МЕДИЦИНА САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУ

Уақыты: 23.07.2019
Оқылды: 1997
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Брифингке Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалының директоры Наталья Усентаева және орынбасары Біржан Байжанов қатысты. 

Алғашқы сөзді филиал директоры Наталья Усентаева алды. 
– Біздің міндетіміз – Алматы облысындағы барлық медициналық орталықтарды ақпаратпен қамтамасыз ету. Барлықтарыңызға белгілі, 2020 жылы Міндетті әлеуметтік сақтандыруға толықтай көшеміз. Соның өзінде 112 мың қала тұрғыны әлі тіркеуге тұрмаған. Мұның барлығы ертеңгі күні тұрғындардың медициналық көмек ала алмауына әкеледі. Айта кетерлігі, басқа қалада тіркелсеңіз де жұмыс орныңызға байланысты емханаға тіркелуіңіз қажет. Бұл сіздің алдағы уақытта еш қиындықсыз көмек алуыңызға септігін тигізеді, – деп ол міндетті әлеуметтік сақтандырудың артықшылықтарын баяндады. 
Сөз кезегін алған директордың орынбасары Біржан Досымханұлы медицина саласын ақпараттандыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 2020 жылға дейін электрондық денсаулық сақтау тұжырымдамасы бекітіліп, электронды паспорт енгізілген. Бұл жөнінде спикер: 
– Электронды денсаулық паспортында сіздің аты-жөніңізден бастап қай уақытта қандай ем қабылдағаныңызға дейін барлық ақпарат қамтылатын болады. Бұл жағдайды жүзеге асыру үшін жеке кабинет ашылады. Сондай-ақ, байланыс құралы арқылы пациенттің денсаулығын алыстан бақылау режимі іске қосылады. Бүгінде 22 портал аталған бағыттар бойынша жұмыс істеуде, – деді. 
Брифинг барысында "Электронды үкімет" порталында азаматтарға арналған «Денсаулық сақтау» бөлімі бойынша 30-ға жуық медициналық қызмет түрі жұмыс жасап тұрғандығы, дәрігердің қабылдауы және дәрігерді үйге шақыру қызметін қолдану жайлы сөз қозғалды. Сондай-ақ, медицинаға қатысты, оның ішінде наркологиялық немесе психоневрологиялық  мекемелерде тіркеуде бар-жоғын анықтайтын анықтама, портал арқылы жатқызу, сіздің жарнаңыздың төленгенін немесе төленбегендігі жайлы ақпаратты білу, медициналық мекемеге тіркелу қызметі қарастырылған.  Тіркелу үшін тек ғана сіздің жеке куәлігіңіздің нөмірі  жеткілікті.  Сонымен қатар, жыл сайын қыркүйек-қазан айларында сіз өзіңіз емделуді қалайтын орталықты таңдай отырып, өзгерте аласыз. Шара соңында баяндамашылар Талдықорған қаласы бойынша 6, оның ішінде қалалық 1 және 2 емхана, «Хақ»,  «Нур-Авиценум», «Құрақты» сынды медициналық орталықтардың жұмыс жасап жатқандығын тілге тиек етті. 

Аймарал ОМАР
Сурет ғаламтордан алынды