"ТӘТТІ ЖЕМЕЙТІНБІЗ": ОБЛЫСТЫҢ БАС КАРДИОЛОГІ ИНФАРКТАН САҚТАНУ ЖОЛЫН АЙТТЫ

Уақыты: 23.01.2020
Оқылды: 1599
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының бас кардиологі Рахымберді СҰЛТАНБЕКОВ жүрек ауруын болдырмаудың жолдарын айтып, инфарктан қалай сақтану керектігі жайында "Жетісу" газеті арқылы көпшілікке кеңес берді. Ол Алматы облыстық кардиология орталығын 20 жылдан аса уақыт басқарып келеді. Содан бері жүрек емдеу мекемесі іс-тәжірибеге көптеген жаңашылдықтар енгізді. Заманауи техникалық аппараттарға қол жеткізді. Мамандар шақырды. Олардың келуіне әлеуметтік жағдайының жасалуына қолдау білдірілді. Бүгінгі таңда кардиологиялық орталық ел бойынша тұрғындарға ашық және жабық ота жасауда алдыңғы қатардан көрінуде. Оның барлығы ұйымдастыру мен талап қою және жұмыс істеуге барынша жағдай жасалудың арқасында қол жеткізген жетістік.

Тоқсаныншы жылдың соңында Талдықорғаннан кардиологиялық орталық ашылды. Онда бар-жоғы үш тонометр және бір ғана ЭКГ аппараты бар еді. Орталық құрылып, мамандар қолда бар құрал-жабдықпен халық денсаулығын жақсарту үшін жұмыс істей бастады. Жүрек дерті оңай-оспақ ем-шараға «көне» қоймайды. Әсіресе, қан-тамыр кеселдері жүректің соғуына тікелей әсер ететін болғандықтан, ішкі ағзаны әбден тексеріп, тамырлардың қан өткізілуіне мүмкіндік жасалуы тиіс. Мұндай күрделі зерттеулер жүргізу үшін арнайы аппараттар керек. Онсыз болмайды. Басшының негізгі міндеті – кәсібін жетілдіру.

Осыны ойлаған Рахымберді Сұлтанбеков заманауи технология мен оларды жан-жақты меңгерген мамансыз істің алға баспайтынын бағамдады. Ал бұл кезде тұрғындар арасында кардиологиялық сырқат көптеп белең ала бастады. Жүрек дерті әлем бойынша ең көп таралған сырқаттардың үштігінің қатарына кірді. Әлем алаңдаған дертті емдеу біздің елді де алаңдатып, ем-дом жүргізу мәселесі мықтап қолға алынды.

2007 жылдың ақпанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектi дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын бекiту туралы» Қаулы қабылдады. Нәтижесінде, орталыққа 340 мың теңгеге аппарат сатып алынды. Облыста бірінші рет тамырға коронография жасалды. Яғни, тамыр ішінің қан өткізу мүкіншілігі тексеріліп, ота жасау қолға алына бастады. Осыныдай жанды бағдарламалардың жүзеге асырылуының нәтижесінде 2012 жылы орталыққа 5 жаңаша білім алған маман шақырылды.

Дәл осы кезде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Амандық Баталов кардиологиялық орталықтың жұмысын жандандыруға бар жағдай жасады. Сол қиын-қыстау кездегі қолдау үшін кардиология орталығының мамандары бүгінгі облыс басшысына әлі күнге дейін алғыстарын жаудыруда. Жылына орталықта кемінде 500- 600 адамға ота жасалды десек, оның барлығы өлім табалдырығынан қайтқандар екенін білуіміз керек. Әр адам отбасының тірегі, арқасүйері, асыраушысы екенін ескерсек, емделген адамдардың соңында қаншама жақын-жұрағаты тілеуін тілеп тұрғанын сеземіз.

Ендеше, орталық қызметкерлерінің жасаған ем-домы, емделушілердің отбасына аман-сау қайтуы баға жетпес қуаныш, байлық. Іс нәтижесін беру үшін жұмыста міндетті түрде тәртіп болуы тиіс.

