Жаркент – Арасан шипажайы

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 4500
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жаркент – Арасан шипажайының басшыларына облыстың әр түкпірінен келген дария кеуде, тау мүсін қарттардың атынан жүрекжарды алғысымды білдірмекшімін. Қазақта: «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді. Қазыналы қарттарымыз жастық шақтарында еңбектің бейнетін көріп, таңның атысы, күннің батысы, жаздың аптапты ыстығы, көктем-күздің қара суығы, қыстың ызғарлы аязында аянбай еңбек етті. Ол кездің адамдары денсаулықтарын күтіп, жылы киініп, ас-суын уақытында ішуге де мұршалары келмейтін. Батпандап кірген ызғарлы суықтың қартайған шақта мысқалдап шығатыны рас. Жай шықпай жаныңды шырқыратып, өне-бойыңды сырқыратады. Қай жерің ауырса, шыбын жаның дызылдап сол жерде тұрады емес пе!

Міне, осындайда: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деген нақыл еске түседі. Біз үшін жаныңа жай, дертіңе дауа таптырар орын – Жаркент – Арасан шипажайы. Жұбайым Кенжебала Алпысова  екеуміз осында демалғалы бері  ата-апаларымыздың  сауығып, шаттанғандарына куә болып келеміз.  Алғашында таяққа сүйеніп келіп, екі-үш күн араға салғанда жүрістері ширап, өңдері шырайланып  шыға келгенін көріп, қуанып қаламыз.  Былтырға қарағанда, биыл  Арасанның демалушылары көптеген жеңілдіктер мен мәдени іс-шараларды көруге қол  жеткізді. Жүріп-тұруы қиын қариялардың жатын орны, ем алуы, тамақтанатын асханасы хан сарайындай сәулетті ғимараттың ішінде. Демалыс бөлмесінде өз үйіңде жүргендей сезінесің. Ақпараттық жаңалықтарды көру үшін әр бөлмеге телевизор қойылған. «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, тынығушылардың сұранысына орай, арзандау жатын орын да қарастырылған. Биылғы өзгешелік, серуендеуге шығып, демалып, тынығу үшін барлық жағдай қарастырылыпты. Далада ашық спорт алаңы, балалар ойнайтын алаңқай  жарасым тапқан. Жүргіншілер  жолының шеттері қазақи ою-өрнекті тастармен безендірілген. Ата-апалар әуезді әннің ырғағымен ертеңгілік гимнастикаға шығады. Спорт залдың іші – кірсе шыққысыз. Осының бәрі зейнеткер, спорт шебері Адым Сабырұлының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. 
Бас дәрігер Карл аға тамыр ұстап, нақтама қойып, дертке шипа болар ем-дом белгілейді. Алдымен ішер асымыз жайлы айтылады. «Ас тұрған жерде – ауру тұрмайды», – деген мәтел бар. Бес уақыт ас –  әркімнің  денсаулығына қарай беріледі. Қымыз бен айран таңдайыңа тиісімен жаның рахаттанады. Дәмі тіл үйіреді. Құнарлы ас, шипалы емнен кейін Карл ағаның  алтын инесін алсаңыз ағзаның қалыпты жұмыс істей бастағанын сезінесің. Қайырбек пен Алматтың  емдік батпағы, Бақтыгүлдің массажы, Сәуленің ваннасы, Нұрболдың – магнитті кварцы және жылу ваннасының емдік қасиеті зор. Өйткені буындары ауырғандықтан, бел-аяғын тіктей алмай келген қариялардың бірер күнде денесін түзей қалғанын көріп жүрміз.  Арасанның қасиетіне таңданбасқа шара жоқ. Мұнда Қазақстанның  түкпір-түкпірінен келушілерді былай қойғанда, Ресейден ат-арытып жеткен  демалушыларды  көптеп кездестіресіз. Германиядан арнайы келіп демалғандарды да кездестірдік. Өзімізде тәнге қуат, дертке дауа беретін  демалыс аймақтары тұрғанда, жиған-тергенді шашып, шетелдегі демалыс орнына баруды көксейтіндерге таңғаламын. Мұндағы барлық қызметкерлер кішіпейіл. Әкімшілік-басқарушы Ринат елгезек, дархан пейіл, патша көңіл азамат. Біз барып, ем алып жатқан кез, Құрбан айт мерекесіне тұспа-тұс келді. Ертеңгілік асқа  барған кезімізде әр столда жеті шелпек пісірулі тұрды. Барлық демалушыларды Құрбан айт мерекесімен құттықтай отырып,  бабамызға құран бағыштадық. Соңында  Талдықорған қаласынан келген облыстың Сүйінбай атындағы филармонияның  көркемөнерпаздары концерт қойды.  
Шипажайда кеселден айықтырып, дертіңді емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Қызмет көрсетушілердің патша көңілі жаныңды жадыратады. Барған адам қайта айналып соққысы келіп тұрады. Мұның бәрі істі ретті үйлестіре білудің нәтижесі деп білеміз. Сөзімнің соңында демалушылар атынан  Жаркент-Арасан шипажайының ұжымына алғысымды білдіріп, еңбектеріне жеміс тілеймін!
Еділхан Ескелдинов.
Қарашоқы ауылы,
Кербұлақ ауданы.