Болса денің, бойың сау - ақылың сау, ойың сау

Уақыты: 05.01.2017
Оқылды: 3030
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жаңа  айдар: ЖҮЗ ЖАСАҢЫЗ!

Басты байлық – денсаулық.  Әркім өмір сүру салтын дұрыс қалыптастырып, өз  денсаулығына өзі мән беруі тиіс. Сонда ғана  қазыналы қарттарымыздың  қарасы көбейіп, дені сау ұрпақ өрбітеміз.  Қазақстандықтардың басты мәселесінің бірі – тұрғындардың өмір сүру жасын ұзарту.  Бұл орайда,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Медицина ғылымы дамып келеді. Осының арқасында Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 60 жастан 68 жасқа дейін өсті. 2020 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа жеткізу үшін жұмыс істеуіміз керек», – деген еді.  Өзекті іске біз де  үн қоспақшымыз. Ендеше, алдағы жылда газетімізде үзбей беріліп тұратын «Жүз жасаңыз!» айдарынан ұзақ өмір сүрудің  қыр-сырына қанығатын боласыз. 

Болса денің, бойың сау - ақылың сау, ойың сау

Ұзақ жасап, бала-шағасының қызығын көру – кім-кімнің де арманы.  Бірақ көп жасаудың сырын әркім әртүрлі айтады.  Дәрігерлердің сөзіне сүйенсек, кардиолог мамандар таза ауада көп жүр десе, психологтар  күйзеліске берілме дейді. Үлкендер ішімдік ішпе десе, құрбы-құрдасың үшін  сырқаттанбаудың сыры – ойын-күлкіде. Десе де бүгінгі «Жүз жасаңыз!» айдарында салауатты өмiр сүрудiң қағидасын сөзбен емес, iсiмен дәлелдеп жүрген, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановпен сұхбат жүргізуді жөн көрдік. Тағамтанушы ғалыммен екеуара әңгіме  қазақтың қанына қандай азықтың тиімділігі, ана мен бала денсаулығын сақтаудың сыры жөнінде өрбіді. 

