БАЛАЛАР ДЕМАЛЫСЫН ҚАРЖЫЛАЙ ДЕМЕУШІЛЕР КӨП

Уақыты: 24.06.2019
Оқылды: 1362
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

№3 орта мектептің мәжіліс залында Қапшағай қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жаз кезіндегі балалардың демалысы төңірегіндегі мәселелерді қамтыған семинар өтті.

Басқосуға қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлзада Майлыбаева, қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысы Елдар Малыбаев, қалалық полиция бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Әсем Кәрібаева, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Лариса Ролдугина, қала мен аймақ мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар мен психологтар қатысты.

Семинар барысында алғашқы сөз кезегін алған қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлзада Майлыбаева маусым-тамыз айларында жазғы демалыс және жұмыспен қамтуды ұйымдастыру барысында қала мен аймақтың білім беру мекемелерінен қалалық білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес, 1-10 сыныптардан 10635 оқушы қамтылатындығын, олардың ішінде, 6152 оқушы жазғы демалыспен, 4979 оқушы жұмыспен қамтылатындығын баяндады. Қапшағай су қоймасы жағалауындағы «Күншуақ» лагерінде жергілікті бюджет есебінен 100 баланы және демеушілер есебінен 200 баланы демалдыру жоспарланып отырғандығын, мектеп жанындағы тамақтандырылатын демалыс лагерлерінде 3515 оқушы, тамақтандырылмайтын дәл сондай лагерлерде 3915 оқушы жазғы демалыстарын өткізетіндіктерін мәлімдеді. Сонымен бірге 4018 оқушы жазғы демалыс кезінде жұмыспен қамтылатындығын, салауатты өмір салтын жүзеге асыру бағытында №2 гимназия, №4 және №6 орта мектеп оқушылары демеушілер мен ата-аналар тарапынан еліміз бен шетелдегі санаторийлерде тынығуды жоспарлауда екендігін тілге тиек етті.

Келесі кезекте Елдар Малыбаев өрт және суға шомылу қауіпсіздіктерін жиналғандардың қаперлеріне салса, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Лариса Ролдугина лагерлердегі ас мәзірлері, гигиеналық талаптар, ондағы медицина қызметкерлерінің қандай жұмыстар атқаратындықтары жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, қалалық полиция бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Әсем Кәрібаева сөз алып, жасөспірімдер арасында қылмыстың азаймай отырғандығына алаңдаушылық білдіріп, ағымдағы жылы 9 ата-ананың жауапкершілікке тартылғандығын айтып өтті.

Одан кейін «Күншуақ» лагері меңгерушісінің орынбасары Еркебұлан Есенаманов лагердің жөндеу жұмыстары бітіп, балаларды қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Әрі қарай жалғасқан семинарда Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектебінің педагог-психологі Анна Чернышова және №12 орта мектептің педагог-психологі Рысгүл Барысова тренинг өткізді. Іс-шараны қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлзада Майлыбаева қорытындылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Қапшағай қаласы