ҚЫЗЫҚТЫ ФЕСТИВАЛЬ: ЖҮЗ ЖАСТЫ ТОЙЛАУДЫҢ КЕПІЛДІГІ

Уақыты: 22.09.2019
Оқылды: 1183
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Б.Момышұлы атындағы № 35 орта мектеп-гимназиясында «Белсенді ұзақ өмір – жүз жасты тойлауға кепіл» атты «Денсаулық – 2019» фестивалі өтті.

Оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен өткен шараның басты мақсаты – балалар денсаулығын сақтау және нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау.

Шара барысында Б.Момышұлы атындағы № 35 орта мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Елібаева сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Осыдан кейін жарыс басталды. Бұқаралық спорт түрлерінен өткен дода тартысқа толы болды. Оқушылар мен ата-аналар барын салып өнер көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Ауылдың үлкен-кішісі белсенділік танытқан игілікті шара республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында «Жүректен-жүрекке» атты ұранмен өткен қайырымдылық жәрмеңкесімен жалғасты. Жәрмеңкеге оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар да ұйымшылдықпен атсалысты. Әр сыныптың оқушылары үйден өздері пісіріп, дайындап әкелген тағам түрлері мен тұрмыстық бұйымдарын саудаға салып, одан түскен қаржыны қорға өткізді. Сөйтіп, «тамшыдан теңіз құралатыны» тәрізді, тиыннан жиналған теңгеге әр сыныптағы әлеуметтік жағдайына байланысты көмек қажет ететін оқушыларға керекті киім-кешек пен оқу құралдары сатып алынбақ.

Гүлзира ИСАБЕКОВА,

Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі

Бірлік ауылы,

Талғар ауданы