Орталықтың директоры Рахымберді Сұлтанбеков мекеменің ішкі жұмысын ұйымдастыруға ерекше мән береді. Сырттан келген сырқатты қабылдап алудың өзі мұқият ойластырылған. Мысалы, «Жедел жәрдем» көлігімен жеткізілген адамның жағдайы ауыр болса, ол еденге қызыл жолақ тартылған көрсетпе жолмен арнайы жабдықталған палатаға жеткізіледі. Қарама-қарсы кабинетте дайын отырған дәрігер сырқатты арнайы төсекке жатқызып, бірден аппаратқа қосады. Аппарат бір жағынан оның демалуына көмектесе, екнші жағынан тамырдағы кеселдің қай жерде екенін анықтайды. Яғни, қан түйіршігі немесе тамырдың қай жерде бітеліп қалғанын көрсетеді. Ендігі негізгі міндет – сол жердің қанын жүргізіп, ар жағындағы тіннің жансызданып қалмауы үшін ем жасау.

Егер сырқат – емдеу мекемесіне уақыт созбай келетін болса, тамырға жіберілген сұйықтық тромбты ерітіп жібереді. Нәтижесінде, адам миокард инфарктісінен аман қалады. Миокард инфарктісі дегеніміз – жүрек бұлшық етінің қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуынан онда еттің өлуі, жансыздануы. Бұл аурумен осыдан бірнеше жыл бұрын 40- 60 жастағы ер адамдар жиі ауырады деген мәлімет айтылып келсе, бүгінде сырқаттанушылар жасы жасарған. Сырқаттың емдеудің іс-шарасы 4-5 дәрігердің ақылдасуымен ойластырылады.

Орталықтағы тағы бір ілгерінді іс шалғай елдімекендерде арнайы аппараттың жоқтығына байланысты сырқатқа ем тағайындау немесе орталыққа жеткізіп емдеу мәселесі ойластырылған. Мысалы, облыстың алыс аумағындағы тұрғын инфаркт алу қаупіне ұшыраса немесе инфаркт алса, қандай ем тағайындау керектігін ондағылар облыс орталығындағы кардиология орталығы дәрігерлерімен ақылдасады. Осындай жағдай туындағанда мүгедектіктің алдын алу үшін алғашқы көмек көрсетуге арналған ерітінді бүгінде барлық емдеу мекемелеріне берілген. Ерітінді стенокордия кезінде, яғни, тромб салдарынан қан жүрмей, қол-аяққа қан жетпей қалғанда салынады. Ол қанды сұйылтады. Бұл ерітіндіні қай кезде, қалай қолдану керектігі барлық дәрігерлерге түсіндіріліп, осы орайда кардиология орталығы тарапынан арнайы семинарлар ұйымдастырылған.

Айта кететін бір жай, биыл орталық өзінің 20 жылдығын атап өтті. Мұндай жағдай жиі болмайтындықтан Рахымберді Сұлтанбеков мерекелік шараны пайдалы іспен ұштастыруды жөн көрген еді. Жан-жақтан келген дәрігерлер арасында жүрек дертін жаңаша емдеуге байланысты білікті мамандардың атсалысуымен семинарлар ұйымдастырылды. Жүрекке түскен салмақты емдеушілер бір-бірімен тәжірибе алмасты. Жиырма жылдықтан дәрігерлер қауымы жиырма түрлі жаңалық алып қайтты.

Біз кардиологиялық орталыққа мақала жазу мақсатында барғанымызда мекеме ішілік кеңес отырысы өтіп жатты. Олар жаңадан ашылған оңалту орталығының жұмысын нәтижелі жүргізу жайлы кеңесті. Бір-екі дәрігер Рахымберді Төрегелдіұлының тарапынан сынға ұшырады. Оңалту орталығының жұмысын жандандыру барысында енжарлық танытқандарға істі дұрыс ұйымдастыру жайлы талап қойылды.

Сын түзелмейінше, мін түзелмейтіні анық. Ендеше, директордың кем-кетікті уақытында орнына келтіріп отырудағы әдісі әр басшының бойында болуға тиіс. Оңалту орталығының сырқаттардың қатарға қосылуы үшін атқаратын рөлі зор. Мысалы, жүрегіне ота жасатқан адам бірден тұрып-жүріп кете алмайды. Оған біраз уақыт күтім керек. Ал учаскелік дәрігерлер бұл жағынан толық көмек көрсете алмайтыны анық. Өте күрделі жүрек отасынан кейінгі жай-жапсарды арнайы маман ғана біле алады. Сондықтан, орталықта ем қабылдауға арналған стационардағы 100 төсектің 15-і енді емделушілерге оңалту орталығы ретінде қызмет көрсетеді. Яғни, ота жасаған мамандар ем алушысын бірнеше күнге дейін өздері бақылап, қалыпты жағдайға түскенше көмегін береді.

Рахымберді Төрегелдіұлының ұстанымы – қандай мамандық иесі болсаң да, өз ісіңді жақсы біл! Өзіңе көмек сұрай келген жанға шынайы жәрдем бер. Білмейтін шаруаны мойныңа алма. Мекемедегі мамандарға да осы талапты қойылады. Мамандардың айлығы жақсы. Мысалы, тазалықшылар 100 мың теңгенің көлемінде, медбикелер 200 мың теңгеден аса, ал дәрігерлер 300 мың теңгеден жоғары айлық алады.

Әр дәрігерге 12 адамнан артық сырқат берілмейді. Себебі, ол жүктемеден шаршамай, ем тағайындау мен емдеуде тың мимен жұмыс істеуі тиіс. Ауруханада сырқаттанудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, тұрғын өзінің жүрегінің сыр беріп жүргенін айтып, дәрігерге тексерілуге келді делік. Алдымен оның қимыл-қозғалысына мән беріледі. Шамасы келетін адамға велосипед тепкізіп көреді. Ол белгіленген уақытта алқынып қалса, жүрек жетіспеушілігінің алғашқы белгісі саналады. Ары қарай оның дене бітімі, темекіге әуестігі есепке алынып, нәтиже шығарылады. Инфаркт алуы мүмкін, қатерлі көрсеткіштер байқалған адамдар бірден бақылауға алынады. Қанды сұйылтатын және тамырларының қан өткізгіштігін тексеретін шаралар жасалады.

– Біз бала кезімізде жүгіріп ойнайтынбыз. Тәттінің аз болғандығынан көп жемейтінбіз. Міне, соның арқасында бізде артық салмақ болған жоқ. Жүрек дерті алдымен, ішкен-жеген тамаққа байланысты. Қазақтың «Ауру – астан» деген сөзі рас. Тамақтанып алған соң оны тарқату үшін жүру керек. Дене еңбегімен шұғылданған жөн. Ал бүгінде тәттілер көп. Балалар компьютерде отырып, қасына тәттілер қойып, жеп отырады. Адамның «моторы» жүрек десек, май басқан жүрек жұмысты атқара алмайды. Әртүрлі тағамдар холестеринді көбейтіп, тромбтың пайда болуын туындатады. Жүрек дерті тұқым қуалайтын да сырқат. Сондықтан, ата-анасында осындай кесел болса баласы дәрігердің кеңесіне ерте жүгінгені жөн. Сондай-ақ, көңіл-күйді сақтау керек. Мейлінше, әр нәрсеге күйгелектенбей, жүрекке тыныштық берген жөн, – дейді білікті маман.

– Аурудың алдын алуда салауатты өмір салтын сақтаудың пайдасы зор. Кез-келген дені сау адам күніне 7-8 мың метр жүру керек. Мұнда емдік қимыл-қозғалыстың да шипасы зор. Дене қимыл қозғалысы салмақты азайтуға, жүйке жүйесінің бip қалыпты жұмыс істеуіне, ағзада зат алмасудың жақсаруына көмектесіп, қан қысымының қалыпты болуына оңды әсер етеді. Дене шынықтыру, әcipece, жасы үлкен адамдарға аса қажет. Сырқат бір орында отырып жұмыс істейтіндер мен ой еңбегімен шұғылданушыларға үйір келеді, – дейді дәрігер.

Инфарктың алдын алу үшін алдымен стенокордияны емдеу керек. Стенокордияның алғашқы белгісі: адамның өңеш тұсы қыжылдайды. Бірақ адамдар ауырсынуды әртүрлі сезінеді. Біреу ашыды десе, енді біреу дәрігерге қыжылдады немесе шаншыды деп айтады. Мұндай жағдайда бірден «Жедел жәрдем» шақыру керек. Өйтпеген жағдайда қан түйіршігі тамырды бітеп, тамырдың жалғасы жансыздануы мүмкін. Облыстың бас кардиологы Рахымберді Төрегелдіұлының айтуынша, ауырмаудың жолын іздеу үшжақты негізде іске асырылуы керек.

– Жұмыс беруші, жеке тұлғаның өзі және дәрігер. Жұмыс беруші мамандарының уақытында скринингтік және басқа тексеруден өтуін қадағалап отыруы тиіс. Ал жеке адам салауатты өмір салтын ұстанып, ауырмаудың алдын алғаны жөн. Дәрігер кеңес сұрап келген адамның жағдайын мұқият тексеріп, алдын алу немесе ем тағайындау шараларын жүргізуі тиіс, – дейді ол.

Дәл қазіргі таңда кардиология орталығы үш мәселені шешу барысында жұмыс істеуде. Оның біріншісі, ишемиялық тамыр, яғни, күретамырдың қан өткізуін тексеретін ангиография аппаратының қызметін кеңейту. Ал мұндай аппарат тек кардиологиялық орталықта ғана бар. Бұл аппаратқа инсульт орталығы және нейрохирургия бөлімдері тәуелді. Рахымберді Төрегелдіұлы келісімшарт негізінде нейрохирургия мен инсульт орталығына аталмыш аппарат арқылы қызмет көрсетуді қолға алмақшы.

Бүгінде балалар арасында жүрек ақауымен туып жатқан бүлдіршіндер көп. Олардың жүрегіне ота жасайтын орталықтар Талдықорған өңірінде жоқ. Егер жауапты басқарма рұқсат берсе, қосымша ғимарат салып, жүрек дертіне шалдыққан балаларға ота жасауды қолға алынбақшы. Үшінші мәселе, жүрек ақауы, яғни, жүрегінде тесік бар сырқаттарға көмек көрсету. Былтыр жүрегінде кемістігі бар 4 адамның жүрегіне пластик қойып, яғни, жамап берген. Нәтижесі жаман емес. Ендігі жерде осы емді басқаларға жасауға рұқсат алмақшы.

Атқарылып жатқан жұмыс ұшан-теңіз. Атқарылуы тиістері жоспарда тұр. Рахымберді Төрегелдіұлы білігі мен талапшылдығы және іскерлігі кардиологиялық орталықтың жандануына, елдің сапалы ем алуына оң әсерін тигізуде. Дәрігердің 50 жылдық еңбек өтіліндегі еңбегі еленіп, «Денсаулық саласының үздігі», «Шапағат» медальдарын иеленген. «Алтын жүрек» төсбелгісін кеудесіне жарқырата таққан, мамандығына адал жан. Рахымберді Сұлтанбеков Талдықорған қаласының Құрметті азаматы.

Сөзіміздің соңын жүрейік жүрек ауыртпай деп түйіндегіміз келеді. Ол үшін, әрине, білікті дәрігердің осы мақаладағы ақыл-кеңесін бұлжытпай орындасақ болғаны.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы