ТЕКСЕРІЛІҢІЗ: СҮТ БЕЗІ ҚАТЕРЛІ ІСІГІ ЕРКЕКТЕРДЕ ДЕ КЕЗДЕСЕДІ

Уақыты: 16.10.2019
Оқылды: 2789
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазіргі таңда әйелдер арасында кездесетін сырқаттардың ішінде кең тараған ісіктердің бірі – сүт безі обыры. Бұл жерде қатерлі ісік сүт безінің тінінде өсіп, қатар жатқан ағзаларға және басқа да мүшелерге метастаздарын жіберіп жатады.

Жер шарында тері обырынан кейінгі екінші орында тұрған ісік – ол сүт безі обыры. Бұл ісік тек  әйелдерде ғана емес, ерлер ағзасында да тіркеледі (шамамен 1%).

Сүт безі обырын анықтау тәсілдері қазіргі таңда дамыған медицина үшін түк емес. Дер кезінде анықтаса, бұл сырқат тез емделеді.

Сүт безі обыры – бұл не? Бұл – таралуы бойынша екінші, әйелдер арасындағы ісік ауруларының алдыңғы қатарында тұрған ауру! Өкінішке қарай, әрбір 20-сыншы әйел адам сүт безі обырына ұрынады екен.

Қатерлі факторлардан бөлек, тұқым қуалау да сүт безі обырына тән. Егер сіздің анаңыз немесе апаларыңыз осы сырқатпен ауырса, сізде осы ісік пайда болуы ықтимал және ол қатер 43%-ға өседі.

Жыл сайын 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйел адамдар 4 жыл сайынғы жиілікпен сүт безі обырының алдын алу, ерте анықтау мақсатында маммографиядан өтіп отырады, осы себептен сізді учаскелік медицина қызметкерлері шақырса, міндетті түрде  сүт безі обырына тексеріліңіз.

Сүт безінде қандай да бір патологияның бар екенін анықтаудың ең оңай тәсілі – өзіңді-өзің үй жағдайында тексеру, қарау. Бұл шараны қалай орындау қажет екенін терапевт және гинеколог дәрігері үйретеді. Егер сіз өзіңіздің сүт безінен өзгеріс байқасаңыз немесе сүт безінен шығып тұрған сұйықтық көрсеңіз дереу дәрігерге қаралыңыз. Өз бетімен емделу, ұялшақтық аурудың асқынуына соқтырады.

Тек қана дәрігер сүт безінің ауруын анықтап, дұрыс ем тағайындайды.

А.СМАЙЛОВА,

«Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы» ЖШС дәрігері

Сурет ғаламтордан алынды