Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАМБЫЛ АУДАНЫ: КҮРЕЖОЛДЫҢ БОЙЫНАН АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ

Уақыты: 03.01.2020
Оқылды: 376
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

"Алматы – Бішкек" күрежолының бойында орналасқан Тарғап ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Медициналық қызмет көрсететін заманауи емдеу орнына арнайы барып, көптен күткен тұрғындар қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Бағдат ӘЛИЕВ жаңа нысанның лентасын қиды.

Мұнда амбулатория қажеттілігі көптен сезілетін. Оның үстіне көлік ағыны бір сәтке толастамайтын халықаралық "Алматы – Бішкек" күрежолы дәл осы елді мекеннің үстімен өтетіндіктен бұл маң жол-көлік оқиғаларының қауіпті аймағы саналады. Осы олқылықтың орны толтырылғанына тарғаптықтар ризашылығын білдірді. Олар бұған дейін басы ауырып, балтыры сыздаса, осыннан қырық шақырым аудан орталығындағы ауруханаға баруға мәжбүр еді.

Жаңа емдеу мекемесінде халыққа қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Педиатр, қабылдау кабинеттері және алғашқы көмек көрсету бөлмесі, үш адамға арналған төсектік орын бар. Заманауи компьютерлік құрылғы, медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған емхана күніне 25 адамды қабылдай алады.

Ғимарат құрылысы 2018 жылдың сәуір айында басталған. Мердігер мекеме «Құрылыс» ЖШС салған нысанға бюджеттен 244 млн.теңге тартылған. Мұндағы тұрғындар саны 1300-ден асады. Теміржол бойындағы Қопа ауылының халқы да осында қаралады. Республикалық маңыздағы автожолдың осы бөлігінде «жедел жәрдем» қажет болған жолаушыларға да дер кезінде көмек қолын созады.

Жалпы ауданда бүгінде 21 дәрігерлік амбулатория, екі ауылдық, бір аудандық орталық аурухана, 8 фельдшерлік-акушерлік қосын және 28 медициналық пункті жұмыс істейді. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы