"ҚАЛАЙ ЖҰҒАТЫНЫ ЗЕРТТЕЛМЕДІ": ҚЫТАЙДАҒЫ ЭПИДЕМИЯ ЖЫЛДАМ ТАРАП ЖАТЫР

Уақыты: 22.01.2020
Оқылды: 880
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қытайда көпшілікті алаңдатып отырған коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 440 адамға жеткені және осы аурудан тоғыз адамның көз жұмғаны расталды. Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік кеңесі баспасөз кеңсесінің брифингінде мемлекеттік гигиена және денсаулық сақтау мәселелері комитеті директорының орынбасары Ли Бин мәлім етті.

«Қазақпарат» тілшісінің мәлімдеуінше, науқастармен байланыста болған 2197 адам оқшауландырылды. Олардың басым бөлігі ауруханадан шығарылды, дегенмен, 1394 адам карантинде.

- 21 қаңтар күні сағат 24:00-дегі жағдай бойынша, 13 провинцияда коронавирустың жаңа түрін жұқтырған 440 адамның тіркелгені және 9 адамның қайтыс болғаны туралы деректер алынды, - деп мәлімдеді Ли Бин.

Баспасөз мәслихатында атап өтілгендей, зерттеу нәтижесі ауру жұқтырғандардың көпшілігі Ухан қаласымен байланысты екенін көрсеткен.

- Вирус қалай пайда болғаны анықталған жоқ. Оның қалай жұғатыны да толықтай зерттелмеді. Вирустың мутацияланып, эпидемияның әрі қарай таралу қаупі бар, - деді Ли Бин.

Осыған байланысты Женевадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда коронавирустың жаңа түрінің таралуына байланысты шұғыл жиналыс өткізбекші. Айта кетейік, 15 қаңтарда коронавирусты жұқтырғандар саны 41 адам болатын, көз жұмғандар екі адам еді. Ал 19 қаңтарда ауруға шалдыққандар саны 200-ге жуықтады, үш адам қайтыс болды. 20 қаңтарда 300-ге жуық адам есепке алынды. "20 қаңтар, сағат 24:00-дегі жағдай бойынша, коронавирустың жаңа үлгісіне шалдыққандар саны 291-ге жетті (270 – Уханда, 5-уі – Бейжіңде, 14-і – Гуандунь провинциясында (Оңтүстік Қытай), екеуі – Шанхайда). Қытайдың 14 провинциясында ауру жұқтыруы мүмкін 54 адам бар», - делінген болатын Қытай ұлттық денсаулық сақтау ісі жөніндегі комиссия мәліметінде.

Пневмонияның өршуіне байланысты Қазақстанның Қытаймен шекараларында, әуежайларда бақылау күшейтілді.

Қытайдың Ухань қаласында жаңа коронавирустық инфекция пайда болып, таралып жатқаны туралы Қазақстанның ресми өкілдері де мәлімдеме жасады. Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми ақпараты бойынша, жаңа коронавирустық инфекцияның 41 жағдайы тіркелген. Оның ішінде, 7 адам ауыр жағдайда болып, 2-уі қайтыс болған. Біздің ұлттық үйлестірушілер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен байланыс жасап отыр. Ухань қаласының муниципалдық басқарма сайтында жаңа коронавирусты инфекцияның 198 жағдайы тіркелгені, оның ішінде, 25 науқас емделіп, 3-еуі қайтыс болғаны туралы жазылған, - деп мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, ол Таиланд, Жапония, Қытайдың Хубэй провинциясында осындай жағдай біреуден тіркелгенін айтты.

- Гонконгта да жаңа коронавирусқа күдікті алты жағдай тіркелді, бірақ расталған жоқ. Біз бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Шекарадан өту орындарында бақылауды күшейттік. Халықаралық әуежайларда қашықтық термометрия жасап жатырмыз. Қазіргі таңда 13 мыңнан астам жолаушы қашықтық термометриядан өтті. Оның ішінде экипаж мүшелері де бар, - дейді ол.

Айта кетейік, Қытайдың бес қаласына Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан тікелей рейстер бар. «Алматыға арнайы теміржолмен келетін жолаушылар да бақылауға алынды. Бортсеріктермен, жолсеріктермен жұмыс істеп, тренинг өткізіп жатырмыз. Себебі, қандай да бір жағдай болса, бізге хабарлайтын солар», - деді Жандарбек Бекшин.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"