"ЕМДЕЛУШІ КӨП": ТАСЖОЛ БОЙЫНДА ДӘРІГЕРЛІК ОРТАЛЫҚ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 14.01.2020
Оқылды: 1489
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет», – деп атап айтқан болатын.

Жолдауда аталған жобаларды жүзеге асыруда аудан көлемінде көптеген жұмыстар атқарыла бастады. Солардың бірі «Жібек жолы» атанған Қорғас – Жаркент тасжолының бойында ашылған дәрігерлік орталық. Онда құрылыс жұмысы аяқталып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіле бастады. Ават ауылында бой көтерген бұл орталық жергілікті тұрғындардың және жергілікті атқарушы органдардың қалауы бойынша салынды.

Округтегі 12 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін бұл орталық 2019 жылдың 1 қыркүйегінен жұмыс істей бастады. Онда 11 адам жұмыспен қамтылған. Техникалық қызметкерлер мен мейірбикелер негізінен ауыл тұрғындары.

Жекеменшік медициналық орталықтың өз қызметкерлеріне де жағдай жасалған. Тұрғындарға есігін айқара ашқан бұл орталыққа емделуші науқастар көптеп келуде. Себебі, Гүлнәр Қалдыбаеваның іс-тәжірибесі мол. Ауруларды жылы шыраймен қабылдап, сапалы қызмет көрсеткені үшін науқас азаматтар алыс жерлерден де келіп, ем қабылдауда.

Бүгінгі таңда орталықты басқарып отырған Гүлнәр Зекенқызы көпжылдық іс-тәжірибесін пайдаланып халықтың сенімінен шығуда.

Жоғары дәрежелі дәрігердің еңбегі бағаланып «Денсаулық сақтау саласының үздігі» деген төсбелгімен марапатталған. Еңбегі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хаты, тағы басқа Құрмет грамоталарымен және дипломдармен аталып өтілген.

Гүлнәр Қалдыбаева ме­­ди­­циналық жаңа технологияларды пайдаланып келеді. Еңбек тиімділігін арттыра отырып, ізденімпаздықпен жұмыс жасауға дағдыланған. Дәрігердің сырқаттарға деген жанашырлық сезімін, ауыл тұрғындарына көрсетіп отырған қызметін нағыз патриотизмге балауға болады. 1962 жылы дүниеге келген Г.Қалдыбаева мектеп бітірген соң Ақтөбе медицина институтына түсіп, оны 1986 жылы педиатрия мамандығы бойынша бітіреді. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасында бастайды.

1989 жылы лор дәрігер мамандығы бойынша жарты жыл тәжірибеден өтті. Одан кейін Алакөл ауданында, 2013 жылдан бері Панфилов аудандық ауруханасында лор дәрігері әрі сурдолог болып қызмет істеген.

Бүгінгі таңда жаңадан ашылған медициналық орталықта жаңа жабдықтармен жұмыс жүргізуде.

Орталықта терапевт, кардиолог, невропатолог, педиатр және ем егу бөлмесі жұмыс істейді. Дәрі-дәрмек сатып алу үшін дәріханасы да бар. Медициналық орталықтың іші жарық әрі таза. Ем қабылдаушыларға барлық жағдайлар жасалған.

Жұмағазы БЕЙСЕБЕК

Панфилов ауданы

Алматы облысы