– Төрегелді Шарманұлы,  қазақ халқы қалай тамақтану керек? 
– Ата-бабамыз бағзы заманнан өзі жаралған топырақтан өсіп-өнген өнімді ғана тұтынған. Жердің жайын зерделеп, мал өсіруге ерекше мән берген. Төрт түліктің ет-сүтін жыл он екі ай бойы тұтынған.  «Анам барып су алған, әкем атын суарған» деп атамекеннің тау-тасы мен мөлдір бұлағын қастерлеген.  Табиғат тозса  адамзатқа қауіп төнетінін жақсы түсінген.  Сол себепті,  мал өрісін де әлсін-әлсін ауыстырып отырған.   Тұяққа тапталып, тақырланған жерге қайтадан шөп шықпай қалатынын да жақсы білген. Қазақтың тұтынған тағамдарының бәрі қуатты, құнарлы, дәмді әрі иммунитетті көтеретін болған. Қымыз бен шұбатты алыңыз, мың сан ауруға дәру. Ішетін асына ерекше мән берген халқымыз малдың ет-сүтін талғап-таразылап пайдаланған. Мысалы, «Сиыр еті таң ағарып атқанша, қойдың еті ертеңгі күн батқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша» деген  сөз бар.  Халқымыз  жылқы етін астың төресі санаған. Өйткені,  жылқы еті тез қорытылып, асқазанға ауырлық келтірмейді. Оның құрамында  қан айналымын тежейтін холестерин мүлде жоқ.   Бұл туған топырақтың ғана өнімін тұтынып, ұлттық асымызды ғана пайдалану керек деген сөз емес. Көкөніс, жеміс-жидек ағзаның әртүрлі ауруға төзімділігін арттырады. Сондықтан, алма, киви, банан сынды  бақша дақылдарын дастарқаннан түсірмеу керек.   Қазір  жастарымыз пайдасы аз, зияны мол «ішім-жемге» құмар. Құрамы белгісіз шұжықтар мен майлы тағамдар, қауіпті қышқылдары бар газдалған сусындардың «қаны жерге» тамбай тұр. «Кока-кола» мен түрлі атаудағы энергетикалық сусындар адам ағзасынан кальцийдің шығып кетуіне жол ашады. Сүйектің  қуатын төмендетеді. Қол-аяқ шорт сынғыш келеді.  Бір бөтелке сусын 40 түрлі ауру тудыратынын біле жүрген абзал.  Ал ұлттық сүттен дайындалған тағамдар іш-құрылыс жұмысын реттеуге, сүйекті қатайтуға мың да бір ем.  «Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт, несібе деп білген. Ми қабілетінің дамуына бие сүті мен жылқы еті жақсы Әсер етеді. Кальцийге бай мұндай тағамдар балалар мен жүкті әйелдер үшін өте пайдалы. Қазақтың байлығы салт-дәстүрі мен жазылмаған өмір сүру дағдысында.  Халқымыз: «Болса денің, бойың сау – ақылың сау, ойың сау» деген тәмсілді ұстанған.  Бірақ тағамды өмір сүру салтыңа, күн тәртібіңе қарай тұтынған жөн. Ет жегеннің жөні осы екен деп асқазанды майлы аспен кернеп тастаған да дұрыс емес. 
– Астың өмір сүру салтына сай болуы жайлы пікіріңізге  тереңірек тоқталсаңыз?
– Рас, ата-бабамыздың табағы еттен, мұрты майдан ажырамаған дерсіз.   Олар тамақ ішу заңдылығын қатаң сақтаған.  Ішкен асың өмір сүру салтыңа сай болу керек дегенімнің мәнісі, ата-бабамыз мал бағып, үнемі ат үстінде жүргендіктен күш-қуатты көп жұмсаған.  Жұмсалған күштің орнын толтыру үшін құнарлы аспен тамақтануға тура келген. Жаугершілік пен  аңшылықта ішетін астың жөні тіпті бөлек. Үнемі  қозғалыста жүрген адамның ағзасы кез келген асты тез қорытады. Ал қазіргі заманда жастардың көбі кеңседе істейді. Техника мен технологияны басқарумен шұғылданады.  Сондықтан, бүгінгі таңда аса құнарлы тамақты тұтынудың қажеті жоқ. Адамның тұтынатын тамағы, яғни, ішетін асы оның  жұмсаған энергиясына сай болуы тиіс. Сондықтан тамақ ішіп алып, қозғалмай отырып алу ағзаның жұмысына күш түсіреді. Содан барып, жүректі май басады. Семіздік – көптеген дерттің бастауы. 
– Бүгінде балалардың туабітті сырқаты көбейіп келеді.  Осының салдары  анасының жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбауымен де тығыз байланысты ма, қалай ойлайсыз?
– Адамның денсаулығы ананың құрсағында жатқанда қалыптасады. Мысалы, соңғы жылдары нәрестелердің көбі жүрек патологиясымен дүниеге келуде. Мұны дәрігерлер  ата-анасының ішімдік ішіп, темекі шегуімен түсіндіреді.  Менің пайымдауымша,  баланың жүрек жетіспеушілігімен тууы анасының дұрыс тамақтанбауынан. Жүрек-қантамыр патологиясы фолий қышқылының жеткіліксіздігінен ана құрсағында жатқанда  қалыптасады. Бұл дерттен сақтануға салауатты өмір салтын сақтау  аздық етеді.  Дене шынықтырумен шұғылдансам сырқаттан айығып кетемін деу қате ұғым. Сондықтан құрсағында  сәбиі бар ана тамақтануға ерекше мән беруі тиіс. Бұл мәселені мемлекет өз мойнына алуы керек. Зертханада жаңа босанған ананың сүтін тексердік. Нәтижесін  көргенде таңғалдық. Сараптамада барлық ананың сүтінде пестицидтің бары анықталды. Бұл – нәрестенің тумай жатып уланғандығын  білдіреді. Өнімді мол аламыз деп астық алқабын жаппай дәрілеу аурудың тууына негіз.  Қаназдық ауруының көбеюі де табиғаттың азып-тозуымен тікелей байланысты. Ал қаны аз анадан  әлжуаз баланың туатыны баршаға белгілі. Иммунитеті төмен бала кез келген сырқатқа қарсы тұра алмайды. 
– Сіз басқаратын Қазақ тағамтану академиясы балаларға арналған тағамдар шығарумен айналысып жатқанынын естіп, біліп жүрміз. Бала ағзасына  қандай тағамдар пайдалы?
– Ұлттық  тағам дайындайтын өндіріс орнын ашу көптен бергі арманым еді.  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай  бие сүті және жылқы майынан дайындалатын кондитерлік және сүт өнімдерінің орталығы болып саналатын «Тайбұрыл» ұлттық тағамтану орталығы ашылды. Біз қымыздан шоколад жасадық. Себебі, оның құрамында трансмай қышқылы жоқ. Сондай-ақ, балмұздақты әркім жегісі келеді. Бірақ, жей алмайды. Өйткені құрамында 20 пайыз қант бар. Ал біздің жасап жатқан өнімде қант та, трансмай қышқылы да жоқ. Бие сүті ана сүтіне ең жақын тағам. Сондықтан, бие сүтінен йогурт және сүзбе жасадық. Аталмыш өнімдердің құрамында май қышқылдарының зиянды трансизомерлері мүлде жоқ.  Әзірге он шақты түрлі өнім өндіріп бастадық. Сұранысқа орай, ары қарай жұмыс жандана  түспек. Балаларға осындай әдіспен ұлттық тағамдарды жегізе бергеніміз абзал.
   Әркім өз өмірінің қожасы. Сондықтан, ауырсам дәрігер емдеп алады деген түсініктен аулақ болу керек.  Одан да денсаулығыңызды қадағалап, ағзаны уақытында құнарлы аспен қоректендіріп, генмен берілетін сырқаттардың алдын алуға мән берген дұрыс.

