДЕШ