ШӨППЕН ЕМДЕЙТІН ШИПАГЕР

Уақыты: 23.07.2019
Оқылды: 2871
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазір қоғамда ақшадан гөрі сапалы кадр мәселесі өзекті. Әсіресе, денсаулық саласында. Жаны қиналғанда адам кез келген ақыны төлеуге даяр. Бірақ сол шығарған ақшамыз кейде босқа кетіп жатады. Өйткені, маман деп барғанымыз дұрыс диагноз қоя алмай, негізсіз ем тағайындап, босқа әуре-сарсаңға түсіреді. Соның кесірінен ақшалай шығындалып, алтын уақытыңызды текке жұмсайсыз, ал дертіңіз зорая береді. Ақырында ағайын-туыс, жақын-жуықтарыңыздан: «Қай жерде дұрыс дәрігер бар?» – деп сұрайсыз. Бұл ретте мен өз тәжірибеммен бөліссем деймін.

«Жедел жәрдем» үш рет қайтарды

2009 жылы күйеуім үш күн қатарынан жерге домалап, үш рет "жедел жәрдем" көлігімен облыстық ауруханаға барды. Үш ретінде де, жарықтықтар, ауруды басатын дәрі салып, кері қайтарып жіберіпті. «УЗИ-ге» түсіру, анализ алу, тағысын тағы дегеннің ешқайсысын жасамаған. Жақында ғана босанып, әңкі-тәңкі күйде отырған менің назар аударуға мұршам болмады. Тек төртінші күні ғана бүк түсіп жатып қалған күйеуіме: «Жүр, Нұргүл тәтеге барамыз!» – деуге шамам жетті. ҚР Халық және рухани емшілер мекемесінің вице-президенті болған, қазіргі Өтейбойдақ атындағы емдеу-сауықтыру орталығының басшысы Нұргүл Өтебаеваның аты сол тұста кеңінен таныла бастаған.
Такси ұстап, тура "Саяхаттың" жанындағы үйіне бірден тарттым. Күйеуімнің анализін көрген ол кісі бірден: «Бүйрегінде үлкен тас болған, сол екіге жарылып, біреуі зәр жолына тұрып қалған», – деді қолмен қойғандай. Сөйтіп, өзі әзірлейтін шөп тұнбасын берді де: «Осыны бір күн ішсін, болмаса қинамай, отаға жатқыз!» – деп тапсырды. Ертеңінде таңертең ұйықтап жатсам, күйеуім үйге тапырақтап жүгіріп кірді. «Не болды?» – десем. «Түсті ғой», – дейді қуанышы қойнына сыймай. Менің де уайымым сейіліп сала берді. Өйткені, түні бойы: «Құдай-ай, отаға түссе не болады? Ол сәтті бола ма? Пышаққа түскен деген оңай ма?» – деген сұрақтар мазалап, ары-бері дөңбекшіп, таңға қарай көзім ілініп еді. Міне, осылайша бір мәселеміз шешіле қалды.

Гайморит болмай шықты

Тағы бір ретте колледжде оқитын қайным: «Апай, мына мұрынды тестірсек, тестірейікші», – деп келіп тұр. Дәрігерлер оған гайморит деген диагноз қойып, тестіруге кеңес берген екен. «Тескені несі?» – деп бір қойғанбыз. Ақырында сол дерттен әбден мезі болған қайным: «Сабақта мұрнымды тарта бергенге, сіңбіргенге ұяламын, осыны бірнәрсе қылайықшы», – дейді. Содан қаланың ортасындағы диагностика орталығындағы рентгенге түсірдік. Тағы да "гайморит" деген диагноз қойылды. «Мұрынды тестіруге үлгерерміз, одан да рентген қағазын Нұргүл тәтеге бір көрсетейікші» – деп сол арадан емшінің үйіне тарттық. Бір ерекшелігі, «УЗИ», рентген қағаздарын жақсы оқи алатын ол кісі диагнозды нақты қояды. Бірден: «Мынау гайморит емес!» – деді рентген қағазын көкке көтеріп. Сөйтті де қайнымнан: «Шекеңді қатты бірдеңеге соғып па едің?» – деп сұрады. Ойланбастан сақ етіп жауап берген оның сөзі:
– Иә! – болды. – Екі жыл бұрын суға секіргенде шекем тасқа соғылған, содан бастап осы гайморит пайда болды.
– Шекеңді қатты соққандықтан мұрын тамырлары жарылып, зақымданған. Бірақ қан сыртқа шықпай, іште қалып қойған. Сондықтан мұрныңның маңайын шикілі-пысылы жұмыртқамен бас, содан соң мына жақпа маймен сүрт! – деп өзі әзірлеген қоспа майды берді.
Ертеңінде түсте: «Апай!» – деген қайнымның даусы шықты жуынатын бөлмеден. Барсам: «Мынаны қараңыз!» – дейді. Қол жуғышқа кесек-кесек ұйыған қан түйдек-түйдек күйінде түсіп жатыр. Шошып кеттім. «Мынаның бәрі қайдан шығып жатыр?» – деймін таңғалып. Содан не керек, қайнымның мұрны жазылып, көзі шайдай ашылды. Ештеңесін тестірген де, кестірген де жоқ. Ара-тұра: «Апай, ол кісіге неге баяғыдан апармағансыз?!» – деп қояды назданып.

Мың дертке дауа 

Айтқандай, баламды сол кісінің араласуымен дүниеге әкелгем. Зобым бар болғандықтан гормондар менде үнемі «ойнап» тұрады. Мұндайда дәрігерге барсаңыз гормоны көп дәрі ішуге кеңес береді. Одан бір жағынан қорқасыз. Өйткені, гормон дәрісі түрлі ауруды қоздырып, қабындырып жібереді. Ал түйіршік дәрісіз де гормонды қалыпқа келтіруге болатынын Нұргүл тәте арқылы ұқтым. Науқасты өзі әзірлейтін шөп дәрілерімен емдейтін ол кісі, қазіргі тілмен айтқанда, фитотерапевт.
Бүйректегі, өттегі тас пен құмды түсіру үшін шабандоз шөбінен, дене аллергиясына сүйелшөп сығындыларынан, зобқа көк грек жаңғағынан, жатыр ауруларына қалақай шөптен әзірлеген дәрілік тұнбалары бар. Бұл – менің есіме түсіп отырғаны. Одан басқа да дәрілері көп. Бұл жағынан талай ғылыми еңбек қорғаған Нұргүл Құдайбергенқызы алыс-жақын шет мемлекеттерде шөп дәрісі бойынша ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, өз ісінің үздігі екенін растайтын бірқатар сертификат иеленіп, Шығыс медицинасын меңгерген академик.
61 жастағы Нұргүл Өтебаева  қасиетпен бірге медициналық білімді де меңгерген. Көбіне өзін дәрігермін деп таныстырады. Ал емшілік қыры туралы көп айтқанды қаламайды. Әйтпесе, ол кісі Нарынқолдың тумасы, атақты әулие Райымбек батырдың тікелей ұрпағы. Бабадан балаға мұра болып берілетін емшілік қасиеті басым Нұргүл Құдайбергенқызының елге сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, «Жетісу» газеті арқылы дәрігер-емші Нұргүл Құдайбергенқызына шексіз алғысымды жеткізгім келеді.

Кәмшат САТИЕВА