Тағамтанушы  Төрегелді Шармановтың ас мәзірі:
Таңғы ас: қияр, қызанақ, тәтті бұрыш және бір шәйнек көк шай.
Түскі ас: үлкен ыдыстағы көкөністер салаты, бірнеше тілік қазы, 1-2 кесе қымыз.
Үзілістерде: Қақталған жемістер, көк шай немесе қымыз.
Кешкі асы: Бұқтырылған көкөністер, 3-4 тілім жылқы еті және үш алма. 

Тақырыпқа орай:

Таудың  ауасы да,  суы да шипа

 Ғалымдар ұзақ жасаушылардың дені тауда тұратынын айтады. Оңтүстік Американың Вилкабамба таулы аймағын жұрт «Жоғалған жұмақ» деп  атайды. Ғалымдардың пікірінше, аймақ тұрғындарының ұзақ жасауына таудан ағатын салқын мөлдір бұлақ негіз. Мұнда жүрек-қантамыр, обыр аурулары   атымен жоқ. 
 Ұзақ жасаушылар тұратын аймақтың тұрғындарын зерттеу барысында олардың ғылым жетістіктерін көп пайдаланбайтыны, қарапайым өмір сүретіні белгілі болған. 
  Тау тұрғындары үнемі ойлы-қырлы жерлермен жүретіндіктен табиғаттың қатаң құбылыстарына төзімді келеді. Жастайынан еңбекпен пісіп-қатқан тау халқы қартайғанша өз аяқтарымен жүріп-тұратындығымен ерекшеленеді. 
 Тауда дүниеге келген сәби сол ауамен тыныс алуға дағдыланады. Салдарынан адам ағзасының төзімділігі артып, өмір жасы ұзарады. 
 Таудың  ауасы ағзаның төзімділігін арттырады. Кәсіби спортшылардың биік таудың басында жаттығатыны да содан.

Гұлжан Тұрсын