АУЫРМАСЫН ЖҮРЕК, АУЫРМАСЫН: КАРДИОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНА - 20 ЖЫЛ

Уақыты: 27.09.2019
Оқылды: 2352
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыстық кардиология орталығының құрылғанына 20 жыл толуына орай І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ақ халатты абзал жандар басқосты.

1999 жылы 12 тамызда құрылған облыстық кардиология орталығы 20 белес ішінде ауыз толтырып айтатын жағымды жаңалықтарға қол жеткізді. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, елімізде кардиология орталықтарын ашу сонау 1976 жылда бастап қолға алына бастаған. Орталық тек үлкен қалаларда бой көтергендіктен, дертіне дауа іздегендер жоғары институттарға баратын еді. Енді, міне, облыс орталықтарында ашылған емхана адам жанының арашасы болып келеді.

Иә, сонау тоқырау жылдары Талдықорған қаласында алғашқылардың бірі болып жүрек қан тамырларын емдейтін орталық ашылған болатын. Кейін қаржылық дағдарысқа ұшырап, екі жылдан кейін жабылып қалған. Араға аздаған уақыт салып 1999 жылы қайта түледі. Шарада жетістігі көп орталыққа дән риза азаматтар өз-естеліктері мен бөлісті.

Кардиология орталығының басшысы Рахымберді Сұлтанбековтің сөзіне сүйенсек, алғашқы жылдары небәрі 80 орынмен ашылған емдеу мекемесі жыл санап қарқынды дамып келеді. Сол кездегі бюджеті 50 млн. теңгені құраса, қазір 1,5 миллиардқа жеткен. Бүгінгі таңда жаңа технологиямен жабдықталып, соңғы үлгідегі емдеу аппараттары алынған. Бұрындары жүрегі ауырған тұрғындар ем іздеп, республикаға болмаса шет ел асып жататын. Қазіргі уақытта күрделі ота өзімізде жасалуда. Осындай күрделі істің арқасында жиырма жыл ішінде жүрек ауруынан көз жұмған адамдардың көрсеткіші үш есеге дейін азайған.

«Бұл біздің жиырма жыл ішінде жеткен жетістігіміз», – дейді орталық басшысы Рахымберды Түрегелдіұлы. Расында да қазіргі уақытта білікті мамандармен қамтылып, заман талабына сай қызмет көрсете алатын орталыққа тұрғындардың барлығы риза. Оны осы ғылыми-конференция барысында байқадық.

Салтанатты шараның басы арнайы дайындалған бейнеүзікпен басталды. Мұнда орталықтың 20 жылда жүріп өткен жылнамасы баяндалып, емделіп шыққан тұрғындар өз ойларын ортаға салды, ыстық ілтипаттарын айтты. Одан кейін ортаға қадірменді қонақтар шақырылып, орталықты мерекесімен құттықтады.

Бірінші болып облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізіп, денсаулық саласында істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде, аймақ басшысы кардиологиялық орталыққа үлкен қолдау көрсетіп отырғанын  тілге тиек етті.

Бұдан кейін Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Аманғазы Шегіров шығып, қиын кездерді еске алды. Орталықтың қалай құрылғанынан бастап, бүгінгі жетістігіне дейін саралап өткен ол орталық басшысына өз алғысын жеткізді. Ғылыми зерттеу институтының Құрметті директоры, ҚР Кардиологтар қауымдастығының Құрметті президенті Армен Рысмендиев шығып, құттықтау хатын табыс етті.

Салтанатты шараның екінші бөлігі ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты. Конференцияда білікті мамандар өздерінің біліктілігі мен шеберліктерін денсаулық саласындағы, науқастарды емдеу жолындағы жаңаша ізденістерімен таныстырып, өз ойларын ортаға салды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды