"ӨКПЕ-РЕНІШІН БІЛДІРІП ЖАТАДЫ": БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ ДӘРІГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 18.11.2019
Оқылды: 1466
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бір жарым айдан кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеміз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты сөзді күнде айтатын тұрғындар оған дайын ба? Аймағымыздағы медицина саласының осы жүйеге өтуге мүмкіндігі жете ме? Осындай сан сұрақтың жауабын табу үшін Нұр-Сұлтаннан арнайы келген вице-Премьер Бердібек САПАРБАЕВ Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға барды. Алдымен емдеу орталығының операциялық блогын, нысанның техникалық құралдармен жабдықталу деңгейін, емдеу мекемесі базасында ашылған заманауи орталықтың жұмысын көріп шықты. Ондағы мамандармен сөйлесіп, жаңа құрылғылардың жұмысымен танысты.

Кейінгі кезде медицина саласы мамандарының жауапкершілігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Шалғай елді мекендердегі емдеу орындарының сын көтермейтін жағдайларын да жасыра алмаймыз. Алайда Үкімет басшысының орынбасары Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына көңілі толатынын жасырған жоқ.

– Кейде БАҚ арқылы халық медицина қызметкерлеріне деген өкпе-ренішін білдіріп жатады. Дәрігерлердің жұмысы адам өміріне тікелей қатысты. Сондықтан медицина мамандары өз ісіне өте мұқият, асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Мемлекет сіздерге барлық жағдайды жасап отыр. Жалақыларыңыз көтерілуде, ауруханалар озық үлгідегі құралдармен жабдықталған, жұмыс істеуге қолайлы жағдайдың бәрі бар. Мені осы ауруханада ашылған орталықтың диагностикалау, ауруды ерте кезеңнен анықтаудағы рөлі қызықтырды. Талдықорғандағы бұл орталықты өзге облыстарға үлгі етіп көрсету арқылы озық тәжірибе ретінде тарату керек, – деді Бердібек Машбекұлы.

Аурухананың мәжіліс залында облыстағы емдеу мекемелерінің қызметкерлерімен болған кездесуде осы және басқа да мәселелер кеңінен сөз болды.

Кездесуді ашқан облыс әкімі Амандық Баталов алдымен үкіметтік жұмыс тобының Жетісу өңіріне келгендегі мақсаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы негізгі басымдықтарды елге түсіндіру екенін жеткізді.

Мұнан соң сөз алған ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров 2020 жылдан бастап енгізілетін әлеуметтік медициналық міндетті сақтандыру жөнінде кеңінен сөз қозғады. Ол да жаңа жүйеге көшудің техникалық дайындығы жағынан облыстың деңгейін жоғары деп бағалады.

– Адам өзі түсінбеген нәрсені өзгелерге түсіндіре алмайды. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ең алдымен емдеу саласының мамандары жетік білуі керек. Аймақтағы барлық тұрғынды тексеруден өткізу арқылы олардың жалпы сипаттамасын жасаған жөн, – деп әріптестеріне тапсырма жүктеді.

Жиында қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Сәуле Құсмолданова, облыстық кардиология орталығының бас дәрігері Рахымберді Сұлтанбеков және аудан-қаладағы ауруханалардан келген азаматтар жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету үшін бөлінетін қаржы көлемін арттыру, скринингтен өтуге тиіс әрбір азаматты дер кезінде қаралуға міндеттейтін нормативтік-құқықтық құжат қажеттігі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудегі кейбір түйткілдер жөнінде көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

Сұрақтарға толыққанды жауап берген Бердібек Сапарбаев:

- Президенттің Үкіметтің алдына қойған міндеттерінің бірі - денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы көлемін жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына жеткізу. Бұл дегеніміз біліктілікпен емдеу, жаңа медициналық ғимараттар, халықтың өмір сүру жасын ұлғайту үшін жасалатын жақсы қадам. Ол үшін көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуымыз керек, - деп сөзін қорытындылады.

Жаңа жүйеге көшуге облыстағы емдеу саласының қауқары жетеді. Оған өңірдегі денсаулық сақтау саласы бюджетінің 95,2 млрд. теңгеге жеткені дәлел бола алады. Мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғаса бермек.

* * *

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Көксу ауданында болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен, экономикалық даму деңгейімен танысты. Аудандық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Жиынды облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ жүргізіп отырды.

Амандық Ғаббасұлы келген қонақтарды таныстырып, сөз кезегін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВКЕ берді. Өз кезегінде Біржан Бидайбекұлы аудан халқына 2020 жылдан бастап берілетін әлеуметтік көмектің жаңа түрін, мемлекеттік төлем жүйесіндегі өзгерістерді таныстырды.

Елімізде атаулы әлеуметтік көмек келер жылдан бастап жаңа тәсілмен беріледі. Ол бойынша көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау 3 бағытта жүргізіледі. Олар – мемлекеттік жәрдемақы, АӘК көрсету, кепілді әлеуметтік пакет. Айлық табысы аз отбасының әр мүшесіне орта есеппен 10 054 теңге қарастырылған. Осындай бірқатар мәселелерді алға тартып, жаңа жобаны егжей-тегжейлі түсіндірді.

Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары жаңа жүйедегі жаңалықты таныстыра отырып халықты қарқынды еңбек етуге шақырды. Нақтырақ айтқанда, елімізде 448 000-нан аса аз қамтылған, көпбалалы отбасы бар. Оның 60 000-ға жуығы Алматы облысында. Сәуірден бастап қолға алынған бастама АӘК-ті бүгінде 2 млн 300 мың адам алып отыр. Бүгінге дейін қалыптасқан тәртіп бойынша азаматтардың табысы жарты жылда бір рет тексерілетін. Енді үш ай сайын қарастырылады.

- Әлеуметтік саладағы биылғы тағы бір жетістік – халықтың өмір сүру сапасы біршама артқан. Өткен жылмен салыстырғанда біршама өсім бар, – деді өз сөзінде Бердібек Машбекұлы.

Одан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Көксу қант зауытын арнайы барып көргенін айтып, тірлігі қайнаған кешеннің жұмысына оң бағасын берді.

Ауыл тұрғындарымен кездесуге келген Үкімет мүшелері халықтың талап-тілегін де тыңдады. Алаңдатқан мәселелерді түсіндіріп, жол, құрылыс, МӘМС жүйесі жөніндегі сұрақтарға да жауап берді.

Қажет АНДАС,

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы