"ДЦП" ДЕРТІН МЕЙІРІМДІЛІК ЕМДЕЙДІ

Уақыты: 17.06.2019
Оқылды: 3288
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Райымбек ауданында көптеген игі шаралардың ұйытқысы болып жүрген «Ұлағатты ұрпақ» жобасы маусым айының 28-нші жұлдызында Қарасаз ауылының ауруханасында сал ауруына шалдыққан (ДЦП) және ерекше туған балалар үшін «Мейірім» атты шағын орталық ашуды жоспарлап отыр. Бұл жобаны іске асыруға не түрткі болды? Енді осыған аз-кем тоқтала кетейін.

«Жол азабын жүрген біледі», – дегендей, әркім өз басынан тағдыр тауқыметін өткізбейінше басқа адамның қайғы-мұңын сезіне білуі өте сирек жағдай ғой. Мен де анамын. Менің де балам ерекше боп туылды. Балам қанша ауырса да, мен әрдайым балама сау баладай қарайтынмын. Балалармен араластыруға тырысатынмын. Бірақ біздің қоршаған ортаның ерекше балаларды қабылдауы өте қиын ғой. Біреуі күліп саусақпен көрсетсе, біреуі жаны ашып аянышпен көз салады. Сондай кездерде баламның жанарындағы жасын көріп, өзім де баламмен бірге жылаған кездерім болды. Оңалту орталықтарына барып тегін лфк, массаж алу үшін айлап кезекте тұратынбыз. Сондағысы он-ақ күн ем шараларын жүргізеді. Ал ДЦП балалардың аяқтарына тұрып кету үшін, үздіксіз лфк, массаж керек. Бала одан кейін қайтадан екі-үш айлап үйде жатады.

Бір күні арнайы жүрмейтін балаларға арналған ішінде барлық ем түрі бар Алматы қаласында «Мейірім» деген балабақша ашылғанын естіп қуанып, баламды сол балабақшаға апарғым келді. Барып едік: «Сіздің балаңызда судороги және де психикалық ауытқулары бар, біз балаңызды алмаймыз, басқа балаларға қосу қауіпті», - деді. Мен: «Жоқ, балам ондай емес, ол бәрін түсінеді, ол араласып ойнап кетсе тез үйренеді», - деп баламды ақтап жатқаным сол еді, балам біздің әңгімемізді сезді ме білмеймін, тексеріп отырған дәрігердің шашынан жұлып, бас салды. Дәрігер сұмдық шошынғандай «мынандай баланы мүлдем алмаймыз» деп баламды сондай қорқынышты, қауіпті адамдай жүрегіме бататын сөздер айтып шығарып салды. Баламды құшақтап ол жерден де шықтық. Шыға салып қатты дауыстап бір жылап алып, көзімнің жасын сүрттім де, жасап жатқан мейірімдерің осы ма мен сендерге әлі көрсетемін, осындай бір орталық өзім-ақ ашып аламын деп өзіме сөз бердім.

Содан Алланың қалауымен «Ұлағатты ұрпақ» тәрбиелеу жобасына келіп, өз ұсынысымды айттым. Бәрі бірден мені қабыл алып, көмек қолын созып, жобаның жұмыстарына бірден кірісіп кеттік. Жоба басшылары ақылдаса келе облыс, аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдың балаларына ашуды ұйғарды. Бұған мен де шамам келгенше қол ұшын созуды ұйғардым. Себебі, былтыр қыста баламның дәрісі тендер кешігіп, үш айға берілмей қалды. Бір дәрі қырық мың теңге тұрады, сол кезде ерекше күтімді қажет ететін аналардың «WhatsApp»-та тобы бар болатын, шырылдап бір-бірімізбен дәрілерімізді сол жерде бөлісе бастадық.

Сол уақыттан бастап басқа аналарды да ойлайтын болдым. «Біз жарайды қалада тұрамыз, интернет бар, ал ауылды жерде ата- аналардың жағдайы қалай екен?» - деген сұрақтар мазалай бастады. Сұрағыма жауапты осы жобадан таптым.

«Ер туған жеріне» дегендей «Ұлағатты ұрпақ» жобасының жігіттерінің өздері туып-өскен ауданының балалары үшін барын сап, жүгіріп жүргенін көріп, солармен бірігіп жұмыс істеуге шешім шығардым. Осы жолда аудандағы барлық ерекше туған балалар туралы мәлімет жинақтап, зерттедік. Сонда байқағаным, ауылдағы ерекше туған балалардың басым көпшілігінің жағдайы шынымен алаңдатарлық. Бұл жағдайды көріп тұрып, бей-жай қарауға болмайды. Аллаға шүкір, аудан орталығында арнайы орталық ашылып, өз жұмысын өте жақсы істеуде. Бірақ көптеген ата-ана үмітсіздікке салынып кеткен екен. Емдетуге, оқытуға аса ынталы емес. Соларға бір үміт сыйлайық деп аудан орталығынан алыстау жатқан қасиетті Қарасаз ауылын таңдап алдық. Оның үстіне Қарасаз бен көрші жатқан Шалкөде ауылдарында ерекше туған балалар саны көбірек.

Қарасаз ауылындағы кабинетті ашудағы басты мақсатымыз - балалар үйде зерігіп жатпай, бір-бірімен араласып, жалғыз емес екенін түсініп, сабақ оқып үздіксіз лфк, массажын алып тұруға мүмкіндік жасау. Арнайы жабдықталған душ кабинеттерін де жасап қойдық. Сол жерде үйлерінде жуынатын жері жоқ балаларды жуындарып алса дейміз.

Бұл идеяны іске асыру үшін біраз жұмыс атқарылды. Ең алдымен ауыл-ауылдарға барып, әр баламен танысып, мерекелерімен құттықтап шықтық. Оңалту орталықтарына барып ем шараларын қабылдап жатыр ма? Мемлекет тарапынан қандай көмек берілуде? Сол жайында мәліметтер жинадық. Керек жабдықтарын барынша алып беруге тырыстық. Балалардың ауру түріне байланысты сауалнамалар дайындап, үш топқа бөліп, екі-үш ауылға ортақ он шақты балаға ыңғайлы жерден ЛФК ойын кабинетін ашсақ деп шештік. Қарасаз ауылында ашылғалы отырған кабинет сөзден іске көшкен әрекетіміздің жемісі.

Алдағы уақытта жобаға байланысты көптеген жоспарымыз бар. Алға қойған мақсаттарымыз да аз емес. Алла қаласа, әр облыстан кем дегенде он кабинет ашсақ деген жоспарымыз бар. Әр баланың қоғамға керек екенін сездіріп, қадам басып, үлкен белестерге жетуге қол ұшымызды берсек дейміз. Мұндай ауқымды іс-шаралар бір адамның бастауымен іске аспайды. Көптің қолдауымен үлкен нәтижеге жетуге болады.

Осы ойымызды іске асыруға көмектескен «Ұлағатты ұрпақ» жобасының барлық мүшелеріне, Алматы облыстық денсаулық басқармасына, Райымбек ауданының әкімшілігіне, аудандық аурухана ұжымына, аудандағы барлық әлеуметтік қызметкерлерге, Қарасаз ауылының ауруханасына және демеушілік жасап жатқан барлық азаматтарға ерекше рахмет айтқым келеді.

Назерке ӘКІМХАН,

«Ұлағатты ұрпақ» жобасының мүшесі