Қуаныш қосарланды

Уақыты: 05.01.2017
Оқылды: 1812
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Басымызға бас қосылды. Қарамыз көбейіп, қатарымыз толықты. Қазақ даласы  іңгәләған сәбидің дауысына бөленді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев «Бақытты балалық шақ» жобасы бойынша Талдықорған қаласындағы перинаталды орталыққа барып,  жас босанған аналарды құттықтап, бүлдіршіндерге жөргек сыйлады.  Желтоқсан айының 31-і мен қаңтардың 1-і аралығында  үш ана босанды. Бір қызығы, жарық дүниеге келгендердің үшеуі де қыз бала. 

Палатаға кіргенімізде бүлдіршіндердің  іңгәләған дауысы  көңілге шаттық сыйлап, жүрекке жылылық орнатты.  Аналар бөпелерін құшағына қысып,  көрпемен шақалақтың бет-жүзін көлегейлейді. Әр анаға тән қасиет. Көз тимесін деп сақтанғандықтың белгісі.  Ғалиасқар  Төлендіұлы  жаңа босанған аналарды шаттық күнімен құттықтады. – Амандық болса бүгінгі туған бүлдіршіндер  Тәуелсіздіктің  50 жылдығында  жиырма беске келеді.  Яғни,  ержетіп, елге қызмет  етеді.  Ендеше, мемлекетіміздің  іргетасының мықты болуына еңбек сіңірер ұл-қыздарымыз аман болсын! Балалар  бақытты болу үшін, сіздердің  денсаулықтарыңыз зор болуы керек.  Амандықтарыңызды тілейміз! – деді  ол.  Құшағы гүлге толған аналар да партия жетекшісіне алғысын арнады. Гүлнәр Қайыржан Алғабас ауылының, Қызылтоған елді мекенінен. Бесінші баласына босаныпты.  Бұрын үш қыз бір ұлды өсіріп жатқан ана төртінші  ат  байларды дүниеге әкелді. Гүлнәр:  – әрбір шаңырақ сәбидің күлкісіне бөленсін. Ұрпағымыз  өсіп-өне берсін!  Ел аман, жұрт тыныш болсын, – деген ақ тілегін арнады.  Қыз бала көп туған жылы әлемде бейбітшілік орнайды деген қағида бар.  Бүгінгі үш бүлдіршіннің тууы көңілімізге  сергектік сыйлады.  Халық айтса, қалт айтпайды.  Яғни әр ұлт өз елі, өз жерінде алаңсыз өмір сүреді.  
Облыстық перинаталды орталықтың директоры  Қанат Жұмашевтің айтуынша, соңғы жылдары бала туу саны өскен.  Өткен жылы бала саны  «6130-ға жетіпті. Мұндай  көрсеткіш  бұрын-соңды болмаған екен. Орталық  директоры Қанат  Қалиқанұлы: – 6130 баланың тууын – әйел-аналардың  Тәуелсіздіктің  25 жылдығына жасаған тартуы деп білеміз», – дейді әзіл-қалжыңға сүйеп.  
Иә, қуаныш еселеніп жатыр.  Қазекем жақынын қуантқысы келгенде жақсылығың қос-қостан келсін деп жүрекжарды лебізін арнайды.  Қарамыз сағат санап көбейіп келеді.  Ендеше, жақсылықтың қосақталып келуі  осы емес пе?!  


Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ.