БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ: ҚАНТ ДИАБЕТІН ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?

Уақыты: 08.11.2019
Оқылды: 1626
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қант диабеті немесе сусамыр – бұл созылмалы ауру, ұйқы безінің инсулин гормонының жетіспеушілігінен туындайды. Инсулин адам ағзасының әрбір клеткасына тағамнан түскен глюкозаны тасымалдайды және адамды  энергиямен қамтамасыз етеді.

Бірінші типтегі қант диабеті – бұл кезде ұйқы безінің әртүрлі себептерден бета клеткаларының бұзылуынан пайда болады, аталған клеткалар инсулинді туындатады, сондықтан инсулиннің ағзада  жоқ болуына себепкер болады. Бұл диабеттің түрі  адамдарда бала кезде, жасөспірім болғанда жиі кездеседі. Қант диабетіне  бейімділік тұқым қуалайды.

Екінші типтегі қант диабеті – көбінесе 30-40 жастан асқан кезде пайда болады, әсіресе, артық салмағы бар адамдарда жиі кездеседі. Бұл кезде ұйқы безі инсулинді шығарғанымен ағза ол гормонды қабылдамайды, оған сезімталдық  жойылады. Осы себептен қант ағзаның тіндеріне ене алмайды да қанның құрамында көбейеді.

Қант диабетіне шалдыққанымызды қалай  аңғаруға болады? Егер сізде қант диабетіне шалдыққаныңызға күмәнді болсаңыз, өте оңай тест жүргізуге болады. Төменде көрсетілген белгілердің бірнешеуін өзіңізден тапсаңыз, қант диабетіне дереу тексеріліңіз, эндокринолог дәрігерінің кеңесі сізге өте қажет:         

1. Қанша су ішсеңіз де шөліңіз қанбайды.

2. Кіші дәретке жиі-жиі бара бересіз, әсіресе, үйден алысқа ұзап шыққанда қолайсыздыққа ұшырайсыз.

3. Зәрдің кеуіп қалған қалдықтары ішкиіміңізге крахмал тәрізді ұнтақ ізін қалдырады.

4. Ұйқышылдық, әлсіздік баурап алады.

5. Көздің көру қабілеті нашарлап, заттардың сырт пішінін аңғармайсыз, көптеген заттарды тұман арқылы көрінгендей сезінесіз.

6. Алақаныңыз бен табаныңызда жансыздық сезіледі.

7. Бет-әлпетіңіздегі безеулер көбейіп кетеді.

8. Тері қабаты кебірсиді, терідегі жаралар ұзақ уақыт жазылмай қояды.

9. Теріде қышу белгісі, көбінесе төменгі жақтағы ағзалардағы қышу мазаңызды алады.

10. Дене салмағының ешқандай әрекетсіз 3-5 килограмға, одан да артық азаюы.

11. Қанша тамақ ішсеңіз де тоймай қалу, қомағайлық пайда болады, әрқашан аш жүргендей сезінесіз.

Осы аталған белгілердің барлығы дерлік бола қоймайды, бірақ та бірнешеуін сезінсеңіз де дереу дәрігерге қаралыңыз.

А. СМАЙЛОВА,

«Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы» ЖШС дәрігері

Сурет ғаламтордан алынды